Бүгін - Кеншілер күні. Елімізде жыл сайын тамыз айының соңғы жексенбісінде кеншілер өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Ұлытау облысы мен Қарағанды облысының әкімдері кеншілерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
"Кен байыту саласы Ұлытау облысы үшін ерекше маңызға ие. Кеншілер мен байытушылар тек облысымыздың ғана емес, тұтастай республиканың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жәйрем кенті – кеншілер мен байытушылардың құтты мекені. Биыл облысымызда бұл мереке бір апта бойы атап өтіліп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйланып отыр. Осы іс-шараларды ұйымдастырған «Қазақмыс» компаниясының басшылығына алғысымды білдіремін, — деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөзінде.
"Бұл күн Қарағанды жұртшылығының ең атаулы мерекесі. "АрселорМиттал Теміртау", "Қазақмыс" корпорациясы және тағы да осы секілді ірі өндіріс орындары өңірімізге жаңаша тыныс беріп, индустриямызға үлесін қосуда. Бүгінде облыста тау-кен өндіру өнеркәсібі кәсіпорындарында 90 мыңға жуық адам еңбек етеді. Қарағанды көмір бассейнінің қалыптасуына баға жетпес үлес қосқан, оның тарихына ең үздік және ұмытылмас беттерді жазған шахтер еңбегінің ардагерлеріне, шахтер әулеттерінің өкілдеріне ерекше алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, еңбекте табыс және отбастарыңызға бақ-береке тілеймін! Мереке құтты болсын!", - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.