"Қазақпын" деуге ұялатын өзге ұлт өкілдері де бар

5184
Adyrna.kz Telegram

Естеріңізде болса, ҚХА төрағасының жаңа орынбасары болып тағайындалған журналист Мая Бекбаева жаңа ұсыныс жасап, жұртты бір дүрліктіргені мәлім. «Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері құжаттарында өзін «қазақ» немесе «қазақстандық» деп көрсетсе қалай болады?» деп сұрақ тастаған Мая ханымды қазақ қоғамы бірер шақырымға дейін «апарып» тастады.

Мая Бекбаеваның мұндай ұсыныс жасауына ұлты дүнген тараздық педагогтың Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінде айтқан сөзі себеп болған. Бұған біздің қоғамның берген жауабы қандай болды? Әрине, ең алдымен үлкен қарсылық білдірді. Соңынан қазақ қоғамы да өз талаптарын қойып, әлеуметтік желіні біраз шулатты да.

«Ең алдымен, Мая ханымның бұл ұсынысы қазақтардың ренішін тудырды. Кез келген басқа ұлт өкілі құжатында «қазақпын» деп көрсетпес бұрын, әуелі қазақ екенін дәлелдеуі керек. Қалай дәлелдеуі керек? Қазақтың тілінде сөйлеп, қазақтың жолымен жүруі керек. Біздегі жүздеген өзге ұлт өкілі осыны істей ала ма? Әрине, жоқ! Мая ханым АҚШ азаматы американдық болып жазылатынын алға тартады. Америкада бәрі түсінетін ағылшын тілінде сөйлегені, сол американдықтармен бірдей жүретіні үшін америкалық статусы беріледі. Түркияда да солай. Түрік тілінде өз тіліндей сөйлейтін, сол елдің заңына бағынатын, сол мемлекеттің айтқанына көнетін адамға ғана азаматтық беріліп, құжатына «түрік» деп таңба басылады. Ал біздегі не? Біздегі қоғамның қыжылын қоздату ғана. Болмайтын нәрсені айтып, қоғамның ызасына тию деп санаймын», -дейді тарихшы Дінмұхаммед Бекталы. 

Алтай Абдуллаев: «Мая Бекбаеваның ұсынысымен түбегейлі келіспеймін әрі табандылықпен қарсымын. Қазақ қазақ болуға тиіс. Басқа ұлтпен бірлесе отау көтерген қандастарымыздың ұрпағы әбден өздерін қазақ деп атанып, сезінуне құқы мен мүмкіншілігі әрине бар. Дегенмен, Қазақтың жақсылығы мен жамандығын, мұңы мен қайғысын, бақыты мен қуанышын айту мен сынау құқы, өзгерту және сақтау мүмкіндігі ғасырлар бойы тек біздің өзіміздің қолымызда болды. Солай болып қала беруге де тиіс!!!

Басқа ұлт өкілі мен де қазақпын деп біздің менталитетімізді, тілімізді, ғұрпымызды, дәстүрімізді, дүниетанымымызды, салтымызды, жақсы-жамандығымызға араласып, жағаласып, талап ықпал етіп кету қаупін ескреген жөн. Ондай құқық тек қазақтардың өзінде ғана болуын талап етемін.

Өз тағдырымызды, болашағымызды бабаларымыз ғасырлар бойы аманат еткен бағытта таза сақтап одан әрі дамытуымыз керек! «Жаман үйдің қонағы билейді» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған».

Осы мәселеге байланысты енді бір топ Қазақ еліндегі түркітектес халықтардың бәрінің құжаттарына «қазақ» деп жазуына рұқсат беру туралы ұсыныс тастады. Бұл ұсыныс Facebook әлеуметтік желісіндегі топтарда қызу талқыға түсті. Пікір білдірушілердің бірі «қажеті жоқ» десе, енді бір тарап «қолдаймын» десті.

 Мәселен, Асылбек Байтанұлы: «Осы жұрттың әсіресақтығына таңмын. Айбарлы ел боламыз десек, мұны біртіндеп жүзеге асыруымыз керек. Шетелден келген емес, бұрынғы КСРО құрамында болған өзбек, қырғыз, ұйғыр, қарашай, татар т.б. түркі халықтарын арнайы графа бойынша қазақ деп қабылдау - қазақтың санын және сапасын арттыруға әкелетін қадам. Шалақазақ деген ұғым - ертеден болған. Сондықтан бұлардың руы кім болмақ деп бас қатырудың жөні жоқ. ХХ ғасыр басында саны қазақтармен шамалас болған османдықтар Түркияны дәл солай қазіргі сан мен сапаға жекізген. Өтірік ұлтшыл болғанды қояйық! Руды жойып, біртұтас қазақ болу керек! Ру деген қазақ пен қырғызда, сонсоң Африкадағы бірнеше халықта ғана сақталған, одан не пайда?!?» -деп жазды. Алайда бұл пікір қолдаудан гөрі, сынға көп ұшырады.

