Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. 2026 жылғы 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойған. Бұл туралы Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Министр жаңа азаматтық алған Алекс Машрабовқа Қазақстан төлқұжатын өзі табыстағанын хабарлады. Оның айтуынша, Президент жасанды интеллект саласын дамытуға және талантты мамандарды қолдауға ерекше көңіл бөледі.
Жаслан Мәдиев Higgsfield командасының отандық жасанды интеллект индустриясының дамуына қосқан үлесін де атап өтті. Министрдің мәліметінше, компания әзірлеген өнім әлемдік нарықта сұранысқа ие және оны 40 миллионнан астам адам пайдаланады.
Ол Алекс Машрабовтың жетістігі қазақстандық жастарға үлгі болатынын айтып, елімізде жүріп-ақ әлемдік деңгейдегі технологиялық өнімдер жасауға және халықаралық нарықта бәсекеге түсуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ министр кәсіпкердің Қазақстан азаматтығын алып, елдің технологиялық әлеуетін дамытуға үлес қосуға ниет білдіргеніне алғыс айтты.
