Қоңырау мен құтқару кезіндегі қас-қағым сәт. Жедел жәрдем тынысы

44
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/m5obN9vib3NujQku4pyDqxn61muCI8ewFm33IEOp.jpg

Алматыдағы №12 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының мамандары бір тәулікте жүздеген шақырту қабылдап, адам өмірін сақтап қалу үшін күреседі. «Адырна» ұлттық порталы ақ халаттылардың бір ауысымына қатысып, олардың жұмысының қыр-сырымен танысты.

№12 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясында 19 бригада мен 257 қызметкер бар. Олар төрт ауысыммен жұмыс істейді. Мұндағы таңғы ауысым сағат 7:30-дан басталады. Қызметкерлер жұмысқа келген бойда дене қызуын өлшеп, арнайы киімдерін киеді. Алғашқы міндеттердің бірі – медициналық құрал-жабдықтардың толықтығы мен жарамдылығын тексеру. Себебі шұғыл шақырту түскенде әр минут қымбат.

Фельдшер Мағжан Әбділәшіммұлының айтуынша, медициналық сөмкеде науқасқа алғашқы көмек көрсетуге қажетті құралдар болуы керек. Сондықтан мамандар әр ауысым алдында жабдықтарды түгелдеп, олардың жұмысқа жарамдылығына көз жеткізеді.

«Бір сөмкенің өзі 10 келіні құрайды. Оның ішіндегі дәрі-дәрмектерді түгелдей тексеріп, шақыртудан кейін орнын толықтырып отырамыз», - дейді маман.

Бригаданың дайындығы мұнымен шектелмейді. Көліктің ішіндегі медициналық аппараттар да тексеріледі. Фельдшер Аяжан Дарханқызы электрокардиограф, өкпені жасанды желдету аппараты және басқа да құрылғылардың қызметін түсіндірді. Бұл жабдықтар науқастың жағдайын бағалап, шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

«Көліктің ішіндегі ең қымбат әрі ең қажет құрылғы – Лукас аппараты. Жүрек кенеттен тоқтағанда осымен массаж жасайды. Бұл қазір адамдардың орнын алмастырып отыр. Жиі қолданатын құрылғыларымыздың бірі”, - дейді Аяжан.

ШАҚЫРТУДЫ САЛАЛАЙТЫН – ДИСПЕТЧЕР

Жедел жәрдемнің жұмысы көлік қозғалған сәттен емес, телефон қоңырауынан басталады. Шақыртуды қабылдайтын диспетчер науқастың жағдайы туралы мәлімет жинап, қажетті ақпаратты тиісті бригадаға жеткізеді.

Диспетчер Айкерім Ғабитқызының сөзінше, қоңырау кезінде науқастың аты-жөнін және жағдайына қатысты маңызды мәліметтерді анықтау қажет. Алынған ақпарат мамандардың шақыртуға дайындалуына көмектеседі.

«Біз тәулігіне 300-ге жуық шақырту қабылдаймыз. Науқас бізге хабарласқаннан кейін, категорияға қарай бригада жібереміз. Бір мен екінші категорияға көп басымдылық беріледі. Өйткені, ол санаттағы науқастарға эпилепсия, жүрек талмасы, созылмалы аурулары бар немесе өте ауыр жағдайдағы науқастар жатады. Шақырту көп болған кезде, санаттарына қарай, бригадаларды бөліп отырамыз», - дейді Айкерім.

АЛҒАШҚЫ ШАҚЫРТУ  – АЛТЫ АЙЛЫҚ СӘБИ 

Фельдшерлермен бірге алғашқы шақыртуға да бардық. Бұл жолы медициналық көмек алты айлық сәбиге қажет болды. Бала төсектен құлап кеткен. Бригада қажетті құралдарын алып, оқиға орнына дереу аттанды.

Мамандар баланың жағдайын бағалап, алғашқы көмек көрсетті. Кейін сәбиді балалар ауруханасына жеткізді.

Әр шақыртудың өз ерекшелігі бар. Бірінде науқасқа шұғыл көмек қажет болса, енді бірінде оның жағдайын бағалап, әрі қарай ем алуына жағдай жасау маңызды. Сондықтан медицина қызметкерлері әртүрлі жағдайға дайын болуы керек.

«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ ЖОЛ БЕРМЕЙТІНДЕР БАР»

Жедел жәрдем бригадасының жұмысында жүргізушінің рөлі де ерекше. Ол медицина қызметкерлерін оқиға орнына мүмкіндігінше жылдам әрі қауіпсіз жеткізуге тиіс. Қала көшелеріндегі қозғалыс, кептеліс пен шақыртудың шұғылдығы жүргізушіден мұқияттылық пен кәсібилікті талап етеді.

Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Мажит Амруллаұлы үшін де әр шақырту – үлкен жауапкершілік.

«Қазір жүргізушілер жедел жәрдем көлігіне жол беруді міндет деп қарап, қалыптастырып алған. Бірақ кейде музыкасын қатты қосып алған жастар байқамай қалып жатады. Сиренаны қосып қойсақ та, естімей, жол бермей өтетіндер бар. Амал жоқ, оларды күтуге тура келеді. Дегенмен әр минут бізге қымбат», - дейді Мажит Амруллаұлы.

Ауысым арасындағы демалыс уақыты нақты жоспарға бағына бермейді. Бригада бір шақыртудан оралған соң келесі мекенжайға қайта аттануы мүмкін.

Станциядағы тыныштық та ұзаққа созылмайды. Кезекті қоңырау түсіп, мамандар тағы да жолға дайындалады. Біз де бригаданың жұмысын бақылап жүргенде, олардың бір шақыртудан екіншісіне қалай ауысатынын көрдік. Екінші шақыртуда ес-түссіз жатқан ер адамға барып, жанұшыра көмек көрсеткен мамандардың қызметіне куә болдық.

«ЕҢ АУЫРЫ – ӨЛІМ ЖАҒДАЙЫН ЕСТІРТУ»

Жедел жәрдем қызметкерлерінің дені – жастар. Солардың бірі – 24 жастағы фельдшер Мағжан Әбділәшімұлы. Ол жұмысқа орналасқан бес жыл ішінде түрлі жағдайға тап болған. Оның ішінде өмір мен өлім арасында жатқан науқастарға көмек көрсету және айы-күні жеткен әйелді босандыру да бар.

«Мен осыдан бір-екі жыл бұрын егіз қыздардың өмірге келуіне себепші болып, олардың кіндік әкесі атандым. Алғаш рет мұндай шақыртуға барып тұрсам да, жауапкершілікті сезініп, бар күшімді салдым. Мүлде ұмытпаймын. Басқа да түрлі шақыртулар болып тұрады. Қандай шақырту түседі, соған жібереді, таңдамаймыз. Ең ауыры – өлім жағдайларын естірту, өте қиын», - дейді Мағжан.

Мұндай сәттер маманнан тек кәсіби білімді ғана емес, сабыр мен жылдам шешім қабылдауды да талап етеді.

«Біз өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін 227 бұйрық бойынша аяқ киімімізді шешіп кірмейміз. Оны кей адамдар түсіне бермейді. Кейде агрессия көрсететін де науқастар бар. Дегенмен, науқастарға көмек көрсетіп, үзілген үмітін жалғай алсам, маған сол күш береді. Бір сөзбен айтқанда, адамның өмірі мен өлімінің арасындағы көпірдейміз», - дейді дәрігер.

Жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысы сырт көзге көлікке мініп, шақыртуға барумен ғана шектелетіндей көрінуі мүмкін. Алайда әр сапардың алдында дайындық, әр шақыртудың артында жауапкершілік, ал әр науқастың жағдайында жеке шешімді қажет ететін сәттер бар.

Бір күн. Бірнеше шақырту. Сан түрлі тағдыр. №12 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясындағы бір ауысым бізге осы мамандықтың күнделікті тынысын көрсетті. Ал ақ халаттылар үшін бұл – үйреншікті жұмыс ырғағы ғана емес, адам өміріне жауап беретін үлкен міндет.

Дана Нұрмұханбет
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер