Трамп Иранның ішкі ісіне араласты ма? Иранның БҰҰ-дағы өкілі АҚШ басшысын айыптады

357
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mOi7v1I0UcViAVe1kK73hN2LAWY7uoEaYkZygWJp.avif

Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Амир Саид Иравани БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришке және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасына хат жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Al Jazeera-ға сілтеп.

Ираванидің айтуынша, Трамптың Ирандағы наразылықтарға байланысты жасаған мәлімдемелері арандатушылық сипатқа ие және БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзады. АҚШ президенті егер Иранда шерушілерге қарсы күш қолданылса, Вашингтон «күресуге дайын» екенін айтқан болатын.

"Қандай да бір ішкі тәртіпсіздіктерді сыртқы қысым немесе әскери араласу арқылы қоздыру, қолдау көрсету немесе заңдастыру Иран Ислам Республикасының егемендігіне, саяси тәуелсіздігіне және аумақтық тұтастығына қарсы ауыр құқықбұзушылық болып табылады", — деп жазды Иравани өз хатында.

Сонымен қатар Иран тарапы мемлекеттің егемендігін қорғауға толық құқығы бар екенін атап өтіп, бұл құқықты «қатаң әрі теңгерімді түрде» жүзеге асыратынын мәлімдеді. Иравани АҚШ-ты заңсыз қауіп-қатерлер мен одан туындайтын шиеленістердің барлық салдары үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға шақырды.

Пікірлер