Алматыда ORDA.KZ ақпараттық сайтының тең құрылтайшысы әрі бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бәжкеноваға қатысты сот процесі басталады. Іс Бостандық аудандық №2 сотында офлайн форматта қаралады.
Гүлнар Бәжкеноваға бірден үш бап бойынша айып тағылып отыр. Олар – Қылмыстық кодекстің 189-бабы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету»), 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») және 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату»).
Бәжкенова 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бері үйқамақта. Сол күні полиция оның үйі мен Orda.kz редакциясында тінту жүргізді. Кейін редакцияның бірнеше қызметкері жауап алуға шақырылды.
Сот оған мемлекет есебінен адвокат тағайындады.
Істің мән-жайы
Іс бойынша жәбірленуші ретінде «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі қазіргі директоры Мақсат Ғаниев танылған.
Ғаниевтің айтуынша, ол 2020 жылы компанияны құрып, жобаның алғашқы инвесторы болған. 2020–2021 жылдары компанияның жарғылық капиталын үш рет ұлғайтып, жалпы 93 миллион теңге салған. Оның сөзінше, редакцияның жұмысына араласпай, командаға толық сенім артқан.
Кәсіпкердің айтуынша, 2022 жылдың 22 тамызында Гүлнар Бәжкенова компанияның 100 пайыз үлесін 93 миллион теңгеге сатып алған. Тараптар үш жылға бөліп төлеуге келіскен.
Алайда бірнеше айдан кейін, Ғаниевтің сөзінше, Бәжкенова қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтып, компанияның 70 пайыз үлесін қайта сатып алуын сұраған. Кәсіпкер бұл ұсынысқа келісіп, 2023 жылдың 7 ақпанында 70 пайыз үлесті 65 миллион теңгеге сатып алып, ақшаны толық әрі бірден төлегенін айтады.
Сонымен бірге, оның мәлімдеуінше, 2022 жылы сатылған компанияның 100 пайыз үлесі үшін үш жыл ішінде бірде-бір төлем түспеген.
Ғаниевтің айтуынша, төлем мерзімі аяқталған соң ол мәселені заң аясында шешуге кіріскен. Ол аудит өткізуді ұсынып, компанияның қаржылық құжаттарын талап еткен және сотқа жүгінген.
Сондай-ақ кәсіпкер бір жылға жуық уақыт бойы дауды сотқа жеткізбей шешуге тырысқанын, алайда оның ұсыныстары қабылданбағанын айтты. Оның сөзінше, қаржылық құжаттарды тексеру кезінде заңбұзушылық белгілері анықталған. Бірақ сот процесі жалғасып жатқандықтан, олардың мән-жайын жарияламады.
Бұдан бөлек, Ғаниевтің айтуынша, бұған дейін Бәжкенова өзін рейдерлік жасады деп Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арыз берген. Алайда тексеру барысында бұл дерек расталмаған, іс құқық бұзушылық оқиғасы болмағандықтан тоқтатылған.
Сонымен қатар, кәсіпкердің мәлімдеуінше, тексеру кезінде «OrdaMedia.kz» ЖШС қаражатын жымқыру және ысырап ету белгілері анықталған.
Ғаниевтің пікірінше, бұл жайттар аудит барысында да белгілі болар еді және дау азаматтық тәртіпте қаралатын еді. Бірақ оның сөзінше, Бәжкенованың арызының нәтижесінде бұл эпизод қылмыстық істің бір бөлігіне айналған.
"Ақымақ сұрақ!" Тұрлыханов тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сұрақ қойған тілшіге ұрсып жіберді (ВИДЕО)
