Екібастұздағы қалалық ауруханада дәрігер мен медбикеге шабуыл жасады деген күдікпен үш ер адам ұсталды. Бұл туралы Павлодар облысының полиция департаменті айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оқиға 12 сәуір күні таңертең болған. Масаң күйдегі ер адам травматология пунктіне медициналық көмек сұрап келген. Оның жанында тағы екі адам болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, еріп келгендер дөрекі мінез көрсеткен, дәрігердің ескертуіне агрессивті түрде жауап берген. Бөлмеден шығудан бас тартып, олар дәрігерге жұдырық жұмсаған. Жағдайға араласуға тырысқан медбике де дене жарақатын алды», – деп түсіндірді департамент.
Жарақат алған медициналық қызметкерлер ауруханаға жатқызылған. Қазіргі таңда күдіктілердің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалған, үшіншісі полиция күзетімен арнайы палатада жатыр.
Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Департаменттің мәліметінше, 7 наурыздан бастап Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 380-3-бабы күшіне енген. Ол медицина қызметкерлеріне қатысты қорқыту немесе күш қолдану үшін жауапкершілік қарастырады. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза — 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Екібастұздағы оқиғаға қатысты кінәлілер жылуы жоқ түрмеде жазасын өтейді деп сенемін - Димаш Құдайберген
