«Мүгедектігі бар жандар “мүгедектігін” мойындап, қоғамға шығу қажет»

5510
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылы Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың саны 700 мыңнан асқан. Олардың 59%-ы жұмыс істейтін адамдар болса, ал 15%-ы балалар екен. Әрине, бірі туа бітті кемтар атанса, енді бірі тағдырдың тәлкегін бастан кешіреді. Дегенмен, осындай ортадағы адамдарға қамқорлық көрсету - қоғамның парызы.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамда қандай көмек көрсетілуде? Бұл жөнінде “Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер Ассоциациясы” қоғамдық бірлестігінің қызметкері, мотиватор Айнұр Сырлыбаевамен сұхбаттастық.

- Айнұр ханым, қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бірнеше жоба іске асып жатыр. Солардың бірі - “Тәуелсіз өмір мектебі” жобасы. Осы жобаның басы-қасында өзіңіз жүрсіз. Жоба туралы айтып берсеңіз. Қашаннан бастап іске асуда?

- Иә, бүгінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бірнеше жобалар бар. Мемлекет тарапынан қолдаулар да көрсетіліп келеді. Түрлі жобалар іске асырылуда. Сондай жобалардың бірі - “Тәуелсіз өмір мектебі" жобасы 2010 жылдан бері жұмысын бастап келеді. Бұрын бұл жоба  халықаралық деңгейде өткен. Кейін 2019 жылы елімізде өткен "Ең жақсы әлеуметтік  жоба" конкурсына қатысып, республика бойынша екінші орын, ал Алматы қаласы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ал 2020 жылдан бері Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен “Шырақ" мүгедектігі бар әйелдер Ассоциациясы" қоғамдық бірлестігімен жоба іске асып жатыр.

 Жобаның негізгі мақсаты - мүгедектігі бар кез келген жобаға қатысушыларға ішкі кедергілері мен қорқыныштарын жеңуге көмектесу. Сонымен қатар,  оқу аясында тәуелсіз өмір сүру тәжірибесін алуға мүмкіндік беріледі.

Алғаш 2020 жылдың қазан айының 23-30 күндері аралығында бірлестік Алматы қаласында тұратын 18-40 жас аралығындағы мүгедектігі бар жандар арасында осы, “Тәуелсіз өмір мектебі” жобасын ұйымдастырды. Сол жоба арқылы біршама адамға мотивация беріп, өмірлеріне бағыт көрсете алдық.

- Мүмкіндігі бар жандардың қоғамға араласуына қандай көмек көрсетісіздер? Жоба аясында қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

-  Мүгедектігі бар адамдарға өз қорқыныштарын жеңуге, өзіне деген сенімділігін арттыруға, қабілетін ашып, қоғамда өз белсенділігін арттыруға көмектесеміз.

   Жоба аясында қатысушылар тәжірибелі және креативті жаттықтырушылармен бірге қызықты күндерін өткізеді. Олар тау бөктеріне барып, 7 күн бойы ең мықты тренерлермен жұмыс істейді.

Тренинг барысында бірнеше тақырыптар талқыланады. Олар:

- Адам құқықтары ұғымымен танысып, оларды өз өмірінде қолдану;
- Адамның әртүрлілігі мен теңдігін кемсітпеу;
- Әлеуетті, көшбасшылық қасиеттерді және сыни көзқарасты ойлауды ашу;
- Инклюзивті қоғамда өз бетінше өмір сүру және өзара қарым-қатынас дағдылары.

Міне, осы ауқымды, қоғамда маңызға ие тақырыптарды қамтып, мүгедектігі бар жандарға пайдамызды тигізуге ат салысамыз. Осындай жоба арқылы қатысушылар қоғамға деген көзқарастарын өзгерте алады. Өздерінің мүмкіндіктерін анықтап, бағытын біліп, соған қарай жұмыс істеуге шабыт алады.

- Жобаға қатысушылар көп пе? Қанша жастан бастап қатыса алады?

- Жобаға 18 жастан асқан кез келген мүгедектігі бар адамдар қатыса алады. Келу үшін бар жоғы жеке куәлік пен мүгедектігін растайтын анықтама болса болғаны. Ал жобаға әр ай сайын 16 қатысушыдан қатысып, уақыттарын көңілді өткізіп, өмірлеріне азық болар ақпарат алып қайтады.

Жобаға кез келген тілдегі азамат пен азаматшалар қатыса алады. Себебі, жобамыз екі тілде де жүргізіледі. Қазігі таңда жобаға қатысушылар көбейіп жатыр. Барлығы ынталы, өмірге деген құлшыныстары жоғары.

- Сіздердің жобаларыызға қатысқысы келген адам қалай байланысса болады? Алдымен, не істеу керек?

- Біздің жобаға қатысқысы келетін кез келген адам кеңсеге келсе немесе бірден телефон соқса болады. Жоба ұйымдастырушыларымыз  +7(701)-344-39-01 және  +7(701)-540-44-55 нөмірлеріне байланысқа шықса болады. Әрдайым көмек беруге дайынбыз!

- Мүгедектігі бар жандардың көбісі үйінен шықпайды. Көптің алдынан шығуға ұялып жатады. Тіпті, өмірден түңіліп, ешқандай мүмкіндігім жоқ деп ойлайтындар да бар. Соларға қандай кеңес бересіз?

- Мүгедектігі бар адамдарға айтарым “мүгедекпін” деп үйде отырмай, көңіл-күйді түсірмей, мүгедектігіңді мойындап, қоғамға шығу қажет. Өз-өзіңді дамытып, масылдықтан арылудың жолын іздеп, қоғамға барынша өз үлесінді қос дер едім. Әр адам жеке тұлға. Қандай жағдай болмасын өмірге келген соң бар мүкіндікті пайдалану қажет.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

“Адырна” ұлттық порталы

 

 

Пікірлер