Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ өңірінің тұрғындары бұрынғы аудан мәртебесін қайта қалыпқа келтіруді сұрап отыр. Олардың айтуынша, бұл облыс әкімі шешетін сұрақ емес, мұндай тағдыршешті мәселені оңтайлы шешу тек ел президентінің қолынан келеді. Осыған орай өңір тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, 2000-нан астам қол қойылған петиция жариялады. Сонымен қатар Қазыбек би ауданын қайта ашу жөніндегі жұмыс тобы жергілікті ауыл халқымен жиын өткізіп, оған 310-нан астам адам қатысты.
Егіндібұлақ ауылдық округі 25 жыл бұрын Қазыбек би ауданының орталығы болған. Шаруашылығы өркендеп тұрған Қазыбек би ауданы 1997 жылы 23 мамырда таратылып, бір бөлігі Қарқаралыға, бір бөлігі Шығыс Қазақстан облысына берілген. Сол кезден бастап Едірей, Айрық, Мыржық, Арқалық, Абай, Шөптікөл, Қызылшілік, Қаратау ауылдарының тұрғындары аудан орталығынан алшақтап қалған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жолдың шалғайлығына шыдамаған талай жұрт тұрмыстың қамымен қалаға сабылып, күнкөріс үшін жаппай облыс орталықтарына қарай үдере көше бастаған. Сөйтіп аудан мәртебесінен айырылған Егіндібұлақ өңірінде халықтың саны азайып, тұрмыс сапасы күрт төмендеп кеткен.
Егіндібұлақтықтар жылдар бойы аудан мәртебесін қайта қайтаруды сұрап талай табалдырықты тоздырған. «16 наурызда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына "Жаңа Қазақстан. Жаңару мен жаңғыру жолы" деген жолдауын арнады. Осы жолдауда: «Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз» – деп білдірген ұстанымы біздің сөнген үмітімізді қайта жақты. Міне сол әулиелердің бірі - біздің Қаздауысты Қазыбек би баба. Енді орайы келіп тұрғанда жеке ауданның құрылуы заңдылық», – деп санайды жергілікті тұрғындар.
Adyrna.kz тілшісі мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Егіндібұлақ ауылдық округіне барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ, жұмыс тобының мүшесі, журналист:
СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫНЫҢ АЩЫ ЗАРДАБЫН КӨРГЕН ЕГІНДІБҰЛАҚ ТҰРҒЫНДАРЫ 40 МЫҢ АДАМНАН 4 МЫҢ АДАМҒА ҚЫСҚАРҒАН...
«Біз Егіндібұлақ ауданын қайта ашу туралы ҚР-ның Президентіне, ҚР-ның Парламентіне, ҚР-ның Үкіметіне, Қарағанды облысының әкіміне Ашық хат жолдаған едік. Оған 2000-нан астам адам қол қойды. Қазақ халқының бастан кешкен нәубетінің барлығын да осы Егіндібұлақ тұрғындары өз басынан өткерген. Әсіресе Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Егіндібұлақ ауданы барлық қиянатты көріп бақты. Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты кітабында келтірілген деректерге сенсек, 1931 жылға дейін Егіндібұлақ ауданында 40300 тұрғын болса, 1934 жылғы дерек бойынша 4500 адам ғана қалған. Соған қарамастан 1934 жылы аудан жабылып қалмай, одан әрі өмір сүріп, дамыған. Ал 1997 жылы аудан жабылғанда өңірде 17500 халық тұрды. Бұл ресми дерек. 1931-1933 жж. ашаршылық, т.б. қиыншылықтардың ішіндегі ең ауыры – жергілікті халық Семей ядролық полигонының зардаптарын көрген... Бүкіл әлемге осы Семей ядролық полигонынан зардап шеккен Қазақстанның өкілі ретінде жерлесіміз Кәріпбек Күйіков жүр. Бірақ Егіндібұлақ тұрғындары Семей полигоны жеңілдіктерінен толық айырылған. Ал полигонның зардабын Егіндібұлақ тұрғындары ең көп тартып отыр. Себебі, Абай, Айрық, Мыржық, Едірей ауылдары полигонға 55 км жақын орналасқанымен де ешқандай жеңілдік көріп отырған жоқ. Ал дәл сондай көрші ауыл Доғалаң ауылы Семей облысына кіргендіктен барлық әлеуметтік жеңілдікті алып отыр».
Осындай үлкен-үлкен парадокс жағдайлар өте көп... Егіндібұлақ халқы 1997 жылы аудан жабылып қалғаннан бері адамдардың моральдік қиыншылықтар, әлеуметтік әділетсіздікті көріп отырғандарын айтып жоғары билік органдарына қаншама хаттар жазды.
«ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСҚЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»
«Біз Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің Қарқаралы ауданы тұрғындарымен кездесуінде де, соңында өткен жеке қабылдауында да болдық. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бұл мәселені басқа да аудандардың көтеріп отырғанын айтып, Егіндібұлақ ауданын қайта ашу жөніндегі мәселе Қазақстан Президентінің жеке қадағалауында екенін және ол 2-3 ай қарастырылатынын бізге жеткізді. Біз өз тарапымыздан аудан ашуды сұрап отырған басқа аудандарға қарағанда Егіндібұлақ ауданының өте ерекше жағдайы бар екенін алға тартқан едік. Біріншіден, біз бұл Семей ядролық полигонынан қатты зардап шеккен және түпкірде жатқан аудан екенін, сондай-ақ теміржолдан, Республикалық маңызды жолдардан алыс жатқандығын баса айттық».
Біздің жіберген Ашық хатымызға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаровтан да жауап келді.
«ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ШАЙДАРОВТЫҢ СЫЛТАУЛАРЫ ЕШ БІТЕР ЕМЕС»
"Серік Шайдаров мырза берген жауабында бұл мәселеге бұрынғы жауаптардағыдай «экономикалық» жағынан емес енді басқа жағынан келіпті. Ол хатта: «Егіндібұлақ өңірінің халық санының облыс бойынша аудандар арасындағы орташа көрсеткіштен 5,3 есе аз және ауданның аумағы орташа көрсеткіштен 2,9 есе аз» деп көрсеткен. Мұның барлығы негізсіз сылтау. Ауданның халқы мен территориясының көлемі туралы ешқандай заңда нормалар жоқ. Екінші мәселе – кезінде осы Егіндібұлақ ауданының құрамында болған Доғалаң ауылының тұрғындары Егіндібұлақ ауданы қалпына келетін болса, аудан құрамына өтеміз дейді. Онда 860 адам тұрады. Көпшілігі осы Егіндібұлаққа қайтадан қосылуға ниетті, өйткені қазір олар бір кішкентай қағаз алу үшін 300 км алыс шалғайда орналасқан Семейге барады. Сондықтан да олар «бізге мына 55 км шақырым жерде тұрған Егіндібұлаққа келу әлдеқайда тиімді» деп отыр. Міне, осындай жағдайларды салыстырып қарасақ, біздің Егіндібұлақ ауданын қайтадан қалпына келтіру өте маңызды!"
«АУДАН АТЫНЫҢ ҚАЛАЙ АТАЛАТЫНЫ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС, ТАРИХИ ӘДІЛДІКТІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ – МАҢЫЗДЫ!»
«Одан бөлек аудан орталығынан шалғайда орналасқан Едірей, Айрық, Мыржық, Арқалық, Абай, Шөптікөл, Қызылшілік, Қаратау ауылдарының тұрғындары бір жапырақ қағаз алу үшін 180-200 шақырым жерде орналасқан аудан орталығы Қарқаралыға және 400 шақырым қашықтағы облыс орталығы Қарағанды қаласына қиындықпен қатынайды. Өңір халқы жол азабынан қиындық көруде! Егер аудан ашылып жатса, аудан атының қалай аталатындығы бізге маңызды емес. Біздің белгілі тұлғаларымыз бар, жеріміз де жеткілікті. Балқантау десек те сұранып тұр, Егіндібұлақ десек те сұранып тұр. Нығмет Нұрмақұлы десек те сұранып тұр. Ең бастысы - Қаздауысты Қазыбектің елінде, ата жұртында соның ұрпақтары өмір сүріп жатқан жерде ауданды қайтадан қалпына келтіру, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру маңызды. Мінеки бұл жағынан келгенде біз үкіметке қарсы шығып, заңды бұзайық деп жатқан ешқандай жайымыз жоқ»
Бізге не қылса да «Қазыбек би» ауданының атауын қалыпқа келтіру емес, бізге ауданды қалпына келтіру керек!
«БИЛІК АРАМТАМАҚ САНАЙТЫН ЕГІНДІБҰЛАҚ ҚАРҚАРАЛЫ АУДАНЫНЫҢ БЮДЖЕТІНЕ 4,5 МЛРД ТЕҢГЕ КІРІС ӘКЕЛДІ»
«Бұл жерде біздің заңға еш қайшылығымыз жоқ. Ал жергілікті билік ешқандай да заңға сүйеніп отқан жоқ. Жалпы дәлелсіз «жауап беру керек болды да» жауап бере салды. Мына заңды бұзып отырсыздар деп ол кісілердің тарапынан нақты жауап алмадық. Олардың тек қана «еріктеріне жібермейміз деген сырғытпа жауабын алдық. Билік "арамтамақ" санайтын Егіндібұлақ өңірі Қарқаралы ауданының құрамында болып тұрып, 2020 жылы Қарқаралы ауданының бюджетіне 4,5 млрд теңге кіріс әкеліп, салық төледі.
