Енді Қарағанды облысындағы Осакаров ауданы «Сарыбел» деп аталады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
"Қарағанды облысының Осакаров ауданының атауы өзгертіледі. Жергілікті тұрғындар жиырма жыл бойы «Сарыбел» тарихи атауын қайтару мәселесін көтеріп келген болатын. Бүгін ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясы осы мәселеге байланысты бірауыздан оң шешім қабылдады. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің жаңа ауданға «Тұран» атауын беру туралы ұсынысы да қолдау тапты",- делінген хабарламада.
Сондай-ақ, комиссия мүшелері мемлекеттік меншіктегі бірқатар объектілерге атау беру және қайта атау туралы ұсынысқа оң қорытынды берді.
«Қоғамда ономастика мәселелерінің әлеуметтік маңызы зор. Барлық ұсыныстар сараптамалық және ғылыми орта өкілдерінің, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың қатысуымен қаралады. Соңғы уақытта комиссия бірінші кезекте азаматтардың пікірін ескеріп, бірқатар маңызды шешімдер қабылдады», - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
"Адырна" ұлттық порталы