БҚО әкімі Нариман Төреғалиев мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс беріп, өңір тұрғындарын азаматтық белсенділік танытуға шақырды

336
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VrC8DmXnRk90HQsZ2Df7mJTZ3HntAbt41d9N3iO8.jpg

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжінде орналасқан №521 сайлау учаскесінде дауыс берді. Аймақ басшысы сайлау науқанының елдің саяси өміріндегі маңызын атап өтіп, мәслихаттардың өңірлерді дамытудағы рөліне тоқталды.

Нариман Төреғалиевтің айтуынша, мәслихат депутаттары жергілікті халықтың мүддесін білдіріп, азаматтарды толғандырған мәселелерді шешуге ықпал етеді. Сондықтан сайлауға қатысу – әрбір азаматтың ел болашағына қатысты өз ұстанымын білдіруінің маңызды жолы.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттардың құзыреті кеңейіп келеді. Халық қалаулылары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді. Мәслихат депутаттары – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан өңір тұрғындары дауыс беруге белсенді қатысып, азаматтық ұстаным танытады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Батыс Қазақстан облысында сайлау науқанына дайындық жұмыстары жүргізіліп, дауыс беруді ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлар жасалған. Өңір бойынша 451 868 азамат сайлауға қатысу құқығына ие. Облыста барлығы 673 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 14 аумақтық, 171 округтік және 488 учаскелік сайлау комиссиясы бар.

Сайлау науқаны аясында партиялық тізімдер мен бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 521 кандидат тіркелген. Олар сайлаушылардың қолдауына ие болу үшін өз бағдарламалары мен ұсыныстарын таныстырды.

Сайлау учаскелерінде азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, барлық учаскеде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы бұрыштар жабдықталған. Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған сайлаушылардың өз таңдауын дербес жасауына мүмкіндік беретін аудиобюллетеньдер әзірленген.

Бұл шаралар сайлау үдерісінің қолжетімділігін арттырып, әр азаматтың дауыс беру құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Пікірлер