Қазақстан мен Камбоджа: ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

202
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BMa5T9Ow1OavW0W1ImjPh286VvDxUNLZgJ88y9oZ.webp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездесуі еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен байланысын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашты. Келіссөздер барысында саяси диалогты нығайту, экономикалық және цифрлық ынтымақтастықты дамыту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру мәселелері талқыланды. Бұл кездесу Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты аясында жаңа серіктестермен байланыс орнатуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Саясаттанушы Жансая Нұралиеваның пікірінше, Камбоджамен қарым-қатынасты дамыту Қазақстанның Азиядағы дипломатиялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, отандық компаниялардың жаңа нарықтарға шығуына жол ашуы мүмкін. Сарапшы екі ел арасындағы келісімдердің, әсіресе цифрлық үкімет саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне назар аударып, білім беру мен мәдени байланыстардың ұзақмерзімді серіктестікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

Сонымен қатар Камбоджаның АСЕАН ұйымына мүшелігі Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен ықпалдастығын тереңдетуге мүмкіндік береді. Жансая Нұралиева халықаралық ұйымдар аясындағы саяси қолдаудың, студенттер алмасуының және халықтар арасындағы сенімнің екіжақты қатынастарды дамытудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай бастамалар Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыруға ықпал етеді.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездесуі еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекеттермен саяси ынтымақтастығын тереңдетуге қалай ықпал етеді? Бұл сапар Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатты жүзеге асырудағы әлеуетін қалай айқындайды?

— Менің ойымша, бұл кездесуден Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның сыртқы саяси байланыстарын кеңейтуге бағытталған ұстанымын көруге болады. Президент еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатын дәстүрлі серіктестермен қарым-қатынасты сақтаумен ғана шектемей, жаңа өңірлермен байланыс орнатуға да басымдық беріп келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, сыртқы саясаттағы дербес ұстанымын нығайтуға жол ашады.

Осы тұрғыдан алғанда, Камбоджа Премьер-министрінің Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келуі айрықша маңызға ие. Екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар бұрыннан қалыптасқанымен, жоғары деңгейдегі саяси байланыстарды одан әрі жандандыруға мүмкіндік туып отыр. Мемлекет басшысының осы бағыттағы бастамалары Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Қазақстанның бұл өңірге қызығушылық танытуының өзіндік себептері бар. Қазіргі таңда әлемдік экономикалық белсенділіктің едәуір бөлігі Азияға қарай ойысып келеді. Өңірде өндіріс көлемі артып, халық саны өсіп, тұтыну нарығы кеңейіп жатыр. Мұндай жағдайда Қазақстанның жаңа экономикалық және саяси мүмкіндіктерді қарастыруы маңызды. Президенттің сыртқы байланыстар географиясын кеңейтуге бағытталған саясаты еліміздің осы өзгерістерге бейімделуіне және халықаралық серіктестік әлеуетін арттыруына жағдай жасайды.

Сонымен қатар Камбоджаның АСЕАН ұйымына мүше болуы екіжақты байланыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Аталған ұйым Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің экономикалық және саяси ықпалдастығында маңызды рөл атқарады. Сондықтан Камбоджамен қарым-қатынасты нығайту Қазақстанның осы өңірдегі дипломатиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Бұл ретте еліміздің ірі державалармен қалыптасқан байланыстарын сақтай отырып, басқа мемлекеттермен де дербес әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға ұмтылуы көпвекторлы сыртқы саясаттың мәнін айқындайды.

Меніңше, Мемлекет басшысының дипломатиялық тәсілінің басты ерекшеліктерінің бірі де осында. Қазақстан сыртқы саясаттағы дәстүрлі бағыттарды сақтай отырып, бұрын жеткілікті деңгейде қамтылмаған өңірлермен ынтымақтастықты дамытуға назар аударып келеді. Мұндай ұстаным еліміздің халықаралық байланыстарын әртараптандыруға, жаңа серіктестермен қарым-қатынас орнатуға және жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстанның сыртқы саяси әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

— Қазақстан мен Камбоджа арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына биыл 32 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қалыптасқан байланыстарды жаңа белеске көтеруде Мемлекет басшысының бастамалары қандай рөл атқарады? Камбоджаның Қазақстанды АСЕАН елдерімен ынтымақтастықты дамытудағы серіктесі ретінде бағалауы еліміздің халықаралық аренадағы беделіне қалай әсер етеді?

— Қазақстан мен Камбоджа арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 32 жыл толуы екіжақты байланыстардың қалыптасу тарихын көрсетеді. Дегенмен дипломатиялық қатынастардың ұзақтығы әрдайым ынтымақтастықтың даму деңгейімен сәйкес келе бермейді. Қазақстан мен Камбоджа арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге және экономикалық әрі саяси ынтымақтастықтың әлеуетін кеңінен пайдалануға мүмкіндік мол. Сондықтан қазіргі кездесудің маңызын қалыптасқан қарым-қатынастарға жаңа мазмұн беріп, оларды нақты бастамалармен толықтыру мүмкіндігімен байланыстырар едім.

Мысалы, келіссөздер барысында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесінің көтерілуі екі ел арасындағы байланысты дамытуға ықпал ететін маңызды қадам. Бір қарағанда, бұл туризм саласына қатысты ұсыныс болып көрінуі мүмкін. Алайда мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың қарқыны олардың бір-біріне қолжетімділігімен де тығыз байланысты. Тікелей әуе қатынасының ашылуы кәсіпкерлердің, туристердің және студенттердің сапарларын жеңілдетіп, іскерлік, мәдени және білім беру байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Камбоджаның Қазақстанға қызығушылығын Орталық Азияның халықаралық аренадағы маңызының артуымен де байланыстыруға болады. Соңғы жылдары өңір мемлекеттері сыртқы серіктестермен диалогты жандандырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беріп келеді. Бүгінде Орталық Азияға деген қызығушылық табиғи ресурстармен ғана шектелмейді. Өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндіктері, экономикалық әлеуеті және халықаралық байланыстарды дамытудағы рөлі де артып отыр.

Қазақстан осы үдерісте өзінің географиялық орналасуын, транзиттік мүмкіндіктері мен экономикалық әлеуетін тиімді пайдалана алады. Бұл еліміздің Азия мемлекеттерімен байланысын кеңейтуге және жаңа бағыттар бойынша өзара тиімді серіктестік орнатуға жол ашады.

— Келіссөздер нәтижесінде екі елдің Бірлескен мәлімдеме қабылдап, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейдегі бірқатар құжатқа қол қоюы екіжақты саяси диалогтың нақты келісімдермен бекітілгенін аңғартады. Бұл құжаттардың Қазақстанның халықаралық серіктестік байланыстарын кеңейту мен нығайтудағы маңызы қандай? Президенттің дипломатиялық келіссөздерді нақты нәтижелерге бағыттау ұстанымын қалай бағалайсыз?

— Халықаралық кездесулердің нәтижесін бағалағанда, қол жеткізілген уағдаластықтардың кейінгі іске асырылуына және олардың қандай нақты өзгерістерге жол ашатынына назар аудару қажет. Мемлекет басшыларының кездесуі екіжақты қарым-қатынасты дамытуда маңызды рөл атқарады. Ал оның нәтижелері қабылданған құжаттардың орындалуынан, бірлескен жобалардың іске қосылуынан және елдер арасындағы байланыстың жаңа бағыттар бойынша кеңеюінен көрінеді.

Бұл жолғы келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі – тараптардың Бірлескен мәлімдемемен қатар алты меморандумға қол қоюы. Олардың қатарында цифрлық үкімет саласындағы ынтымақтастыққа қатысты екі құжат бар. Сонымен бірге Астана мен Пномпень қалалары арасында бауырластық байланыс орнату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл келісімдер екі ел арасындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейтіп, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.

Мен әсіресе цифрлық үкімет саласындағы келісімдерге назар аударар едім. Қазақстан электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту бағытында белгілі бір тәжірибе жинақтап, осы салада өз әлеуетін қалыптастырды. Енді қазақстандық тәжірибеге басқа мемлекеттердің қызығушылық танытуы еліміз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл ретте экономикалық ынтымақтастықты дамытуға да әлеует бар. Егер келісімдер нақты жобалармен жалғасса, қазақстандық IT-компаниялар үшін жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік туып, отандық цифрлық шешімдердің халықаралық деңгейде қолданылу аясы кеңеюі мүмкін.

Әрине, мұндай мүмкіндіктерді жүзеге асыру алдағы жұмыстың нәтижесіне байланысты. Қазақстанның сыртқы саясаты халықаралық серіктестікті нығайтумен қатар, отандық компаниялардың шетелдік нарықтарға шығуына да қолайлы жағдай қалыптастыра алады. Бұл өз кезегінде ұлттық экономиканың дамуына, технологиялық тәжірибе алмасуға және еліміздің халықаралық экономикалық байланыстарының кеңеюіне оң ықпал етеді.

— Кездесу барысында Қазақстан мен Камбоджаның БҰҰ шеңберіндегі ынтымақтастығы және халықаралық бастамаларға қатысты бір-бірін қолдауы сөз болды. Бұл бағыттағы байланыстар екі мемлекеттің көпжақты дипломатия саласындағы ықпалдастығын тереңдетуге қандай мүмкіндіктер ашады? Мемлекет басшысының халықаралық ұйымдар аясында көтеріп жүрген бастамалары Қазақстанның жаһандық мәселелерді шешу үдерісіне қосатын үлесін қалай арттырады?

— Қазақстан мен Камбоджаның Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) аясындағы ынтымақтастығын халықаралық дипломатиядағы өзара қолдаудың маңызымен байланыстырар едім.

Кейде халықаралық саясатта тек ірі державалардың ұстанымы шешуші рөл атқарады деген пікір қалыптасады. Алайда БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдарда шағын және орта мемлекеттердің де өз дауысы мен мүддесі бар. Әсіресе Бас Ассамблея аясында әр мемлекеттің ұстанымы маңызды рөл атқарады.

Қазақстан үшін Камбоджа сияқты мемлекеттермен саяси түсіністікті нығайту халықаралық бастамаларды ілгерілетуге қолдау табуға мүмкіндік береді. Мәселен, еліміз ядролық қарусыздану, халықаралық қауіпсіздік және мемлекеттер арасындағы диалогты дамыту мәселелерін тұрақты түрде көтеріп келеді. Мұндай бастамаларды халықаралық деңгейде ілгерілету үшін басқа мемлекеттердің қолдауы мен ортақ ұстаным қалыптастырудың маңызы зор.

Камбоджаның бұл бағытта өзіндік тарихи тәжірибесі бар. Ел ұзақ жылдарға созылған қақтығыстардың зардаптарын бастан өткерді. Әсіресе мина мен соғыс уақытынан қалған жарылғыш заттар мәселесі Камбоджа үшін әлі де өзекті. Осы тұрғыдан алғанда, бейбітшілікті нығайту мен қарусыздануға қатысты халықаралық бастамалар екі мемлекет арасында тәжірибе алмасуға және ортақ мәселелер бойынша пікір алмасуға негіз бола алады.

Келіссөздер барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа тарапының БҰҰ Бас Ассамблеясының күн тәртібіндегі бірқатар мәселе бойынша Қазақстанның бастамаларын қолдағанын жоғары бағалады. Бұл екі ел арасындағы саяси ынтымақтастықтың халықаралық алаңда да нақты көрініс тауып отырғанын аңғартады.

— Қазақстан мен Камбоджа мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға және цифрлық даму бағытында тәжірибе алмасуға ниетті. Осындай ауқымды салаларды қамтитын ынтымақтастық екі ел арасындағы ұзақмерзімді саяси сенімнің қалыптасуына қалай ықпал етеді? Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық бастамалары Қазақстанның Азия мемлекеттерімен серіктестік байланыстарын кеңейтуге қандай мүмкіндіктер береді?

— Бұл кездесуде менің назарымды аударған қызықты деректердің бірі – Камбоджа Премьер-министрі Хун Манеттің Қазақстанда білім алған камбоджиялық азаматтар туралы айтқаны болды.

Оның мәліметінше, Қазақстанда 120-дан астам камбоджиялық студент білім алған. Олардың арасында кейін өз елінде жоғары мемлекеттік қызметтерге тағайындалған азаматтар да бар. Атап айтқанда, провинция губернаторлары, мемлекеттік хатшылар мен министрлік қызметкерлері кездеседі. Бұл біз үшін маңызды дерек. Өйткені білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың ұзақмерзімді ықпалын әрдайым жеткілікті бағалай бермейміз.

Қазақстанда бірнеше жыл білім алған шетелдік студент еліміздің қоғамымен, мәдениетімен және халқымен жақынырақ танысады. Кейін өз еліне оралған соң да Қазақстан туралы қалыптасқан түсінігі мен алған әсерін сақтайды. Егер ол болашақта мемлекеттік қызметте немесе бизнес саласында жұмыс істесе, екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға үлес қоса алады.

Халықаралық қатынастарда мұндай адами байланыстардың маңызы зор. Саяси басшылар ауысып, үкіметтердің басымдықтары өзгеруі мүмкін. Ал адамдар арасында қалыптасқан сенім мен өзара түсіністік ұзақ уақыт сақталып, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың берік негізіне айналады.

Мәдени байланыстарға келсек, Қазақстан мен Камбоджа халықтарының бір-бірі туралы білімі мен түсінігін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік бар. Қазақстандықтардың басым бөлігі Камбоджаны әйгілі Ангкор-Ват тарихи кешені арқылы тануы мүмкін. Сол сияқты Камбоджа азаматтарының да Қазақстан туралы түсінігін кеңейту маңызды. Сондықтан мәдени ынтымақтастық туралы меморандумның қабылдануы осы бағыттағы байланысты жандандырып, екі халықтың мәдениеті мен дәстүрлерін тереңірек таныстыруға жол ашады.

 

 

Пікірлер