Алматыда ескі көліктердің қаладағы кейбір аудандарға кіруіне шектеу қойылмақ

234
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vQWg5x42BIBpM6Fwl3VHsneyUYXUba0FIBfoetPp.webp

Алматыда қала аумағының жекелеген бөліктеріне экологиялық талаптарға сай келмейтін ескі автокөліктердің кіруіне шектеу енгізу жоспарланып отыр. Бұл шара құны 28,6 млрд теңгеден асатын үш жылдық табиғатты қорғау жоспары аясында көзделген. Бағдарламаны Алматы қалалық мәслихаты бекітті, деп хабарлайды "Адырна".

Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – ауа сапасын жақсарту. Құжатқа сәйкес, 2027 жылы «Алматы паркинг» компаниясымен бірлесіп қалада төмен шығарындылар аймақтары (Low Emission Zones) құрылады. Заманауи экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін ескі көліктердің бұл аймақтарға кіруіне шектеу қойылады.

Сонымен қатар, көліктердің техникалық жағдайына бақылау күшейтіледі. EcoAlmaty ЖШС-нің бекеттері полициямен бірлесіп, күн сайын жол бойында автокөліктердің улы шығарындыларына кемінде 550 өлшеу жүргізеді.

Бұдан бөлек, қала билігі экологиялық класы төмен ескі автокөліктерді халықтан сатып алу бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр.

Көлік қозғалысына қатысты шектеулер ауаның ластануын азайтуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болады. Атап айтқанда, ЖЭО-2-ні жаңғырту жұмыстары 2028 жылы аяқталуы тиіс. Станса газға көшірілгеннен кейін зиянды шығарындылар көлемі жылына 37 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін, яғни 14 есеге қысқарады деп күтілуде.

Ал ЖЭО-3-те жаңа бу-газ қондырғыларын 2026 жылы іске қосу, ал 2027 жылы ескі көмір жабдықтарын толық бөлшектеу жоспарланған. Соның нәтижесінде шығарындылар көлемі 1,6 мың тоннаға дейін төмендейді.

2028 жылдың соңына дейін Алматыдағы жеке сектордағы газдандырылмаған үйлерді толықтай газға қосу, сондай-ақ Алматы облысына іргелес аудандардағы шығарындыларға бақылауды күшейту көзделген. Қорғаныс министрлігіне қарасты нысандардағы қазандықтар да сұйық отыннан газға ауыстырылып, бұл олардың зиянды шығарындыларын 40 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.

Экологиялық бақылау шағын бизнеске де күшейтіледі. EcoAlmaty экологиялық зертханасы дрондардың көмегімен көмір, ескі автокөлік шиналары мен басқа да қауіпті қалдықтарды жағатын жеке үйлер мен коммерциялық моншаларды анықтайды.

Сондай-ақ мейрамханалар, кафелер мен кәуапханалар түтінді күйе мен көмірсутектерден кемінде 60 пайызға тазартатын сүзгілерді орнатуға міндеттеледі.

Бағдарламаның қомақты бөлігі су нысандарын қалпына келтіруге бағытталған. Ұзындығы 7,5 шақырым болатын Есентай өзенінің арнасын күрделі жөндеуге 3 млрд теңге, ал ұзындығы 23,1 шақырым Үлкен Алматы каналын қайта жаңғыртуға 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Сонымен қатар, Қарғалы өзенінің арнасын қайта жаңғыртуға 3 млрд теңгеден астам, ал ұзындығы 123,3 шақырым жаңа арық желілерін салуға 6,2 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Кіші Алматы өзенінің 10 шақырымдық арнасын жөндеу және Аэропорт көлін лайдан тазарту жоспарланған.

Көгалдандыру жұмыстары аясында 2026 жылы қаладағы ағаштардың 90 пайызын түгендеу мен тексеруге 330 млн теңге бөлінеді. Зиянкестерге қарсы химиялық өңдеумен 2,5 миллион жасыл желек қамтылады.

Жыл сайын коммуналдық қызметтер кемінде 320 мың ағаш отырғызып, 198 мың шаршы метр гүлзар салуға міндеттеледі.

Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру де бағдарламаның маңызды бағытының бірі болмақ. Қоқыс таситын көліктердің қозғалысы бірыңғай диспетчерлік орталық арқылы бақыланып, заңсыз қоқыс орындарының санын азайту және тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы шығару қамтамасыз етіледі. Жоспарға сәйкес, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің саны кемінде 10 пайызға қысқаруы тиіс.

Алматы қалалық мәслихатының депутаттары табиғатты қорғау бағдарламасының орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, оның әрбір бағыты бойынша есептерді жүйелі түрде тыңдайтын болады.

Пікірлер