Депутаттың жалақысы мен атағына қызығып отырған жоқпын – Абзал Құспан

17450
Adyrna.kz Telegram

Елімізде мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша жүздеген азамат бақ сынап жатыр. Солардың ішінде Батыс Қазақстан облысынан Мәжіліс сайлауға түсіп жатқан белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан болса керек. «Адырна» сайты адвокатпен сұхбаттасып, сайлау туралы пікірін білді.

Абзал мырза, қазіргі таңда сіз ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат ретінде бақ сынап жатырсыз. Мәжіліс депутаты болсам деген шешімге қалай келдіңіз?

– Біріншіден, елімізде болып жатқан оң өзгерістерді көзбен көріп отырмыз. Нақтырақ айтсам мажоритарлық сайлау жүйесі әр азаматқа үлкен мүмкіндік беріп жатыр. Оның үстіне жуырда ғана 45 жасқа толдым. «Енді не істесем екен» деп ойланып жүргенде депутаттыққа түсу ойыма келді.

Бұдан бөлек Ақжайық өңірінің ақсақалдары тарапынан «Айналайын, Абзал балам, Батыс Қазақстан облысынан лайықты адам өтсін. Бір мандаттық округтан бағыңды сынап көрсеңші. Біз өзіңді ел ағалары болып қолдайық» деген ұсыныс түсті. Оның үстіне өзімде депутаттыққа түссем деп көптен бері ойланып жүр едім. Ақсақалдардың сөзі қамшы болды да сайлауда бақ сынап көрейін деген шешімге келдім.

– Сіз өзіңіздің сайлауалды бағдарламаңызда қандай салаға басымдық бересіз?

Өзім құқық қорғаушы болғандықтан әрине заң жағына басымдық беремін. Депутаттыққа кандидаттығымды ұсынатын кезде екі апта бойы заңдарды зерттеп, зерделедім. 1991 жылғы Жоғары Кеңестен бері Парламентке Батыс Қазақстан облысынан Снежанна Имашевадан басқа бірде бір заңгер депутат болмаған екен. Оның өзі бір мекемеде заңгер болып қызмет істегені болмаса, құқық қорғау мен сот саласында заңгерлік тәжіибиесі жоқ адам. Маған бұл жағдайда қосымша себеп болды.

Ең бірінші кезекте қолданыстағы заңдарға ревизия жасау керек. Осы уақытқа дейінгі азаматтық іс бойынша қаралған әділетсіз сот үкімдері мен шешімдерін қайта қарау керек. Өйткені оның көпшілігі әділетсіз қаралды. Бұдан бөлек заңға қатысы жоқ, дегенмен сайлауалды бадарламамда экология мен отбасы және жастар саясаты деген екі бөлік бар. Қалған сайлауалды бағдарламамның бәрі заң шығару ісіне тікелей байланысты.

– Елімізге белгілі адвокат болғаннан кейін сіз соттардың іс-әрекетін жақсы білесіз. Өкінішке қарай қарапайым халықтың ішінде сотқа көңілі толмайтын азаматтар жетерлік. Сотқа жүгінген азамат әділеттілікке жету үшін не істеу керек? 

– Қандай жағдайда да үміт үзбеу керек. Оның үстіне «Барлық сот сатылады» дегенді шындық деп қабылдауға болмайды. Талай сотта жеңіске жетіп, нақты нәтижеге қол жеткізген адвокат ретінде мұны ашық айта аламын. Бірақ тапсырыспен қаралатын істің бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Тапсырыспен талай адамдар сотталып, кейбір кәсіпкерлердің бизнесі тартып алынды. Мұндай үлкен мүдделер қақтығысы болып тұрады. Мұны жоққа шығаруға болмайды.

Бірақ кез келген сатыдағы сот әділетті шешім шығара береді дегенге де келісе беруге болмайды. Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамның екінші бөлігінде әділетсіз сот актілерін қайта қарау деген тармақ бар. Мен осы жағдайды пайдалануды сұраймын. Ертең депутат бола қалған жағдайда осы бағытта жұмыс істесем деген жоспарым бар. Адамдардың арыз шағымын қарайтын арнайы жұмыс тобын құру секілді жоспарым бар.  Бірақ бұл арада бір нәрсені ескеру керек. Кез келген азаматтық іс бойынша бір тарап жеңіліп, екінші тарап жеңеді. Жеңілген тарап әр кез сот әділетсіз өтті деп есептейді. Мұны да естен шығармау керек.

Атырау облыстық атвакаттар алқасының мүшесі Нұрлан Жолболов «Қаншама сайлауалды бағдарламаммен таныстым. Бірақ мен әзірге көрген ерекше бағдарлама екен» деп маған баға беріпті. Заңгер адамдар сайлауалды бағдарламамда не көздеп отырғанымды жақсы түсінеді. Сондықтан оң баға беріп отыр деп ойлаймын.

Қоғамда Мәжіліс депутаттарын сынаушылар өте көп. Бірақ депутат болу оңай шаруа емес. Мысалы бір заңның басынан аяғына дейін оқып шығудың өзі төзімділікті алап етеді. Ал оны рет ретімен қағазға түсіру тіпті қиын шығар?  

– Мен мысалы үшін депутаттың жалақысы мен атағына қызығып отырған жоқпын. Өйткені депутаттың жалақысын адвокаттың қызметте бірнеше еселеп таба аламын. Ірі-ірі компаниялармен келісім-шарт негізінде жұмыс істеп жатырмын. Депутат болған жағдайда олардың бәрін тоқтатуыма тура келеді.

Ал атаққа келетін болсам, керісінше депутаттардың мойнына үлкен салмақ түседі. «Халықтың атынан депутат болдыңдар. Халықтың талабын орындаңдар» деп бізді кез келген мәселеге кірістіретін болады. Бірақ біздің ең басты жұмысымыз заң шығару екенін атап өткім келеді. Ал заң шығаратын жерде ең бірінші кезекте заңгер отыруы керек. Менің сайлаудағы ұраным «Емханаға дәрігер, мәжіліске заңгер» деп аталады. Яғни, емханаға дәрігер қаншалықты қажет болатын болса, заң шығаратын орынға заңгердің баруы соншалықты қажет деп айтар едім. Өзіңіз айтқандай төзімділікті қажет ететін орынға заңгер баруы керек. Осы кезге дейін сапасыз заңдардың шыққанына онда көлденең көк аттылардың отырғанын білдіреді. Ел үшін маңызды заң шығарғанның орнына боқтау мен түкіргені үшін айыппұл салуға байланысты заң қабылдап жатты. Шыққан заңдарымыздың көпшілігі ұлттық менталитететімізге қайшы, еуропалық стандарттарға сай қабылданды.

Заң демекші журналистердің заң нормаларын талдап, халыққа ұсынуы қиын болып тұр. Бұл үшін журналист заңгер болу керек пе, жоқ әлде Мәжіліс жанынан журналистерге заңды түсіндіретін клуб құрылғаны жөн бе?

– Жалпы екеуі де қатар жүру керек деп есептеймін. Менің жеке пікірім бойынша журналист экономика, заң саласына мамандану керек. Қазіргі таңда қазақ тілді ақпаратқа сұраныс көбейіп отыр. Бұрынғы кезде қазақ тіліндегі ақпараттар оқылмайтын еді. Қаңтар көтерілісінен кейін қазақ тілді журналистерге көңіл бөлетін болды. Бұған дейін қазақ тілді ортадағы ақпараттан хабарсыз болған мемлекет ірі-ірі қателерге жол берді. Жаңаөзен көтерілісі, жер митингісі, қаңтар оқиғасына дейінгі мәселе қазақ тілді ортада бұрқ-сарқ қаинап жатты. Бұларды орыс тілді журналистер байқаған жоқ.

Екіншіден, заңгерлердің өзі журналистерге бір табан жақын болуы керек. Мен неге танымал болып кеттім? Менен әлдеқайда сауатты заңгерлер жоқ емес, бар. Бірақ олар бұқаралық ақпарат құралдарына жабық.

Әлеуметік желіде «Абзал Құспан сөзсіз депутат болады. Себебі оны «Ақ орда» қолдап отыр» деген сөз айтылады. Мұны өзіңіз де естіген шығарсыз. Бұл сөзге алып қосарыңыз бар ма?   

– Әлеуметтік желіде саналуан пікір жазылады. Мұны жазып отырған адам ертең мен өтпей қалсам «Міне халық қаламады. Халық өзінің таңдауын жасады. Оңбаған Абзал Құспан билікке арқа сүйеп өткісі келіп еді, халық оны өткізбеді» деп жаза салады. Яғни, оларда қалай болған күнде де ұтылмайтын вариант бар. Мұның бәрі сұрауы жоқ жазбалар ғой. Бірақ бұл әлеуметтік желідегі барлық азаматтың жазып отырған пікірі емес. Бұдан басқа мың түрлі пікірлер бар. Әлгі пікірді мен солай қабылдаймын.

Жалпы мұндай пікір жазатын адам жатып алып сараптама жасағандай кейіп танытады. Бірақ нақты дәлел-дәйек келтімейді. Биліктің маған нақты көмек көрсетіп отырғанын дәлелдеуі керек қой. Өкінішке қарай біздің бүгінгі деңгейіміз осы болып отыр. Әлеуметтік желідегі пікірлерге құлақ түреміз. Сөз бостандығын айтқан кезде Американы тілге тиек етеміз. Америка мен Еуропада журналистік зерттеулер жүргізіліп, сараптамалық мақалалар ұсынылады. Көзі қарақты оқырмандар соларды оқиды. Бізде өсек-аяңды оқуға әуес. Егер салмақты сараптамалық материал болса, мен оған пікір білдірген болар едім. Сондықтан мен оған назар аударып, пікір білдіріп жатудың өзін артық деп санаймын.

Қазір қоғамға белгілі және белгісіз азаматтар депутат болсам деп талпынып жатыр. Жалпы депутат болғысы келген адам кандидат болмас бұрын жұртқа танылуы керек емес пе?  

– Жоғарыдағы сұрақтың жауабсы осында берілген деп есептеймін. Жұртқа, елге қызмет еткен адам танылмал болады. Мен депутаттық сайлауалды бағдарламамды 10 жыл бұрын орындап қойдым деп есептеймін. Мысалы Жаңаөзен сотында 74 жәбірленушіні жалғыз адвокат болып қорғадым ба, қорғадым. Кейін Әсел Нұрғазиева ОБСЕ атынан заңгер ретінде қатысты. Жер митингісінде қамалып жүріп кейін Жер комиссиясында тегін жұмыс атқардым ба, атқардым. Жердің сатылмайтындығы туралы норманы әуелі Жер кодексіне, кейін Коститутцияға қосылуына үлес қостым ба, қостым.

Үшінші, қаңтар оқиғасына бастан аяқ қатыстым ба, қатыстым. Одан кейін жүздеген азаматтың бостандыққа шығып, рақымшылық заңының қабылдауына бастамашы болған «Аманат» комиссиясын басқардым ма, басқардым. Осы үш-ақ еңбегімді айтсам жеткілікті деп ойлаймын. Бұдан бөлек қазақ тіліне қатысты қаншама сот процестеріне қатысқанымды жұрт жақсы біледі. Азамат депутат болмас бұрын қоғаммен жұмыс істеп үйренуі керек. Мен қоғаммен жұмыс істеп, белгілі бір деңгеиде тәжірибе жинадым. Мұны халық жақсы біледі деп ойлаймын.

Серғали Асланбек

 

Пікірлер