Еуразиялық экономикалық одақтың статистикасы бойынша, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру көрсеткіші бойынша көш бастады. Үш айдың ішінде елімізде 10 300 жаңа оқушы орны мен 1 307 мектепке дейінгі орын ашылып, білім беру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың қарқыны айқын көрінді.
Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін жаңғыртуға, мектептердегі орын тапшылығын азайтуға, үш ауысымды оқытуды жоюға және азаматтардың сапалы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға басымдық беріп келеді. Осы бағыттағы реформалардың нәтижесі ретінде жаңа білім беру нысандарының саны артып, әлеуметтік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Қазақстанның аталған көрсеткіштер бойынша ЕАЭО кеңістігіндегі көшбасшылығы нені білдіреді? Бұл нәтижелер білім беру реформаларының тиімділігін қаншалықты көрсетеді? Осы және өзге де сұрақтарға әлеуметтанушы, әлеуметтік саясат, әлеуметтік жұмыс, цифрландыру және қоғамның әлеуметтік трансформациясы мәселелерін зерттеуші Медет Құдабеков жауап берді.
- ЕАЭО статистикасына сәйкес, 2026 жылдың І тоқсанында Қазақстан жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру бойынша бірінші орынға шықты. Бұл нәтижені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жүйесін жаңғыртуға және сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған реформаларының нақты жемісі деп бағалауға бола ма?
- Бұл нәтижені Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформаларының жемісі деп бағалауға болады. Себебі жаңа оқушы орындарының ашылуы – білім беру саласындағы нақты жұмыстың нәтижесі. Бұл тек қағаз жүзіндегі жоспар емес, халық күнделікті өмірде көріп отырған өзгеріс. Жаңа мектептердің ашылуы балаларға арналған орындардың көбеюіне, үш ауысымды оқытудың қысқаруына және ата-аналар үшін қолайлы жағдайлардың қалыптасуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жетістіктердің бірі. Сонымен қатар, жаңа білім ошақтарында білікті педагогтердің жұмыс істеуіне жағдай жасалып, заманауи білім беру бағдарламалары енгізілуде, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасы қалыптасуда. Мектептер интернетпен және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп, басқару жүйелері де жетілдірілуде. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде білім беру сапасы артып, оқушылардың жан-жақты дамуына кең мүмкіндіктер жасалуда.
- «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында адами капиталды дамытуға ерекше мән берілуде. Қазақстанда 10 300 жаңа оқушы орнының ашылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан білім беру реформаларының тиімділігін қаншалықты көрсетеді?
- 10 300 жаңа орын – өте маңызды көрсеткіш. Бұл мыңдаған балаға мектепте жайлы жағдайда білім алуға мүмкіндік береді. Әсіресе халық саны қарқынды өсіп жатқан қалалар мен ауылдар үшін мұндай орындардың маңызы зор. Бұл көрсеткіш реформалардың нәтиже бере бастағанын көрсетеді. Сонымен қатар, реформалардың тиімділігі жаңа орындардың санымен ғана емес, білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстармен де бағаланады. Бүгінде мектептерде балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалып, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, оқу бағдарламаларын заман талабына сай жетілдіру және ауыл мен қала оқушыларының білім алу мүмкіндіктерін теңестіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы бастамалар өзара үйлесім тапқан сайын реформалардың нәтижесі де айқынырақ көріне түседі.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептердегі орын тапшылығын және үш ауысымды оқыту мәселесін жою қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Қазақстанның бүгінгі ЕАЭО кеңістігіндегі көрсеткіштері осы міндеттердің табысты орындалып жатқанын дәлелдей ала ма?
- Жаңа оқушы орындары көбейген сайын мектептердегі орын тапшылығы азаяды. Бұл үш ауысымды оқытуды қысқартуға да оң әсер етеді. Сондықтан қазіргі көрсеткіштер аталған бағыттағы жұмыстардың жүріп жатқанын көрсетеді. Кейбір өңірлерде халық саны қарқынды өсіп, жаңа тұрғын үйлер салынуда, соған сәйкес балалар саны да артып келеді. Сондықтан мектеп құрылысына тұрақты түрде көңіл бөлініп, жаңа білім беру нысандары пайдалануға берілуде. Сонымен қатар әр өңірдің нақты қажеттілігі ескеріліп, инфрақұрылымды соған сәйкес жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл білім беру жүйесінің қолжетімділігі мен сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
- Соңғы жылдары Қазақстандағы білім беру және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында ауқымды ұлттық жобалар іске асырылуда. Қазақстанның ЕАЭО елдері арасында білім беру нысандарын дамыту бойынша көшбасшылыққа шығуына қандай бастамалардың ықпалы болды?
