"Кітап дүкеніне барсаң, жылағың келеді" - cаясаткер Шыңғыс Мұқан

3661
Adyrna.kz Telegram
"Жылағың келеді". Саясаткер, экономист Шыңғыс Мұқан қоғам назарын нарықтағы қазақ тілді кітаптарға аударды. Автордың айтуынша, қазақ тілді кітаптан заманға сай білімді игермеген тұлғадан ұлтын, елін ойлайтын  сауатты маман шықпайды. Қазақ тілді кітаптардың үлесін арттырудың Қазақ елін дамытуға айтарлықтай ықпалы бар. Бірақ оған назар аударып отырған ешкім жоқ, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы.   
Өзекті тақырыпты сөз еткен саясаткер ел ертеңіне көз тастады. Қазақ тілінің орнына кітап дүкендерінің сөрелерінде "жыпырлаған" орыс, ағылшын, түрік тілді кітаптарды сөз етті.
-“Меломанда” жүрмін. Жылағың келеді.
Осыдан 22 жыл бұрын универ қабырғасына келіп, ағылшын мен испан тілдерін үйренуге кіріскенімде де дәл осылай еді.
Шеттілдерін орыс тілі арқылы оқуға мәжбүр болған едік. “Баяғы жартас - сол жартас”.
Қытай тілін үйренгің келе ме? Бір сөре кітап тұр, бірақ орысша. Кәрісше ше? Тағы да бір сөре кітап бар, бірақ бәрі орысша. Өзіміздің түрікше ше, ол да солай. Басқаны айтпағанның өзінде лингва франкаға айналған ағылшын тілін меңгере алмайсыз, егер орыс тілін білмесеңіз, әлге дейін.
Мен жаратылыстану саласындағы басқа ғылым-білімді айтпай-ақ қояйын. Лингвистика деген игеруге де, үйренуге де оңай дүние ғой. Рокет сайнс емес. Сонда да ия оқулық, ия сөздік жоқ.
Егер қазақ мектебін бітірген түлек ана тілі арқылы білімді игеріп, айталық, мықты медик немесе сауатты инженер бола алмаса, Қазақстанды дамытамыз деген даурықпаның бәрі бекер.
Елдің дамуы - тілдің дамуына байланысты. Тілі кедей ел ешқашан бай елге айналмақ емес. Енді, отырып алып жылай бергенде де ешнәрсе шықпайды. Өзіміз істемесек, басқа елден келіп, ешкім істеп бермейді, - деп жазды автор.
Қазақ  тілінің қазіргі қолданысына қатысты оқырмандар да сан-cалалы пікір білдірді.
- "Көлігіңе мініп радио қоссаң, Қонаев кезіндегі "Қазақ радиосы" мен "Шалқар" ғана қазақша.Отыз жылдағы жеткен жеріміз осы";
- Осында жұмыс істейтін түрік достарым бар. Орыс тілінен жеке сабақтар алып жүр. Неге қазақ тілін үйренбейсіздер?деп сұрағанымда, бүкіл құжаттар, ресми ақпарат орыс тілінде, адамдар өзара көбіне орыс тілінде сөйлеседі, біз сервис саласындағы адамбыз, халыққа ыңғайлы тіл керек бізге деп жауап берген…
- Көзімізді ашып айналаға қарайық біз әлі Отар елдеміз, Қазақ деген тек аты ғана, шынай тірліктің бәрі Отаршылдардың қолында, солардың тілінде шешіліп жатыр, біздерді сүйек беріп алдап қояды, соған мәзбіз. Бұны өзгертудің жалғыз жолы ағатушылық және Қазақтың ар-намысы!
- Өткенде моншаға бардық. Бірнеше кішкентай бала әкесімен келген. Тілдері бірақ орысша, әкесі қазақша сөйлеп жүр. Ұлы түсінеді, орысша жауап береді. Яғни, шешесінің тілі орыс тілі деген сөз. Шешесі баласына шүлдірлеп үйреткен, солай тәрбиелеген. Тілді дұрыстаудың бір шарты қазақ қыздарының, аналарының тілін дұрыстау керек-ау, деп ұқтым. Қазақ қыздары мықты, қайсар, төзімді һәм өте еліктегіш боп тұр. "Әйел бұзылса, әлем бұзылады" деген рас. Аналардың тілі оңалса, бала сол ананың тілінде сөйлер еді... - деп жазды оқырмандар.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер