БҚО әкімдігі: Ресей мен Қазақстан шекарасындағы ахуал толық бақылауда

2055
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан мен Ресей Федерациясы шекарасы аумағында болып жатқан ахуал бақылауда, барлық күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар жұмылдырылды. Бұл туралы БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Қазіргі таңда Ресей Федерациясынан Қазақстанға өтетін шекара пункттерінде тәуліктік патрульдеу жүргізілуде. Сырым, Шаған, Тасқала, Теплый шекара посттарында тәулік бойы үздіксіз шекарашылармен қатар полиция қызметкерлері де жұмыс істеуде. Орал қаласы бойынша патрульдік полиция мен жаяу нарядтар көбейтіліп, барлық қоғамдық жерлер бақылануда.

Әрине, Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясының бес облысымен шекаралас болуы және басқа да географиялық- демографиялық факторларға байланысты шекарада тұрғандардың саны азаймауда. Сондықтан 330 мың тұрғыны бар облыс орталығы – Орал қаласы бірнеше мыңдаған шетелдіктерді қабылдауға дайын болмағандығы айтпасақ та түсінікті.

Сол себепті облыс еріктілерінің бастамасымен Орал қаласының жазғы лагерьлерінің базасында 330 орынға келушілерді ақылы түрде қабылдау пункттері ұйымдастырылды. (уақытша тұру + тамақтану ақысы – 5000 теңге)”,-деп жазды Бақытжан Хаберұлы.

Сондай-ақ, Бақытжан Нарымбетовтың айтуынша, тұрғындар үшін және РФ-нан келген азаматтарға түйткілді мәселелерді шешу мақсатында 109 бірыңғай call-орталығына хабарласуға болады. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде еліміздің басқа өңірлеріне жүретін тұрақты автобус маршруттарының қозғалыс кестесі, жолақы құны туралы ақпараттар орналастырылған.

“Талдау көрсеткендей біздің өңір арқылы шекарадан кірген Ресей азаматтарының басым көпшілігі облысымызды уақытша транзиттік пункт ретінде көруде. Сол себепті қалыптасқан жағдайға байланысты автобус парктерінің күніне бір рет Атырауға жүретін жолаушылар автобусын күніне 5 рет жіберуге мүмкіндігі бар. Ақтөбе қаласы бойынша да маршрут жіберуге дайын. Сонымен бірге барлық поезд бағыттарына қосымша вагондар тіркеу бойынша тиісті министрлік пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келіссөздер жүргіздік, олар да қолдауға әзір. Ішкі және сыртқы әуе рейстерін де ойластырып жатырмыз. 

Облыста азық-түлік бағасын тексеру және делдалдарды анықтау мақсатында мониторингтік топтар жұмыстануда. Соңғы аптада азық-түлік тауарлары бағасының өсуі байқалмайды.

Тек ресми ақпаратқа сену керектігін естеріңізге саламын. Біз үшін ең алдымен жерлестеріміздің қауіпсіздігі мен көңіл-күйі маңызды. 

Волонтерлерге айтарым бар. Әрине, Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтпақшы, баршаға жақсылық жасаған дұрыс қой, дегенмен отандастарымыздың мүддесі бірінші кезекте екендігін ұмытпаған жөн”, - деп қорытындылады.

”Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер