Ұстазға тағзым – ұрпаққа аманат

4206
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/v7kQJI2WSh06LAO1TOrk4Ui6L3HkjoradDepQnyU.jpg

​Батыс Қазақстан облысында Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиын «Атамекен» өнер ордасында тойланды. «Ұстазға тағзым – ұрпаққа аманат»атты салтанатты кешке сегіз жүзден аса сала мамандары шақырылды.

​Рухани мазмұны терең, тағылымы мол мерекелік шараға өңірдің білім беру саласының ардагерлері мен үздік педагогтері, аудан-қалалардан арнайы шақырылған қонақтар мен жас мамандар қатысты. Мерекелік кеште Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздық қызметтің қоғамдағы орны мен маңызына ерекше тоқталды.

– Мамандықты жүрек қалауымен таңдаған әрбір мұғалім – қажырлы еңбектің, сарқылмас шыдамның, шексіз сүйіспеншіліктің иесі. Сондықтан да ұстаз – қашанда құрмет пен сенімнің биік төрінде. Ел ертеңі – жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Ұстазға тағзым – болашаққа жасалған инвестиция, – деді аймақ басшысы Нариман Төреғалиұлы.

​Салтанатты жиында өңірдің бірқатар үздік педагогтері арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Тасқала ауданындағы «Сәулет» мектеп-лицейінің директоры, математика пәнінің мұғалімі Аққаным Бисалиева — «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қайдар Қапанов атындағы Орал халықаралық гимназиясының бас директоры Қайдар Қапанов — «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалімен, С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Гүлмирам Мұсағалиева — «Батыс Қазақстан облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін»төсбелгісімен марапатталды.

​Сонымен қатар кәсіби мереке қарсаңында бір топ ұстаздар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне, «Құрмет грамотасына», БҚО әкімінің Алғыс хатына, сондай-ақ облыстық білім басқармасының «Білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды.

​Ұстаздардың еңбегі тек облыс көлемінде ғана емес, ел деңгейінде де жоғары бағаланды. Мұғалімдер күніне орай елордада өткен салтанатты қабылдауда Батыс Қазақстан облысынан үш бірдей ұстаз жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл – өңір педагогтерінің сапалы білім мен тәрбиені ұрпаққа сіңірудегі тынымсыз еңбегінің жарқын көрінісі.

​Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар ұстаздарға арналған жүрекжарды әндер мен әсем би тарту етті.

Осылайша, қазан айының алғашқы аптасы – ұстаздарды ұлықтауға арналған ерекше күндердің бірі ретінде тағы да жарқын естелікке айналды. Ұстаз аты – биік, мәртебесі – мәңгі. Өйткені олар – болашаққа жол сілтейтін шамшырақ.

Пікірлер