АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында бүкіл әлем көз тіккен Дүниежүзілік Универсиада өтіп жатыр. Еліміздің үкілеген үмітін арқалаған спортшыларымыз өте жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Қоржынымызда әзірге 3 алтын, 1 қола. Бұл үлкен жетістік. Өйткені командалық есеп бойынша үздік үштіктің қатарындамыз. Мұндай үлкен жетістікке жетуімізге студенттер спортының дамуына ерекше ықыластық танытқан ҚР Ғылым және Жоғары Білім министрлігі бірден-бір себеп болды. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деген сөз бар.
Шыны керек, бұл Универсиадаға Қазақстан студенттері қатыспауы да мүмкін еді. Үлкен қиындықтар болды. Алайда ҚР Ғылым және Жоғары Білім министрі Саясат Нұрбекұлының табандылығының арқасында қаржылық мәселелер тез арада шешіліп, еш кедергі мен қиындықсыз спортшыларымыз Америкаға аттанды. Алтыннан алқа тағынған студент-спортшылардың жеңісі – күллі қазақтың жеңісі. Бүкіл ел боп қуандық.
Спортшыларды қолдау үшін мұхит асып Америка құрлығына барған ҚР Ғылым және Жоғары Білім министрлігі спортшыларымызбен бірге жарыс жолында жүрді. Студент-спортшылармен кездесу өткізді. ҚР Ғылым және Жоғары Білім министрі Саясат Нұрбек: «Студенттер спортын қолға алып, дамыту жолында көптеген жұмыстар атқарамыз. Студенттер лигасы, ҚР чемпионаттарын өткіземіз. Спорт пен білімді ұштастырған әр студентке қолдау көрсетеміз»- деді. Бұл – спортшыларымызға үлкен мотивация.
Мен Қазақстан Ұлттық Студенттер спорт Одағының атынан, студенттердің атынан осындай үлкен қолдау көрсетіп отырған жаңа құрылған ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігіне үлкен алғысымды білдіргім келеді.
Айта кетейік, дүниежүзілік Универсиада - Олимпиададан кейінгі екінші рөлге ие үлкен жарыс. Универсиадада атой салып, ел намысын қорғау – спортты серік еткен әр студенттің арманы. Еліміз үшін барынша тер төккен әр студент-спортшыға сәттілік тілеймін.
Қайрат ЗАКИРЬЯНОВ,
Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының Президенті