- Қазақстанның ЕАЭО елдері арасында көшбасшылыққа шығуына бірнеше маңызды бастама әсер етті. Біріншіден, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ерекше рөл атқарды. Бұл жоба жаңа мектептер салуға, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуге бағытталған. Екіншіден, білім беру инфрақұрылымын қолдау бойынша жүйелі шаралар іске асырылып жатыр. Үшіншіден, ауыл мектептерін жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, қауіпсіздік жүйелерін енгізу және цифрлық технологияларды дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Яғни бұл тек жаңа мектептер салу емес, жалпы әлеуметтік және білім беру инфрақұрылымын кешенді түрде жаңарту саясатының нәтижесі деп айтуға болады.
- Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы үш айында мектепке дейінгі ұйымдарда 1 307 жаңа орын ашылды. Бұл көрсеткіш Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасыларды қолдауға және әлеуметтік мемлекетті нығайтуға бағытталған саясатының нәтижесі ретінде қаншалықты маңызды?
- Балабақшалардағы орындардың көбеюі отбасыларға тікелей әсер етеді. Ата-аналар, әсіресе жас аналар, жұмысқа шығуға мүмкіндік алады. Ал балалар ерте жастан тәрбие мен білім алады. Сондықтан бұл әлеуметтік мемлекетті нығайтудың нақты көріністерінің бірі деп айтуға болады. Себебі мемлекет тек мектеп жасындағы балаларды ғана емес, мектепке дейінгі жастағы балаларды да қолдайды. Бұл жерде орын санымен қатар тәрбиешілердің кәсіби деңгейі, балабақшалардың қауіпсіздігі, тамақтану сапасы және балаларды дамыту бағдарламалары маңызды рөл атқарады. Аталған бағыттарды дамыту мектепке дейінгі білім беру сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
- Президент реформаларының негізгі бағыттарының бірі – азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы әлеуметтік қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. 2026 жылдың І тоқсанындағы нәтижелер еліміздің қалалық және ауылдық өңірлерінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының тиімділігін қаншалықты көрсетеді?
- Жаңа мектептер мен балабақшалардың ашылуы өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымның дамып жатқанын көрсетеді. Бұл әсіресе ауылдық жерлер үшін маңызды. Өйткені ауылда заманауи мектептің болуы – оның болашағының берік негізі. Сонымен бірге әлеуметтік инфрақұрылым тек мектеп пен балабақшамен шектелмейді. Жақсы жолдар, таза ауыз су, сапалы интернет, қолжетімді медициналық қызмет, қауіпсіз орта және қоғамдық көлік жүйесі де маңызды орын алады. Мектептердің ашылуы осы бағыттардағы оң өзгерістермен ұштасқанда оның тиімділігі одан әрі арта түседі. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды тетігі болып қала береді.
- Халықаралық сарапшылар білім беру саласына салынған инвестицияларды ұзақ мерзімді экономикалық өсудің басты факторларының бірі ретінде бағалайды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ЕАЭО бойынша жаңа оқушы орындарын құруда көшбасшы болуы Қазақстанның бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларының нақты нәтижесі деп айтуға бола ма?
- Иә, айтуға болады. Себебі білімге салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Оның нәтижесі бірден көрінбейді. Бүгін ашылған мектептің нақты экономикалық пайдасы 10–15 немесе 20 жылдан кейін байқалуы мүмкін. Сол мектепте білім алған балалар ертең маман, инженер, мұғалім, дәрігер немесе кәсіпкер болады. Сондықтан жаңа оқушы орындарының ашылуы тек құрылыс көрсеткіші емес. Бұл – адами капиталды дамытуға бағытталған маңызды қадам. Егер жаңа мектептер сапалы білімнің, заманауи менеджменттің, цифрлық инфрақұрылымның және қауіпсіз ортаның орталығына айналса, онда олар ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосады. Жалпы алғанда, Қазақстанның бұл көрсеткіші қуантатын жағдай.
