АҚШ-тың Иранмен соғысқа жұмсаған операциялық шығындары 47 миллиард доллардан асты. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Аталған сома АҚШ әскери күштерінің шілде айында ұсынған бағалауынан 25 пайыздан астамға жоғары. Жаңа деректер ресми түрде жарияланбаған.
АҚШ Қорғаныс министрлігінің болжамынша, жұмсалған оқ-дәрілер қорын толықтыруға 29 миллиард доллардан астам қаражат қажет. Ал жоғалған әскери техниканы, соның ішінде ұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын алмастыруға тағы 6 миллиард доллардан астам қаржы керек. Сонымен қатар есепке Иранның зымырандары мен дрондарынан зақымданған америкалық әскери базаларды жөндеуге жұмсалатын қомақты шығындар енгізілмеген.
Шілде айында АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет соғыстың құнын 37,5 миллиард доллар деп бағалаған еді.
Президент Дональд Трамп ақпан айында Израильмен бірлесіп, әскери операцияны бастаған кезде қақтығыс ұзаққа созылмайды деп күткен. Бастапқы жоспар бойынша, алдымен Иранның қорғаныс жүйесін басу үшін қымбат әрі жоғары дәлдікті зымырандар қолданылып, кейін арзанырақ оқ-дәрілерге көшу көзделген. Алайда Reuters материалында айтылғандай, сәуірдегі бітімнен кейін Иран әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің, зымырандық қару-жарағы мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының бір бөлігін қалпына келтіре алған.
Сонымен қатар The Wall Street Journal басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап, АҚШ дипломатиялық және әскери арналар арқылы Парсы шығанағындағы араб елдерін 3 қарашаға белгіленген Конгреске аралық сайлаудан кейін «қысқа, бірақ қарқынды әскери науқанға» дайындалуға шақырғанын хабарлағае. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, америкалық әскерилер Техас штатынан «Пэтриот» зениттік-зымыран кешенін тасымалдап, аймақтағы оқ-дәрі қорын толықтырып жатыр. Сондай-ақ бомбалаушы ұшақтар мен жойғыштарды ықтимал соққыларға дайындауда.
Трамптың айналасындағы дереккөздердің айтуынша, әскери операцияны қайта бастау туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Дегенмен, президент Иранға ауқымды шабуыл жасауға ниетті. Оның нысанасына елдің инфрақұрылымдық нысандары мен ядролық бағдарламасына қатысты объектілер ілігуі мүмкін.
Ықтимал жаңа әскери науқанға дайындық АҚШ-тағы аралық сайлау қарсаңында жүріп жатыр.
Республикалық партия Конгрестің қос палатасында да аз ғана басымдыққа ие. Reuters атап өткендей, соғыс салдарынан энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі Трамптың рейтингіне және республикалық кандидаттарды қолдау деңгейіне кері әсер еткен.
Қазан айының басында Трамп тараптар арасында «нәтижелі келіссөздер» жүріп жатқанын айтып, АҚШ сайлауға дейін Иранға соққы жасамайтынын мәлімдеген. Алайда бірнеше күннен кейін ол Тегеранмен келіссөздерді жалғастыру мүмкіндігіне күмән келтіріп, Вашингтонның кіммен келіссөз жүргізіп жатқанын енді түсінбейтінін айтқан.
АҚШ шенеуніктерінің сөзінше, тиісті бұйрық берілген жағдайда Пентагон ауқымды әскери қимылдарды қайта бастауға дайын.