«БІЗ ЗАҢДЫ БҰЗЫП ОТЫРҒАН ЖОҚПЫЗ, СҰРАНЫСЫМЫЗ ОРЫНДЫ!»
"Біз барлығын да мемлекеттік қолданыстағы заң аясында жасаймыз және мына бізде қазіргі қолданыстағы Заң бойынша аудан құру үшін осыншама адам болу керек, осыншама жер болу керек деген талап жоқ! Сондықтан да біздің сұранысымыз - Қазақстанның қолданыстағы заңының бүкіл аясына сыяды"
Алмагүл ЖҰМАДІЛОВА, жұмыс тобының мүшесі, заңгер:
"АУДАН ОРТАЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҮШІН ОСЫНШАМА АДАМ БОЛУЫ КЕРЕК ДЕГЕН ШАРТ ЖОҚ!"
«Біз алған жауапты негізсіз деп қабылдаймыз. Себебі, «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы Заңында облыстық маңызы аудан болу үшін халықтың саны немесе ауданның территориясы жайлы нақты көрсеткіштер белгіленбеген. Мысалы: Қала статусы үшін 10 мың адам, ауыл болу үшін 50 адам елді мекен болуы керек деген шарт бар. Ал Аудан орталығын қалыптастыру үшін осындай 10 мың адам халық саны болуы керек, немесе осындай аудан көлемі болуы керек деген шарт жоқ!"
Сондықтан Заңда қарастырылмағанның бәрі «бюрократическая отписка» ретінде қарастырылады. Біз ол жауапты қабылдамаймыз! Біз оған қанағаттанбаймыз!
"БҰЛ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ШЕШЕТІН МӘСЕЛЕ ЕМЕС!"
"Әкімдік берген жауаптың негізсіз екенін дәлелдеп отырмыз. Қазіргі күнде Қарағанды облысына қарасты Абай ауданының территориясы бұрынғы Егіндібұлақ ауданының аумағына қарағанда едәуір аз. Оның өзі облыс әкімі орынбасарының жауабына сай келмейтінін дәлелдеп тұр. Бұл: "двойной стандарт". Екіншіден, бұл сұрақ облыс әкімінің орынбасырының деңгейінде шешілетін мәселе емес".
Бұл мәселе 20 жылдың көлемінде қайта қайта көтеріліп келе жатыр. Талай хатқа жауап та алғанбыз.
"МЫҢДАҒАН ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІН БИЛІК ЕСТИДІ ДЕГЕН ҮМІТТЕМІЗ"
"Қазіргі биліктің бізге деген қарым-қатынасы қандай болғанын бәріміз білеміз. Қазір енді «Жаңа Қазақстан» деген бағдарлама қабылданып, халықтың үнін тыңдайтын мемлекет деген концепция қолға алынды. Қазіргі билік саяси бағдарламаға сәйкес бізді тыңдайды деген үміттеміз. Бұл мемлекетті құрайтын бір ауыл, бір аудан, бұл мыңдаған халықтың үні, ол үнді шығармау мүмкін емес. Аудандық мәслихат кезектен тыс отырыс шақырып, сол жерде дұрыс шешім қабылдап, сол үндеуді облыстық мәслихатқа жолдаса, облыстық мәслихат Президентке жолдайды. Сонда бұл мәселе шешіледі".
Серік НӘБИЯНОВ, Қоянды ауылының тұрғыны, ардагер-ұстаз:
"ЕГІНДІБҰЛАҚ ЭКОНОМИКАСЫ ӨРКЕНДЕГЕН АУДАН БОЛҒАН"
"Қоянды ауылының халқы әлі күнге дейін ауданға барамыз дейді. Қай аудан десеңіз – Егіндібұлақ дейді. Туған жеріміз ыстық, осында тудым, мектеп бітірдім. Балалық шағымыз болған жоқ. Жастайымыздан білек түріп, еңбекке кірістік. Сол кездері Егіндібұлақ экономикасы өркендеген аудан болатын. Қаншама мықты азаматтарымыз болды. Бүкіл Қазақстанға аты жайылған бабамыздың қаны тамған туған жері. Бәріміз де сол бабаның ұрпағымыз ғой..."
Ауданымызды бір емес, екі рет жапты. Ал ол неге әлі жабылған жоқ? Құртылған жоқ?
