Фото: Almatyzoo
Алматыда 9 маусымға қараған түні хайуанаттар бағында өрт шықты. Зообақ мәліметінше, түнгі сағат 00:30-дан кейін Алматы хайуанаттар бағының аумағында жалға алушыға тиесілі фотосалон бутигінде және оның жанында орналасқан экскурсиялық гольф-карларда жалын шарпыған, деп хабарлайды "Адырна".
Оқиға орнына өртке қарсы қызмет бөлімшелері жедел келіп, өрт дер кезінде оқшауланып, толықтай сөндірілді.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері уәкілетті органдар тарапынан анықталып жатыр.
Оқиға салдарынан хайуанаттар бағының мүлкіне зиян келтірілмеген. Қызметкерлер мен жануарлар арасында зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта Алматы хайуанаттар бағы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы ақпарат 9 маусымда сағат 00:48-де түскен.
Оқиға орнына келген кезде екі электр-көлік пен балалар пойызы жанып, өрттің фотобутикке таралғаны анықталған. Өрттің жалпы ауданы 25 шаршы метрді құрады.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 1-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық іс тіркелген.
