Семейде 13 жастағы екі оқушы арасында жанжал болып, олардың бірі сыныптасын пышақпен жаралаған, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқиға мектептен тыс жерде, балалар сабақтан кейін үйлеріне қайтып бара жатқан кезде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқушылардың арасында түсініспеушілік туындаған.
Жарақат алған бала көрші үйге өздігінен жетіп, көмек сұраған. Кейін ол ауруханаға жеткізілді. Баланың денесінен 15 пышақ жарақаты анықталған.
Дәрігерлердің мәліметінше, жасөспірімнің іш қуысына пышақ жарақаты өтіп, оң жақ бүйрегі мен іш майы зақымданған. Сондай-ақ іш қуысына қан кеткен және денесі мен аяқ-қолында бірнеше жарақат болған.
Балаға төрт сағатқа жуық операция жасалған. Ол үш тәулік жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Қазір дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
Оқиғаға қатысқан екінші оқушы да ауруханаға жеткізілген. Оның жарақаты медициналық өңдеуден өткізілгеннен кейін үйіне жіберілген. Полицияның мәліметінше, ол үйінде жүр және қолхат негізінде бақылауда.
Екі жасөспірім де Семейдегі №52 мектептің бір сыныбында оқиды. Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, балалар бұған дейін құқық бұзушы ретінде есепте тұрмаған және бір-бірімен дос болған.
Полиция бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Кәмелетке толмағандардың құқықтық мәртебесі мен оқиғаға қатысты түпкілікті шешім тергеу нәтижесінде белгіленеді.
