Зейнет жасы. Депутат төрт балалы аналарды 53 жасында зейнетке шығаруды ұсынды

6042
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс отырысында Қазақстан халық партиясы атынан сайланған депутат Гауһар Танашева төрт бала тәрибелеп отырған әйелдердің зейнет жасын төмендету қажеттігін айтты. Меже - 53 жас, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Депутат Гауһар Танашева өзінің депутатттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдап, төрт немесе одан да көп баласы бар аналарға қатысты маңызды мәселені көтерді.

"Төрт бала тәрибелеп отырған көпбалалы әйелдердің зейнеткерлік жасын 53 жасқа дейін төмендету керек. Қазіргі заңнамаға сәйкес бес немесе одан да көп бала туып, асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана 53 жасқа дейін зейнетке шығады. Сондай-ақ баланың 8 жасқа дейін тәрбиелеу міндеттемесін алып тастау мәселесін қарастыруларыңызды сұраймыз", – деді Гауһар Танашева.

Сонымен қатар, мәжіліс мінберінде сөз алған депутат көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы жайын сөз етті. Оны кіші перзенті кәмелет жасқа толғанға дейін беруді ұсынды.

"Қазіргі таңда көпбалалы отбасының төрт баланың ішіндегі үлкен баласы 18 жасқа толған кезде, ол отбасы көпбалалы деген мәртебесінен айырылады. Төрт және одан да көп баласы бар ата-аналарға балаларының жасына қарамастан көпбалалыларға берілетін жәрдемақыны кіші баланың кәмелетке толғанға дейін беруді қарастыруды ұсынамыз", – дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, көпбалалы отбасылар - ұлттық қауіпсіздік пен ұлттық экономиканың негізі. Оларға ерекше көңіл бөлу мен көпбалалы ана мәртебесін бекіту - басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар,  депутат халық санын көбейсе,  мемлекеттік тілдің таралу және даму мүмкіндігінің де артатынын еске салды.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер