Біздің халықта “бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді”-деген сөз бар. Адвокаттардың кәсіби заңнамасына қатысты дау-дамай төңірегінде кей әріптестерімнің әрекеттері осы сөзді еріксіз еске түсірді..
Заман талабына сай болу деген ұғым бар.
“Заманың түлкі болса, тазы боп шал”-дейді. Қазір ақпарат майданы заманы. Хайп, пиар деген терминдер де қазіргі заман талабына сай шыққан анықтамалар.
Бастапқыда ХАЙП пен ПИАР - өнер адамдары мен жастарға тән еді. Енді бұл нәрсе ең серьезный, салмақты деген сала-құқық саласына, атап айтқанда, құқыққорғаушыларға да жұқты. Оның ішінде де жастарына жұқса мейлі, салиқалы жастағыларының да кейбірі “жұлдыз” ауруымен ауыратын болды.
Оның белгілері қандай, соған тоқтала кетсек,
- “Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ”- боп, “бүйректен сирақ шығару” арқылы ӨЗІН таныту;
- Өз пікірімен келіспейтін, немесе сөзінің салмағы, мәні бар қарсы уәж айтқан адамды блоктап, пікірін өшіріп тастау, намысына тиетін сөз жазу;
- Істерді (немесе заңнама нормаларын) толыққанды зерттеп, зерделемей, ел алдында байбалам салу арқылы көпшілік назарын өзіне аудару;
Осы тектес белгілерді ары қарай да тізе беруге болады, әрине... Неғұрлым айғайлай берсек, дұрыс болсын, бұрыс болсын, протест жасап, келіспеушілік білдіре берсек, асқан білім иесі боп көрінеміз деп ойласа керек.
Ең өкініштісі-заң білімі жоқ басқа мамандық иелері, оның ішінде қарапайым халық сол айқайшыларға құлай сенеді. Ар жағындағы түпкі мақсатын аңғармайды. Байбаламның төркінін түсінбейді. Шулауға, шулатуға тұратын нәрсе ме, жоқ “атың шықпаса, жер өрте”-деген принциппен жасалып жатқан айла ма, былайғы жұрт қайдан білсін?...
P.S. Біраз уақыттан бері “Манастың жырындай” ұзақ “жырланып” жатқан, адвокаттар мен заң консультанттарының кәсіби заңына қатысты еліміздегі біраз заңгерлер тарапынан жасалып жатқан Қорытындыларға алдағы уақытта өз көзқарасымды білдіріп, пост жазам. Бұл жолы адами факторларға ғана тоқталдым.
"Адырна" ұлттық порталы