ЕЛДЕС ОРДА: Жер сілкінді, ал санамыз сілкіне ме?

2324
Adyrna.kz Telegram
Фото: Kazbilim
Фото: Kazbilim

Бірінші, Алматы жер сілкініс белдеуі аймағына жатады, ол ғылымда әлдеқашан дәлелденген, оған құмалақ ашып жаңалық айтудың керегі жоқ. Орталық Азияның қауіпті сілкініс белдеуінің бір жолағы Қазақстанның біраз аймағын қамтып жатыр. Жер кеше сілкінген, бүгін сілкінді, түптің түбінде ертең де сілкінеді және сілкіне береді. Жер- күнәнің көптігі үшін сілкінді деп аңыраған жұртқа құрғақ ақыл айтатын қаймана уағыз қай қоғамда болсын табылады, жер- атеист пен тәңіршілге "Аллаһты еске салды" дейтін міскін ой, асығыс тұспал қай жамағатта болсын табылады, бірақ табылмай тұрғаны ҒЫЛЫМ, мән берілмей тұрғаны да осы.

Екінші, жерді кім сілкісе де мейлі, маңыздысы ол емес, онсыз да сілкініс белдеуінде тұрып жатырмыз, "ұйқыдағы" сілкініс пен жанар тау бізде онсыз да баршылық. Мәселе біздің жердің сілкінуін қалай қабылдағанымызда болып отыр. Бізде отандық нақты ғалымдар бар жер сілкінісі туралы ғылыми зерттеу еңбектерін жазып академиялық тұспалдар жасап жатқан. Жер сілкінген жағдайда және болжамды сілкініс кезеңдерінде неге сол ғалымдармен санаспаймыз? Қаншама құрылыс компаниялары тұрғызған тұрғын үй кешендері бар, қай кешен сілкініске қаншалық жарамды? Біліп, тексеріп жатқан біреу бар ма?!

Үшінші, жер құдайды ұмытқан қазақ қоғамына Алланы есіне түсірді дейік, жарайды. Біздің қоғам соңғы 30 жылдан бері нео-исламданған қоғам екенін ескере отырып солай қабылдайық. Бірақ, Алланың 99 көркем аты бар, біздің кейбір діни белсенділер соның "қаһарлы" аттарын көбірек еске алып күнәсін есіне түсіріп діни жамағат көбейіткісі келетін сияқты көрінді. Неге Алланың "ғылым", "ілім", "х'алақ" яғни ғылым-күш, білім-күш дейтін ақылды ортаға қоятын нақты концепциялды аттарын еске түсірмейді?. Сонда біздің аңтарылған қоғам ҒЫЛЫМның қажетті күшін басқа қырынан сезінер еді ғой.

Төртінші, тағы да қайталап айтамын жер сілкініп тұрады, ол тұрақты жағдай. Жер сілкінген жағдайда біздің қоғам нақты салалық ғалымдарды көбірек басшылыққа алуы тиіс. Жапондар жүз жылдан бері солай істеді. Әр жойқын сілкіністен сабақ ала отырып адам шығыны мен материалдық шығынды ең төменгі шекке дейін азайтты. Жапондар жер сілкінген жағдайда "молданы, әулиені" іздеген жоқ, нақты инженер ғалымдарды басшылыққа алды, сол үшін жапон қоғамында миф тараған жоқ. Ал бізде ше? Мифтің жетпіс жеті атасы тарап онсызда аңыраған жұртты кеміріп жеп жатыр.

Бесінші, қазір тас лақтырсаңыз құрылыс компанияларының басына барып тиеді. Қаншама тұрғын үй кешендері мен нысандары бой тұрғызылды. Олардың жарнамасын көрсеңіз сол тұрғын үйде тұрғың келіп кетеді. Аталған кешендер күтпеген апатқа қаншалық дайын және адам шығыны мен материалдық шығынды қаншалық төмен көрсеткішке дейін түсіре алады деген сұрақ мазалайды?! Осы реткі сілкіністен соң біз қандай сабақ алдық? Егер жер сілкінісі құдайдың ескертуі болса онда құдай бізге нені ескертіп тұр? садақаны аз бердің деп ренжіп тұр ма, әлде ғылымсыз-ілімсіз қалмаңдар деп ренжіп тұр ма?.

Алтыншы, Жер сілкісіні бәрінен бұрын біздің санамызды сілкуі керек еді. Осы реткі төтенше жағдайдан соң қоғам болып ойлануымыз тиіс. Бізде "бісмилләні айтатын ауыз табылады, іс қылатын қол табылмай" тұр. Тек қана жер үшін айтқым келмейді, барлық саланың күйі осындай. Әр саланы өз мамандары айналысып зерттеуі, сын-пікір айтуы тиіс. Елдің басына күн туса бізге молда да, шоумен де, тиктокер де, әнші де көмектеспейді, бізге нақты ҒЫЛЫМ көмектеседі. Барлық ситуациядан ащы сабақ ала отырып елдің ертеңі, халықтың қауіпсіз, алаңсыз өмір сүруі үшін нақты шешімдер қабылдауымыз керек. Сонда біз күтпеген апатты жағдайда адам шығыны мен материалдық шығынды ең төменгі шекке дейін азайта аламыз.

Eldes Orda

 

 

 

Пікірлер