МАРҒҰЛАН ЕРМАҒАНБЕТҰЛЫ: Тосқауылдар басынан байқалды. Сайлау маған не берді?

9661
Adyrna.kz Telegram
Алдымен осы жазбам арқылы барлық қолдаушыма рақмет айтқым келеді.
Өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, білім мен тәжірибеме сүйеніп әкім болуға бел буып едім. Тағайындайтын облыс әкімі немесе кландарға емес, халқыма сеніп осы бәсекеге бірінші болып тіркеліп, бірінші болып доданы бастадым. Бірінші боп бағдарламаны әзірледім. Бірінші болып халықпен кездесуді бастадым. Бірінші болып халықтың ықыласына бөлендім. Асыра мақтану емес, аудан халқы өзі біліп отыр.
Сайлау басталған 3 күн ішінде оффлайн мен онлайн 2 мыңға жуық электоратқа жол таптым. Ауданда 7 мың ғана сайлаушы. Сайлау біткенге дейін әлі 22 күн бар еді. Ватсап желісі арқылы аудан жастары "Мәке, че там" деген қолдау тобы құрылды. Қызметте істесе де, жекеме шығып сәттілік тілегендері көп болды.
Жеке парақшама шыққандары аз емес.
Дегенмен тосқауылдар басынан байқалды. Мысалға сайлау комиссиясының төрағасы (мінезсіз, білімі таяз!) жанама кедергілерді жасаумен болды. Осы салада біршама басшылық жасаса да кандидатқа қажетті ақпаратты бере алмады. Дербес ақпарат таратушы сайттарында сайлауға қажетті ақпараттар салынбаған немесе кеш салып отырды. Маған заң бұзушылық туралы 12-күні шығарылған хаттаманы тек 13 күні табыстады. Ал заң бойынша комиссия шешіміне арыздануға тек 3 күн берілетін. Заң бұзу фактісі жоқ хаттаманы мен дер кезінде сотқа жолдадым. Ал сот процесінде ол толыққанды жауап бере алмай, әрдайым қағазға үнілумен болды.
Жалпы комиссияда тәуелсіз әрекет ету жоқ және кәсібилік жетіспейді. Бұрмалау фактілері көп. Маған көрсеткен бюрократия мен заңсыз әрекеттері бірінші емес деп ойлаймын. Осыған дейін заңсыздықтың бірнешеуі жасалғанына еш күмәнім жоқ. Болашақта осы салаға түбегейлі реформа жасау қажет.
Сотқа қатысты. Жалпы ел бойынша бұл пилоттық жобаны біз сияқты тәуелсіз, өз бетінше шешім қабылдай алатын білімді азаматтарды қатыстырмай өткізу тапсырылған деп түйдім. Мысалға менің құжатым бойынша ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Менің талап арызым бойынша сот 3 сағатқа созылды. Мен өз тарапымнан заң бұзушылық болмағанын сенімді түрде жеткіздім. Ал жауапкер нақты сұрақтарға жауап бере алмады. Прокурор да, сот та шешімді ұзақ қабылдады. Бірнеше рет сыртқа шығумен болды. Прокурор видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Тіпті кейін әлеуметтік желіге сот отырысындағы мәліметтерді жарияламауды сұрады. Бұл өз кезегінде қоғамдық толқуларға алып келеді деді. Соттың шешімі қолыма тигенде бөлек жариялаймын.
Түйгенім, бұл сайлаудың жоғарыдағы сценариймен өтетініне толық көзім жетті. Барлық жерде Президент әкімшілігімен келісілген тізімдегі адамдар өтеді. Қазіргі таңда барлық жерде сайлаудың легитимді өтуі үшін негізгі кандидатпен бірге 1-2 клоун кандидаттар болады. Сол себептен егер сіз дауыс беруге барсаңыз уақытыңыздың бос өткені деп қабылдаңыз. Одан да өзіңізге пайдалы басқа дүниеге бағыттаңыз.
Енді сайлау келесі схемада өтеді. Қазіргі таңда барлық мықты кандидаттар алынып тасталған соң негізгі кандидат пен клоундар елді аралайды. Халықты алдап, ал сайлау уческілеріндегі адамдар мемлекеттік бюджеттен өтірік сайлау өткізгендері үшін жалақы алады. Жалақы үшін арын сатады. Түсінем. Тіршілік. Кандидаттар халықты алдайды, ал халық өзін алдап, ескі Қазақстан жалғаса береді.
Өзім осы сайлаудан ештеңе жоғалтпадым. Елдегі әділетсіздікті, надандар мен ақша үшін арын сататындарды өз көзіммен тағы бір мәрте көрдім. Сайлау жүйесін реформалау қажеттігін көрдім. Білімсіз, мінезі жоқ, уақыт өткізіп жүргендерді көрдім. Төменде прогрестің төмен екенін көрдім. Жемқорлықтың өршігенін көрдім. Ал жанып тұрған қызметтегі жастарды көрмедім. Өйткені оларды сөндіріп отырады. Орталықсыздандыруды көрмедім, тиісінше вертикалды биліктің күшін көрдім.
Бұл сайлаудың тек бастамасы. Бірақ басы әділетті болмады. Бәрі жасанды, заңсыз өтті. Сондықтан саналы адам өз таңдауын жасап, бұл сайлауға бармайды деген үміттемін.
Таңдау сіздікі, дегенмен әділетті Қазақстанды таңдау үшін бұл сайлауға бойкот жариялаймын!..
Пікірлер