Арон Атабектің қызы Тоқаевтан әкесін ақтауды сұрады

2341
Adyrna.kz Telegram

Арон Атабек тарихта «Шаңырақ оқиғасы» деп аты қалған, полиция қызметкерінің өліміне әкеп соққан көтерілісті ұйымдастырды деген айыппен18 жылға қамауға алынған еді.  Қызы Алма Нутушева темірторда ғұмырының 15 жылын өткізген әкесін ақтап алуды сұрайды. Ол осы мақсатта әлеуметтік желіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап жазба қалдырды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жолдауды тыңдағаннан кейін Мен сіздің елдегі барлық жағдайды жақсартуды көздегеніңізді көрдім.  Мен сіздің бұл бағдарламаңызға Қазақстанның жазықсыз сотталған адамдарын ақтап алуды қосуыңызды  сұраймын»,-деп жазды Алма Нутушева.

Қызының айтуынша, әкесіне тағылған айыптар негізсіз. Әкесінің түрмеден дәрменсіз күйде үйіне оралғанын алға тартқан Арон Атабектің қызы, оның қапастағы 15 жылы азапқа толы болғанын алға тартты.

«Неліктен маньяктар мен кісі  өлтірушілер 20 жылдан кейін дені сау болып шығады? Ал әкемді сонша азаптағандары қалай, енді оны маған кім қайтарады?»,-деп ашынды Алма Нутушева.

Арон Атабек көзі тірісінде шартты түрде босап шығудан бас тартып, толық ақтауды талап еткен еді. Сонымен қатар ол түрмеде отырған жылдары шағымдану құқығынан да айырылған болатын. Қызының сөзіне сенсек, оның хаттары мен шағымдары түрме қабырғасынан әрі аспаған.

Бүкіл әлем оны аяусыз азаптағанын біледі деген қызы, Президенттен «Шаңырақ ісін» қайта қарауға жіберуді және әкесін  қайтыс болғаннан кейін толық ақтауды сұрады.

Пікірлер