"ХАЛЫҚТЫҢ САНЫ, КӨЛЕМІ ЖЕТПЕЙДІ ДЕГЕН АҚЫЛҒА СЫЙМАЙДЫ"
"Өйткені, сіздер осы жерде табан тіреп отырсыздар. Туған жердің қасиеті осында. Мына жер жібермей отыр. Ел ерге, ер жерге қарайды дейді. Бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселе – ауданымызды қайтарудың уақыты келді. Қимылдауымыз керек! Бұл Егіндібұлақтан қаншама Социалистік еңбек ерлері шықты. Халықтың саны, көлемі жетпейді деген ешқандай ақылға сыймайды. Егіндібұлақтың өзін-өзі қамтамасыз ететіндей экономикалық әлеуеті жеткілікті. Мысалы Теректі кен комбинаты жұмыс жасап тұр. Қоянды халқының атынан Егіндібұлақ ауданы ашылсын деп талап етеміз".
Еркінбек ҚОРАБЕКОВ, Егіндібұлақ жастары атынан:
"БӘРІМІЗДІҢ АРМАН-ТІЛЕГІМІЗ БІР, МАҚСАТЫМЫЗ АНЫҚ"
"Егіндібұлақ ауданын қайта ашу мәселесінде ақсақалдардан бастап орта буын өкілдері мен қатар жастардың да арман-тілегі бір, мақсат анық. Қазыбек би ауданын ашу бастамасын Егіндібұлақ жастары атынан бірауыздан қолдаймыз. Егіндібұлақтың жастары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еліміз, жұртымыз дегенде бірігіп, өздерінің күш-жігерлерін мына жақсылық жолында жұмсауға қашан да әзір!"
1997 жылы ауылымыз жабылып қалған кезде біз баламыз, ауданның жабылуы дегенді онша қатты сезіне қойған жоқпыз...
"АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ АЗАЮЫ ЖАНЫМЫЗҒА ҚАТТЫ БАТАДЫ"
"Өзіміздің ата-анамыздың жанарынан-ақ көп нәрсені сезінуге болады. Әке-шешеміз ауданымыз жабылғанда іштей қатты қынжылды. Ол кезде бала болып түсінбесек те, қазір мән-жайды түсініп отырмыз... Ауылдың тағдыры осы ауылда тұратын азаматтарға ғана қатты батады, ауылдан бір үй көшіп бара жатса қатты қынжыламыз. Сол үй бұзылып қалады ау, күл-қоқысқа айналып кетеді ау деп..."
Ауданның жабылуы себебінен қалаға кетуге мәжбүр болған жастар егер аудан ашылса қайтып келуге әзір екенін сіздерге жеткіземіз.
"ҚАЗЫБЕК БАБАНЫҢ КІМ ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕЙТІН УАҚЫТ КЕЛЕДІ"
"Қазіргі қоғам мәдениеттен құралады, мәдениетті болсақ, мәдениетті дамытсақ, еліміздің кім екенін, Қазыбек бабаның кім екенін алда әлі дәлелдейтін боламыз! Сіздер жол көрсетсеңіздер біздер жастар қолдауға әзірміз. Егіндібұлақ ауданы ашылсын!"
Амантай ДӘУІПБАЕВ, Егіндібұлақ ауылының тұрғыны (бұрынғы Егіндібұлақ селосының әкімі):
"ЕГІНДІБҰЛАҚ АУДАНЫН АШПАСАҚ, КЕЛЕР ҰРПАҚТЫҢ АЛДЫНДА ҚАРАБЕТ БОЛАМЫЗ"
"Біз бұл ауданды жаңадан ашайын деп жатқан жоқпыз. Сол бұрынғы ауданымызды қайтадан қалпына келтіруіміз керек, мәселе осыда жатыр. Егер аудан қайта ашылатын болса, бізде аудан орталығына тән барлық инфрақұрылымдар бар. Екі орта мектеп, бір балабақша, Мәдениет үйі, емхана, кітапхана, спорт кешені, сот, полиция мекемесі, Казпочта, музей, т.б. әлеуметтік маңызы бар нысандар бар. Сондықтан бюджетке салмақ салмаймыз. Бұл да облыс әкімшілігінің жауабының негізсіздігін дәлелдейді. Сең қозғалды. Тарихи әділеттілік орнына келуі керек".
Егер Егіндібұлақ ауданын қайта ашпасақ, Бабамыздың атамекенін қайта жаңғырпасақ біз ақсақалдар келер ұрпақтың алдында қарабет боламыз. Бірлікпен ауданның ашылуына жетейік.
Гүлбаршын ЖҰМАНБАЕВА, Балқантау ауылдық округінің тұрғыны:
"БАЛҚАНТАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГУ АУДАННЫҢ ҚАЙТА АШЫЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ"
"Комсомол совхозы Егіндібұлақ ауданының ең іргелі шаруашылығы болды. Ауылда тон цехы, тон цехы, май өндіру цехы т.б. әлеуметтік нысандар бар. Кейінгі кезде қаладан ауылға жастар бет бұрып, ауыл шаруашылығымен айналысып жатыр. Ауылда 800-дей тұрғын бар. Балқантай ауылдық округінің барлық адамдары ауданның қайта ашылуын қолдаймыз".
Жомарт ОМАРОВ, Егіндібұлақ ауылының тұрғыны:
"ДОҒАЛАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ЕГІНДІБҰЛАҚҚА ҚАЙТА ҚОСЫЛУДЫ АРМАНДАЙДЫ"
"Елім деп өскен, жерім деп өскен Егіндібұлақтың ұл-қыздары қайтсе де аудан болуға, «Балқантау» ауданы бола ма, «Егіндібұлақ» ауданы бола ма, «Қазыбек би» ауданы бола ма, оған бәріміз бірдей ат салысуымыз керек. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызмет етуіміз керек. Мен көп жылдар бойы өмір сүрген Доғалаң ауылының тұрғындары Егіндібұлақтың аудан болып ашылғанын күтуде және олар Егіндібұлаққа қайта қосылуды армандайды".
"ЕГІНДІБҰЛАҚ ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА ТОЗЫП БАРА ЖАТЫР"
"Жылдан-жылға ауыл тозып бара жатыр. Қазір енді 5 жылдан кейін осы ауылда жұмыс істейтін жастарда қалмайды, түгел көшіп жатыр. Сондықтан іргемізді бүтіндеп, бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, халқымыз қосылып аудан ашылғанын қалаймыз! Қарағанды облысының әкімдігінен де өтініп сұраймыз! Біздің еліміз, жұртымыз осы Егіндібұлақ ауданы Қазыбек би ауданы болып қалса екен. Халықтың басы қосылып, жан-жақтағы халық қосылса екен".
Менің жасым 83-те... Мынау көшеде қонаққа барсақ та, құлазыған үйлерді көріп, ішім ашиды... Көркейіп, керемет жап-жақсы болып тұрған Егіндібұлақ ауданын ажыратып жібергені дұрыс емес саясат болды деп ойлаймын... Сондықтан біз Қазыбек би ауданының ашылғанын қалаймыз.
Сүйген ТӨЛЕУБАЕВ, Шарықты селолық округінің тұрғыны:
"ЕГІНДІБҰЛАҚ АУДАН БОЛЫП АШЫЛСА, ХАЛЫҚ ҚАЙТА КӨШІП КЕЛЕДІ"
"Біздің ауылда 1028 адам тұрады. Теректі комбинатын қосқанда ауылда 1500 адам бар. Халық санының өсуі лезде. Ертең Егіндібұлақ аудан болып ашылса халық қайта көшіп келеді. Болашақта Шөптікөлден тағы да кен орны ашылмақ. Халыққа жұмыс табылады. Ауылға жастар жағы көшіп келіп жатыр. Бос қалған үйлер қалыпқа келтіріліп жатыр. Мен өзім халықпен көп араласамын. Ауылдық Қоғамдық кеңестің мүшесімін, мектепте Қамқоршылық кеңестің төрағасымын. Барлық халықтың пікірі бір. Ауылда Егіндібұлақ ауданын қайта ашу туралы жиналыстар өткіздік. Жиын нәтижесінде бірде-бір адам қалыс қалған жоқ. Бірде біреуі қарсы болған жоқ. Бәрі де ашылсын деген ниетте".
Мейрамбек КЕНЖЕБЕКОВ, Мәди ауылдық округінің бұрынғы директоры:
"СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ, ХАЛЫҚТЫҢ РУХЫ КӨТЕРІЛДІ"
"Егіндібұлақтың ең шалғай жері Айрықта мен 40 жылдай тұрдым. Егіндібұлақ елге белгілі шұрайлы мекен. Халқымен, азаматтығымен, мәдениеттілігімен, салт-дәстүрімен әйгілі. Бұл елдің тәрбиесі ерекше. Қазақ деген халқының бойына тән барлық асыл қасиеттерді сақтаған. Мысалы Айрық совхозы 1975 жылы жылқы совхоз болып ашылған. Сонау Курчатовқа дейін жерлері болды. Әлі де кеш емес. Сең қозғалды. Халықтың рухы көтерілді. Қалың қазақтың дәстүрін сақтап тұрған киелі мекенді қайта қалпына келтіруге үлес қосайық. Айрық халқының атынан ауданымыз қайта ашылуын қолдаймыз".
Мирас ЖОЛДЫБАЙ, №43 мектеп ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, жастар атынан:
"АУДАН БОЛЫП АШЫЛСАҚ РЕСПУБЛИКА МОЛ ПАЙДА ӘКЕЛЕМІЗ"
"Ерке Егіндібұлақ халқы киелі қарашыңыраққа жиналған қауым қазір ауыл болып тұрған елді мекенді аудан болып өзгерту бастамасын қолдаймыз! Ауданымыз ашылса, елдің әлеуі артып, экономикамыз қарыштайды! Кезінде өзін-өзі қамтыған Қу ауданы, Егіндібұлақ ауданы 11 округтен тұрып, барлық шаруашылықты дамытқаны баршамызға белгілі. Қазір аудан болып ашылатын болсақ, облыстан бөлек, Республикаға біздің пайдамыз тиетіні сөзсіз!"
Қазіргі таңда үкіметтен қолдау болып жатса, Егіндібұлақ осы қарқынымен алысқа шабады деп ойлаймын. Себебі, біздің аудан осы Қарағанды облысындағы экономикасы дамыған іргелі аудандардың бірі болды.
"ЕГІНДІБҰЛАҚТА БИЗНЕС АШЫП, КӘСІП ДӨҢГЕЛЕТКІСІ КЕЛЕТІН ЖАСТАР ӨТЕ КӨП"
"Жер көлемі, мал шарушылығы, егін шаруашылығы жағынан біздің аудан барлық облыста оның ішінде республикаға да аты шығып отыр. Сондықтан біз халық болып осыны үкімет тарапына, ел ағаларына, ед басшыларына ниетімізді білдіреміз. Егіндібұлақ егер аудан болып ашылса, бұл елде атқарылатын игі істер мол болады. Спорт мәселесі, оның ішінде бұқаралық спорт мәселесі, сондай-ақ халықтың осы жерге үдере көшіп келуіне мен өзім уәде беремін. Неге десеңіз? Менің жанымда жүрген жастар, республиканың түкпір-түкпірінде жүрген азаматтар егер аудан ашылса, осы жерге көшіп келіп шағын және орта бизнес ашуға дайынбыз деп өздерінің ниеттерін білдіріп отыр!"
Айбек ЕЛЕУСІЗОВ, Қаракөл ауылдық округі тұрғыны:
"АУРУХАНАЛАРҒА ҚАТЫНАУ АЯҒЫ АУЫР ӘЙЕЛДЕРГЕ ТІПТЕН ҚИЫН"
"Бұрынғы 200 жүз үйден 30-ақ үй қалды. Ауылымызға жастар қайтып келіп жатыр. Кезінде әкімшілік сатып жіберген мектепті ауыл халқы болып 1 млн 400 мың теңгеге қайта сатып алдық. Мен де Астанада, Қарағандыда тұрдым, соған қарамастан Қаракөлге көшіп келдім. Тоқ етерін айтқанда ауылдан шыққан дәрігер де, мұғалім де бар. Егіндібұлақ басында хирург жоқ. Өткен жолы мойнымды ауыртып алып перевязкаға Қарқаралыға барып жүрдім. Шалғай жатқан Айрық, Арқалық, Шөптікөл халқына жаным ашиды. Әсіресе аяғы ауыр әйелдерге. Сондықтан да кезек күттірмейтін мәселе, ауыл халқы ауданның ашылғанын қолдайды".
Нұртас СМАҒҰЛОВ, жұмыс тобының мүшесі, тарихшы:
"БИЛІКТІҢ СЫЛТАУЫН ЕСТИ БЕРСЕК, ТАҒЫ 25 ЖЫЛДАН КЕЙІН КЕЗДЕСУІМІЗ ҒАЖАП ЕМЕС"
"Мына халықтың саны билікке сылтау болмауы керек. Егер дәл осындай жауаптар ести берсек, келесі жылы, 10 жылдан кейін, тағы да 25 жылдан кейін кездесіп отыратынымыз ғажап емес. Ал 25 жылдан кейін ұрпақ ауысып, тарихи сана өзгеріп кетеді. Сондықтан "темірді қызған кезінде соқ" дейді. Кім артық жұмыс істегісі келеді? Екіншіден, мемлекеттің ақшасы болмайды дейді. Мемлекеттен бюджет кетеді дейді. Орташа деңгейдегі бір әкім осылай жауап беріп отыр".
"ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ФОТОҒА ТҮСЕ БЕРМЕЙ, ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІН БИЛІККЕ ЖЕТКІЗСІН!"
"Мемлекеттің ақшасы болмайды, тек қана мемлекеттің салықтан жинаған мына халықтың, мына жердің астындағы байлығынан жинаған ақшасы болады. Ал мемлекеттік қызметкер - ол халықтың қызметшісі. Сондықтан шенеуніктердің мына сырғытпа сөзінен сақ болу керек! «Қоғамдық кеңес» деген бар. Олар немене фотоға түсетін Қоғамдық кеңес пе? Солар осы халықтың тілегін, аманатын жоғарыға жеткізсін! Жұмыс істесін! Фейсбукте ешкім әдемі көрінбесін".
Әркім қолынан не келеді, қандай билігі бар, қандай құзыреттілігі бар солай әрекет жасауы керек!"
Әділет ЖАҒЫПАР, жұмыс тобының мүшесі, тарихшы:
"ҚАРҚАРАЛЫ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНА ҰСЫНЫС ЖАСАСЫН"
"Мені қуантқаны Қарқаралы аудандық Мәслихатының хатшысы Слямиден Камашұлының қолдау сөзі болды. Жергілікті аудандық мәслихат бізді қолдап отыр. Бұл біздің ісіміз төменнен жоғары көтеріліп отыр деген сөз. Қарқаралы аудандық мәслихаты халықтың алдында расымен де біздің бастамамызды қолдап отырғанын білдіретін болса, Қарағанды облыстық мәслихатына ұсыныс жасасын. "Қазыбек би ауданын немесе Егіндібұлақ, Балқантау ауданын ашу жөнінде" деген кезектен тыс отырысын облыстық мәслихатта өткізуге ұсыныс білдірсін".
"БІЗ КӨП СӨЗДЕН ШАРШАҒАН ҰРПАҚПЫЗ, БІЗГЕ НАҚТЫ ІС КЕРЕК"
"Біз сөзден шаршаған ұрпақпыз. Бізге қазір көп сөз емес, көп іс керек. Сондықтан осы істе бізге облыс әкімі де «жақсы, жақсы сөздер айтты», жеке қабылдауында да, басқа да жерлерде. Сондықтан бізге қазіргі таңда іс керек, заң аясында міне Қарқаралы ауданының маслихаты бізге көмектессе екен деген ниетіміз бар".
Осы бастаманы Қарқаралы аудандық Мәслихатында қарастыру үшін осы хаттаманың бір пункті етіп аудандық мәслихатқа жолдансын.
Мақсым АЛШЫНБАЙ, заңгер, Қазыбек бидің алтыншы ұрпағы, Алшынбай бидің немересі, Айрық ауылының тумасы:
"ЕГІНДІБҰЛАҚ АУДАНЫ СОҚЫР САЯСАТТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛДЫ"
"Қарағанды облысында Егіндібұлақтай аудан болған емес. Ауданды жабу соқыр саясаттың құрбаны болды. Қарағандының басында Қазыбек би ауданы болғандықтан екінші аудан атымен аталмауы мүмкін. Сондықтан да Егіндібұлақ немесе Балқантау ауданы деп аталғанымен орталығы Қазыбек би деп аталуы керек. Біз қолдаймыз!"
Сембек РАМАЗАНҰЛЫ, ауыл ақсақалы, зейнеткер:
"ҚАРҚАРАЛЫДАҒЫ АУРУХАНАҒА ЖЕТУДІҢ ӨЗІ ЗАРДАП"
«Біздің мынау бабамыздың атындағы ауданды ерте жауып тастады. Халыққа қиын, алыс жер... Айрық совхозынан қалаға 400 км... Ал біз 400 км жерден қыстың күні боран, жауын-шашында Қарқаралыға жете алмаймыз. Сондықтан біздің халқымыз сіздерден ауданымызды ашып берсе екен деп тілейді. Халқымыз алыс жерге бара алмайды, жұмыстары бітпейді, аудан ашылса осылардың бәрі шешілетін болады. Мысалы, мына Қарқаралыға дәрігерге баратын болса, ол жаққа автобуста жүрмейді. Бар болғаны бір-ақ рейс жүреді. Таңертең барады да, асығыс жұмысы бітпейді де, барлық шаруа ертеңге қалады. Ертеңге олардың жатар жері жоқ, қайта келеді, сөйтіп екінші рет тағы баруы керек. Қаншама қаражаты , қаншама уақыты зая кетеді. Сондықтан осының бәрін ескерсеңіздер екен.
Жұмажан ӘЛІМБЕКОВ, ауыл ақсақалы, зейнеткер:
"ҚАЗЫБЕК БИ БАБАМЫЗДЫҢ АРУАҒЫН СЫЙЛАСА АУДАН АШЫЛУЫ ТИІС"
"Ауданның ашылғанын қолдаймыз. Халыққа аудан ашылғаннан кейін жұмыс та табылады, себебі көп адам жұмыссыз жүр. Солар осы ауылға тартылады, жаңадан үйлер, жол салынса, су тартылса аудан ашылып, кқркейіп кетер деген ойдамыз. Мектебіміз, ауруханамыз бар, солардың бәрін қайтадан қалпына келтірсе сонда халыққа жайлы болады. Мал шаруашылығы да қолға алынады, халық та көбейеді. Біз пенсиядамыз. Бізді қолдаса, аудан ашылса, жөнделсе, жоғарадағылар қолдау білдірсе жақсы болады. Қазыбек би бабамыздың аруағын сыйласа ашуға болар еді."
Өмірзақ ДҮЙСЕНБЕК, ауыл тұрғыны, Еңбек майданының ардагері:
"Бала кезімізден бастап осы ауданда өмір сүріп келе жатырмыз. Бұл ауылдың тарихын да бұрыннан бастап білеміз. Бұл аудан Совет өкіметі 1928 жылы орнаған кезден бастап аудан болып құрылған. 1997 жылдан бастап Қарқарылы өңіріне қарады. Ол кезде бізде мынадай серт беріп: "экономикалық жағдай жақсарғаннан кейін ауданды қайтадан қалпына келтіреміз", - деп 25 жыл бойы бізді алдауменен келді. Осы 25 жылдың ішінде халықтың тұрмыс-тіршілігі бұрынғы өзінің аудан болып тұрған құрылысына жете алмай қалды".
"БІЗДІҢ ЖЕТІСТІГІМІЗДЕН ГӨРІ ЖОҒАЛТҚАНЫМЫЗ КӨП..."
"Біздің жетістігімізден гөрі жоғалтқанымыз көп... Күллі жұмыс істеп тұрған шаруашылықтардың бәрі күйреп, жекешелендіру болды. Жекешелендіруден ешқандай пайда көріп отырған жоқпыз. Сондықтан қазіргі жағдайда өндірісті, жұмысты өркендету үшін ауыл шаруашылығын ары қарай дұрыстап жүргізу үшін мемлекеттік дәрежедегі қаражат бөлініп, Егіндібұлақты бөлек өз алдына аудан болып өркендету керек!
Осы аудан ашылса кетіп қалған адамдардың жастардың көпшілігі елге келуге құүштар... Сондықтан аудан ашылуы бізге зиян емес, қайта пайда әкеледі.
Ахмадия СҮЛЕЙМЕНОВ, ардагер ұстаз, Егіндібұлақ тұрғыны:
"ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН" БОЛУ ҮШІН ҚАЗЫБЕК БИ АУДАНЫ АШЫЛУ КЕРЕК!
"1998 жылы ауданның жабылуына байланысты хат жаздым, менің хатыма жауап уақыт келгенде ашылады деген болатын. Сол уақыт міне келді. Өйткені Жаңа Қазақстан идеясын ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы тұлғаларымызды ұлықтап қайтадан жабылған ауданды ашып ерлік жасайды деп сенеміз. Жаңа Қазақстан болғысы келсе Қазабек би ауданы ашылу керек".
Осылайша, "Алты алаштың ардағы, қара қылды қақ жарған әділ би, көрнекті қоғам қайраткері, мәмілегер-дипломат, Қазақ елінің ұлы перзенті қаз дауысты Қазыбек бидің есімін өзі қоныс еткен жерінде ұлықтап, 1997 жылы тарап кеткен аудан «Қазыбек би ауданы» деген атаумен қайта ашылса екен" деп Егіндібұлақ халқы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үлкен үміт артады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, "бұл өңір ауылшаруашылығына өте қолайлы аймақ болып саналады. Ауданды қайтадан ашу ауылшаруашылығының дамуына, мал басының қайтадан көбеюіне және егістік жерлердің көлемін арттыруға мүмкіншіліктер беріп, еліміздегі азық-түлік өнімінің қорын жасақтауға септігін тигізеді. Сонымен қатар Балықтыкөл, Қарасор көлдерінде балық шаруашылығы кәсіпорындары ашылады. Бұл әрине, ауылға жұмыс күшін көбірек тартуды талап етеді. Қазір Қарағанды қаласының өзінде тұрақты жұмысы не белгілі бір игерген кәсібі жоқ жастар өте көп".
"Егер аудан қайтадан ашылса, осы жастардың туған жеріне ауылдарға қайтып оралары анық. Жастардың еңбек етуге деген құлшынысы да, қабілеті де өте жоғары деңгейде. Сондықтан да Қазыбек би ауданы ашылар болса, аудан экономикасы мемлекеттік бюджеттен ақша сұрамай-ақ, өзін-өзі қаржыландырады деп сенеміз", - дейді Егіндібұлақ өңірінің тұрғындары.
Зарина ӘШІРБЕК,
"Адырна" ұлттық порталы