Туған жылыңызға қарап мінезіңізді біліңіз

24691
Adyrna.kz Telegram

Жұлдызшылар адам қай жылы туылса, мінез-құлқы сол жылдың егесі саналатын жануардікіне ұқсас келеді дейді. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын желілерде жарық көрген төмендегі жорамалға қарап, өзіңіз пайымдап көріңіз деп жазады «Адырна» ұлттық порталы ХалыQ емі Целительство парақшасына сілтеме жасап.

Тышқан. Әділ, кең пейілді, жомарт жүректі және өз-өзін басқара біледі. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында таныстары жетерлік. Бірақ нағыз досқа мұқтаж. Ақыл-ой жағынан алып бара жатқан ерекшелігі болмағанымен, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтынына көпшілік тәнті. Олардан жақсы саудагер, жазушы, сыншы және публицист шығуы мүмкін.

Сиыр. Алған бетінен қайтпайтын қыңыр, бірақ өз-өзіне өте сенімді. Бейнеткеш, үнемі көш басынан көрінгісі келеді. Сырттай қараған адамға сабырлы боп көрінуі мүмкін. Бірақ ашуланғанда жан-жағын жайпап жіберуден тайынбайды. Ондай кезде өз-өзіне есеп те бере алмайды. Мүмкіндігі келсе, Сиыр белгісіндегілерді себепсіз мазаламай-ақ қойған дұрыс.

Барыс. Мейірімділігінде шек жоқ. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпайтындардың қатарынан. Тереңнен ойлай біледі, сезімтал және көңіл-күйдің адамы. Оған сену қауіпті, бірақ Барыс жылғылардың өзі ешкімге сенбейді. Жасы үлкендермен және өзінен бір саты төмен адамдармен жиі кикілжіңге келіп қала береді.

Қоян. Жақсы сөйлей біледі, талантты, ұстамды, тыныш, талғамы биік. Айналасындағыларға үнемі өз-өзін көрсеткісі кеп тұрады. Шешім қабылдауға келгенде асығып-аптықпайды. Қоян жылы туылғандар – көбіне бизнесмен, заңгер, дипломат мамандықтарының шебері. Актерлік шеберлігі де бір төбе. Содан да олардан театр мен кино саласының майталманы шығуы мүмкін.

Ұлу. Өзгелерден өмірлік күш-қуатымен, денсаулығының мықтылығымен ерекшеленеді. Бірақ бірбеткей, кез келген нәрсені бірден көңіліне алып қалады, қызба мінезді. Қоғамдағы ықпалы күшті болғандықтан да оны көбі сыйлайды. Әдетте Ұлу жылғылар карьералық табалдырықтың биігіне ұмтылғыш және көздегеніне жетпей қоймайды. Екіжүзділік оларға тән емес. Бетің бар, жүзің бар демей, ойындағыны айта салады.

Жылан. Өзінің тәжірибесіне, ақылына ғана сүйеніп, көзімен көргеніне ғана сенетін адамдар. Ал өзгенің қатесінен сабақ ала біледі. Адам тани алады. Жолы болғыштығы сондай, қанша керек, сонша ақша табуға қауқары жетеді. Бір жаманы, құмар ойындардың қызығына түсіп, барынан жиі айырылып қалып жатады. Жаратылысынан адам баласына сенбейді. Өзінің эмоциясын жасырып, үнемі тек күліп жүреді.

Жылқы. Бойында күш-қуаты тасып тұрған олар қай кезде де көңілді. Адамдарды тез баурап алатын қасиеті бар. Сол себептен де жан-жағына шуақ сыйлап жүреді. Ақшаға өте ықтиятты. Махабаттың жолында еш аянып қалмайды. Тез ашуланып, тез басылады. Ешкімге тәуелді болғысы жоқ. Біреудің ақылына мұқтаж емес. Тек өзінің ғана түйсігіне сенеді.

Қой. Шынайы, жайдары мінезді, өте талантты. Оның үстіне, тұйық әрі керітартпалығы тағы бар. Жоғары талғам иесі, өнердің әр түріне икемді. Өзінің материалдық байлығы асып-тасып жатпаса да, жоқ-жітіктерді жарылқап, жақсы сөзбен болса да, жанына демеу болуға тырысады. Өмірі қандай болса, солай қабылдайды.

Мешін. Бүгін бір нәрсе айтса, ертең-ақ ол ойынан айнып шыға келеді. Оларға сену қиын. Бірақ ақылдылығы жағынан асып түседі. Жолы болғыш, жоқтан барды құрастырып шығаруға бейім. Өз еркі өзінде болып үйренген. Қызба мінезді. Кез келген мәселеден сытылып кете салады. Бірақ Мешін жылғыларды ыңғайға бұрып, айтқанға көндіру оп-оңай. Жолында еш кедергі жоқ болса, биіктерден көрінуге барын салады.

Тауық. Аузын ашса, арғы жағынан жүрегі көрініп тұратын ақкөңіл адамдар. Еңбексүйгіш, батыл. Ананы да, мынаны да білгісі кеп жүргені. Жұрттың назарында болғанды, өзін мақтағанды жақсы көреді. Ешкімге сенбейді, тек өз дегенімен жүреді. Тапқан-таянғанын бейберекет жұмсап, ақыр соңында ақшасының қайда кеткенін білмей қалады.

Ит. Әділдікті жаны сүйеді, өзінің құқығы үшін күресуге бар күшін сарп етеді. Оны материалдық байлық қызықтыра бермейді. Қатты қажет болып бара жатса, жерден қазса да, қаражат табады. Басқаларға мін тағып, сын айтуға бейім. Жасына жас қосыла келе ол мінезі біртіндеп басылады. Бұл жылы дүниеге келгендердің арасында мұғалімдер мен бизнесмендер көптеп кездеседі.

Доңыз. Оларға әркез арқа сүйеуге болады. Жақсы серіктес. Үлкен ақыл иесі. Білім алуға талпынысы жоғары болғанымен, ұяң мінезінің кесірінен көп нәрседен құр қалуы мүмкін. Аз сөйлеп, кез келген мәселені ақылмен шешіп үйренген. Ұрыс-керіс дегенді ұнатпайды. Достары саусақпен санарлықтай. Бірақ олар өмір бойы шынайы дос болып қалады. Жан-жағының шашылып жатқаны оған таңсық емес. Доңыз жылғылардың денсаулығына бұдан зиян келуі мүмкін

Пікірлер