Қазақстан "керек кезде" санкциядағы елге бензин беретінін мойындады

3004
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан үкіметі "қажет болған жағдайда" Ресейге жанар-жағармай жеткізу туралы келісімнің болғанын мойындады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл ақпаратты мереке қарсаңында Премьер-министрдің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Үкімет деңгейінде қажет болған жағдайда ресейлік тараппен жанар-жағармай жеткізу туралы келісімдер бар екені айтылды», - делінген ресми хабарламада.

Қазақстан Премьерінің бірінші орынбасары Роман Скляр ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау және оларды республикадан заңсыз әкету әрекеттерінің жолын кесу бойынша нақты тапсырмалар бергені атап өтілді.

Еске сала кетейік, Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуыл салдарынан тапшылық туындаған жағдайда Қазақстаннан 100 мың тонна бензин жеткізуге дайын тұруын сұраған еді. Алайда Reuters-тің 8 сәуіріндегі ақпаратын Қазақстан Республикасының Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов жоққа шығарған. Ол Энергетика министрлігіне ресейлік әріптесінен мұндай сұраныс түспегенін айтқан еді.

Ресей әдетте жанармайдың нетто – экспортері (яғни, экспорт көлемі импортынан артық)  және халықаралық нарықтарға жеткізуші болып табылады. Бірақ мұнай өңдеу зауыттарының Украина дрондарының шабуылына ұшырауы Ресей мұнай компанияларын импорт жасауға мәжбүр еткен сияқты.

Reuters дереккөзінің айтуынша, Мәскеу Қазақстаннан Ресейге жеткізуге әзір тұратын 100 мың тонна бензиннің төтенше резервін құруды сұраған.

Сондай-ақ, Мәскеу 1 наурыздан бастап жанармай тапшылығының алдын алу үшін алты айға бензин экспортына тыйым салған. Дегенмен бұл Мәскеу басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа, оның ішінде Қазақстанға, сондай-ақ Моңғолия сияқты кейбір елдерге қатысы жоқ.

Ал трейдерлер Ресейдегі жағдай ушығып кетсе, тыйымды кеңейту мүмкін екенін айтады.

Пікірлер