4 млн 200 мыңдық тендер жыры. "Картриджге бензин құймаймыз"

1495
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

9 қаңтар күні Адырна ұлттық порталында "4 млн 200 мың теңгелік жасырын тендер. Аурухана күніне 15 картриджді толтыра ма?" деген мақала жарияланған еді. Сол сыни материалға қатысты тиісті мекеме жауап берді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталының тілшісі.

Аталған материалда Батыс Қазақстан облысының әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы Облыстық көп бейінді ауруханасы 4 млн 200 мың теңгелік «2024 жылға арналған картридждерді толтыру қызметі» деген атаумен тендер өткізіп жатқаны, тендердің хабарламасы 16 қаңтардан бір апта бұрын жарияланғаны сыналған еді.

Сондай-ақ, техникалық сипаттамадағы  «Жанармай құюға өтінім беру және картридждерді толтыру бойынша..." деген сөйлемді мысал ете отырып:  "Жанармай құюға өтінім беру" деген не? Аурухана принтерге бензин құймақ па?"  деген сауалдар туындаған еді.

Мақалада аурухана бір жыл ішінде 5 468 мәрте картридж толтыратыны,  әр картриджді толтыру құны шамамен 769 теңгеге бағаланғаны, бар болғаны 30 түрлі принтер маркасы көрсетілгені, 30 принтерге бір жылда 5 468 мәрте картридж толтыру ақылға сыймайтыны жазылған еді.

Бұл мәселелерге қатысты БҚО әкімдігі ДСБ ШЖҚ "Облыстық көпбейінді ауруханасы" жауап берді.

Жауапта "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңның 22-бабы 1-3-тармағына сәйкес тендер хабарламасын бір апта бұрын жариялауға құқылы екендіктерін,  сондықтан өтінімді жасырудың ешқандай да амалы жасалмағанын, ал "жанармай қоюға өтінім беру" деген жерде аудармада қате кеткенін, өйткені аударма аудармашы маманның көмегінсіз онлайн-аудармашы арқылы жүзеге асырылғанын" жазыпты.

Мемлекеттік мекеменің мемлекеттік тілді құрметтемей, не себепті онлайн-аудармашыға жүгінгенін мүлдем түсіндірмепті...

Оның орнына "Бұл сөйлем "Картридждерді толтыруға өтінім беру" дегенді білдіреді, техникалық сипаттамада орыс тілінде "топлива" деген сөз жоқ, яғни картридждер бензинмен толтырылмайды" деп тілшіні кінәлаған. Сонда аурухананың логикасына салсақ, мемлекеттік тілде ақпарат алғысы келген әр азамат міндетті түрде орыс тіліне жүгінуі керек пе?

Ұзын-сонар жауапта облыстық ауруханада 289 принтер бар екені, яғни 5468 картридж: 289 принтер = 1 принтерге жылына 18 картриджді толтыру, сонда шамамен = айына 1 принтерге 1-2 рет картридж толтырылатыны айтылған. Ауруханада 289 принтердің бар екені неліктен техникалық сипаттамада көрсетілмегенін және түсіндірмеген.

Біз аурухана тендерінің ашық, техникалық сипаттаманың дұрыс болғанын қалаймыз! Сондықтан, бұл сын материал БҚО Денсаулық басқармасына сабақ болса екен дейміз!

Қанат Бірлікұлы
Адырна ұлттық порталы

Пікірлер