Қазақ қоғамы құжатта «қазақ» деп көрсетуді аса қолдамайды. Бұған түрлі  себептер мен қауіптер жоқ емес. Ал дәл осы мәселеге өзге ұлт өкілдерінің пікірі қандай? Әрине, бірнеше адамның пікірі тұтас ұлттың ойын көрсетпейді. Десек те, бізбен тілдескен өзге ұлт өкілдерінің айтары төмендегідей.

Нәдір Латифулла, студент: «Ұлтымды өзгертіп көрсетуге қарсымын. Құжатта өзгерткеннен, өзің басқа ұлтқа айналмайсың ғой. Қазақстанда тудым, өмір сүріп жатырмын. Арғы аталарымның сүйектері де осы елде жатыр. Бірақ құжатқа «қазақ» деп жаздыруды қазақ халқын мазақ етіп, алдау деп санаймын. Не керегі бар оның? Мысалы, мен өзімді «қазақпын» деп айтуға ұяламын. Себебі, осы елде тұрсам да, орысша оқып, орысшаланып өстік. Қазақ тілін жетік білмейміз. Солай бола тұрып, қалай өзіңді мүлде «қатысың» жоқ халықтың ұлтымен байланыстырасың?»

Мафтуна Саиджонқызы, сатушы: «Қазақстанда тұрып жатқан соң, құжатымызда «қазақ» деп көрсеткен дұрыс шығар. Мысалы, менің әпкем Түркияда тұрады. Азаматтық алған соң, атын, тегін ауыстырып, ұлтын «түрік» деп жаздырған. Дұрыс қой, Түркияның азаматы түрік болуы керек емес пе. Сол сияқты біз де «қазақ» деп жаздыртсақ дұрыс деп ойлаймын. Қазақстанда туып өстік. Осы елдің азаматымыз. Демек, «қазақпыз» біз де».

Айнисәм Ибрагимова, зейнеткер: «Өте дұрыс, қолдаймын. Қазақстанда тұратын әр адам «қазақ» деп жазылуы керек. Міне, сол кезде тұтас қазақстан халқы 18 млн деп көрсетілер еді. Ал қазір тек қазақтардың ғана санын көрсетсе, алып үлкен мемлекетте аз ғана ұлт тұратындай көрінеді. Балаларымды да, немерелерімді де құжаттарында «қазақ» деп жаздырдық. Біз осы мемлекеттің азаматымыз. Біз де өзімізді қазақ деп санаймыз».

Наталья Мельницкая, мұғалім: «Әркім өзі таңдау жасауы керек деп санаймын. «Қазақ» болып жазылуды қаласа, жазыла берсін. Ұлттық мәселе өте нәзік мәселе ғой. Сондықтан бұл мәселеге қатысты тек қана айтарым, билік азаматтарға таңдау берсін».

Мария Вагнер, дәрігер: «Қарсымын. Өйткені адам өмірге келмес бұрын да өзінің қандай ұлттың өкілі болатынын болжап біле алмайды. Ал өзге ұлттың адамының құжатына басқа ұлтты көрсету қисынсыз нәрсе емес пе? Мысалы, мен неміспін. Құжатыма «қазақ» деп жаздырып алып, шетелге шықсам. Шетелдік құжатыма қарап, мені қазақ деп қабылдамайды ғой. Бәрібір сұрастыра келіп, түбім неміс екенін анықтайды. Сондықтан бұлай «қолдан қазақ жасауды» ақымақтық деп ойлаймын».

 P.S Расымен де, құжатқа «қазақ» деп жазғызып алғаннан ол адамның қазақ болып кетуі екіталай емес пе? Құжатында қазақ деп көрсетілген қаншама өз қазағымыз ана тілінен мақұрым, адам санын көбейтіп жүргені баршаға мәлім. Құжатта ұлтын қазақ деп көрсеткеннен ештеңе өзгере қоймайды. Десек те, айналамыз анталаған жау екенін ескерсек, болашақта «қазақпын» деп жерімізге жымысқы ниеттілер иемденіп кетпесіне де кепіл жоқ. Сайып келгенде, құжатына қазақ деп көрсеткісі келетін әрбір Қазақ елінің азаматы ең алдымен, қазақтың тілін білуге, салт дәстүрі мен заңын құрметтеуге, бұлжытпай орындауға дайын болуы керек сияқты. Ал мұндай шартты жүзеге асыру екінің бірінің қолынан келмейді. Тамырын қуалай аққан қаны қазақ болмағасын, құжатқа «қазақ» деп таңба бастыру не керек деген қисынды сұрақ та осыдан кейін туындары сөзсіз.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер