Күнделікті дамуға 5 қадам

4814
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

ТАҢҒЫ РИТУАЛДАРДЫ ОЙЛАП ТАБЫҢЫЗ

Таңертең сіздің күнделікті энергияңызды толтыратын, қуантатын ритуалдар тізімін құрастырыңыз. Жүгіру, жаяу серуендеу, кітап оқу және медитация, тағысын тағы. Бастысы бұл процестер сізге қуаныш пен энергия сыйлауы маңызды.

ЦИФРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚҚА МӘН БЕРІҢІЗ

Біз толассыз ақпарат ағынының арасында өмір сүріп жатырмыз. Оның ішінде керегі де, керексізі де бар. Оның үстіне әлеуметтік желілер уақытты алып қояды. Біз ақпарат ағынын тоқтата алмаймыз. Десек те әлеуметтік желіге, қандай да бір сайтқа жұмсайтын уақытымыздың лимитін қадағалай аламыз. Ол үшін қарапайым телефон таймерін немесе қандай да бір бағдарламаларды жүктеп, пайдалануға болады.

ТАЗАЛЫҚ, ТАЗАЛЫҚ ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ

Төгілмеген қоқыс, жуылмаған тәрелке, орнында тұрмаған кітап-дәптерлер концентрацияны бұзады. Адамдар көп жағдайда әдемі бір жерді көрген кезде мотивациясы оянып, қандай да бір іске шабыттана кіріседі. Сол әдемілікті неге үйде жасамасқа?! Күнделікті тазалыққа 10-15 минут бөлсеңіз, апта соңында толыққанды тазалыққа кететін уақытыңызды азырақ жұмсаған болар едіңіз.

ӨЗІҢІЗГЕ УАҚЫТ АРНАҢЫЗ

Айналаңызда қанша адам болса, сонша адаммен тілдесесіз, ақпарат алмасасыз, пікірлерін білесіз. Дегенмен, анда-санда өз-өзіңмен болғанға не жетсін?! Шын мәнінде адамның өз-өзіне де айтары бар. Бастысы ішкі дауысты тыңдай алу маңызды. Егер бұл нағыз іш пыстырарлық жұмыс десеңіз, қателесесіз. Себебі бұл уақытта жақсы әуен тыңдап, саябақта серуендеуге, кино көруге, қандай да бір хоббимен айналысуға болады.

БІЛІМГЕ, ДАМУҒА КӨҢІЛ БӨЛІҢІЗ

Қандай да бір кітап оқып, тіл үйренуге, өзіңізді жаңа қырынан дамытуға уақыт бөліңіз. Көп тіл білетіндер сағаттап уақытын жұмсап, кітаптан бас алмағандар емес, жай ғана практиктер мен тұрақтылар болуы мүмкін. Сіз де өз мақсатыңызда жетер жолда тұрақтылық танытыңыз. Шыңның ең биігі - біз бағындырмаған шың. Сондықтан дамудан шаршамаңыз. Іске сәт!

 

Назерке Әсетова

Пікірлер