"Асхат Қанатұлы бастаған ашықтық дәстүрін Ғанекең жалғастырады деп үміттенемін!" - тарихшы

8680
Adyrna.kz Telegram

Белгілі ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы Асхат Аймағамбетовтың қызметтен босатылуына қатысты пікір білдіріп, жаңадан тағайындалған Оқу-ағарту министріне сәттілік тіледі, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Министр кетті.... Жаңа министрге сәттілік... Француздарда патша өлсе ырғалып-жырғалмай "Король өлді, жасасын король" деп келесі патшаны таққа отырғызатын дәстүр бар.. Бізде де "дұрыс-бұрыс" деп ырғалып-жырғалуға уақыт тапшы... Дегенмен, кеткен министр туралы бірер сөз ауыз сөз айтайын.. Меніңше, Асхат Аймағамбетов қыруар шаруа атқарды. Өзге шаруаларын санамалап жатпай-ақ қояйық.. Асекеңнің жасағандарының ішіндегі ең сүбелісі - ашықтығы болды. "Я начальник, ты дурак" деген большевиктік ұстанымнан ажырай қоймаған қоғамда министрдің қатардағы мұғалімдермен етене жұмыс жасауы, біздің қоғамды демократияландыруға қосылған үлкен үлес деп айтар едім.. Өзге министрлер мен әкімдер, әсіресе идеологтар бұл жөнінен Асхат Қанатұлынан үлгі алса болады...", - дейді Өмір Шыныбекұлы.

Білікті педагог білім саласында әлі де болсын шешімін таппай келе жатқан мәселелерге тоқталды.

"Ал кейбір мәселелерді шеше алмаса оған біздің заңдардың солқылдақтығы (басқарма басшысын әкімнің тағайындауы) кедергі болды деп ойлаймын. Аймағамбетовтің жасай алмай кеткен тағы ісі - министрлік пен оның айналасын біліксіз кадрлардан тазарта алмауы дер едім. Бірақ бұл жағдайда да Асхат Қанатұлын түсінуге болады. Министрлікте жұмыс істейтін кейбір мамандардың "көкелері" Аймағамбетовтен биікте отыруы мүмкін.. Өз басым 3,5 жылдай ең шулы да, даулы саланы басқарып үлкен мектептен өткен дәл қазіргі А.Аймағамбетов үшін министрдің шекпені тар деп ойлаймын! Президент Қ.Тоқаев Аймағамбетов секілді потенциалы зор кадрды орнымен пайдаланатын шығар деп үміттенемін!", - дейді тарихшы.

Өмір Шыныбекұлы жаңадан тағайындалған Оқу-ағарту министрі жайлы да сөз қозғады.

"Ал жаңа министріміз Ғани Бейсембаев білім саласының барлық баспалдағынан өткен өте тәжірибелі маман. Адам ретінде кісіні бөтенсінуді білмейтін жайдары да, ашық мінезді екенін білемін! Сондықтан, Асхат Қанатұлы бастаған ашықтық дәстүрін Ғанекең жалғастырады деп үміттенемін! Екі азаматымыздың да жұмыстарына сәттілік тілеймін! Бірақ, Ғанекең өз жұмысын өзіне қарасты барлық мемлекеттік білім беру мекемелерін толық инвентаризация мен аудит өткізуден бастамаса бәрі бекер болатынына мен кәміл сенемін!", - деп жазды Өмір Шыныбекұлы. 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер