Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсенов ішкен ең дәмді Наурыз көже

19826
Adyrna.kz Telegram

Бауыржан Момышұлының келіні, «Бабалар аманаты» кітабының авторы Зейнеп Ахметова Ұлыстың ұлы күні туралы тың ақпараттар айтып, ежелден келе жатқан дәстүрді жаңашаландыра бермей, асыл қалпын ұстап тұру керектігін баса айтты. Жетісу телеарнасында «Зейнеп апаның әңгімелері» хабары жарық көрді. Хабарда айтылған үзік ойлар мен естерліктерді «Адырна» ұлттық порталының тілшісі ұсынады.

«Наурыз мерекесінің негізгі мән-мағынасы ауытқып, у-шумен көшеге шығып кетті. Жоспармен, нұсқаумен істеуге, жасанды көріністерді қызықтауға дағдыланып бара жатырмыз. Бәсеке жарысқа «керек» адамдарды, бастықтарды күтіп жіберуге, көзіне түсіп қалуға арнайы киіз үйлер тігіліп, шашылып-төгіліп жатады. Ол үйлерге қарапайым жұрттың бас сұға алмайтынын көзіміз көріп жүр».

Зейнеп Ахметова

"Бабалар аманаты" кітабынан

1917 жылы Дулатов Қазақ газетінде елді құттықтап Наурыздың мағынасын ашып айтса, 1925 жылы Еңбекші қазақ газетінде Алаш ардақтылардың бірі Қожанов  наурыз мерекесі туралы керемет мақала шығарады. Сол кезде бір жамандықты сезген ау. Дінге қатысы жоқ мерекені, құртқысы келді. Наурыз кезінде дінге қатысты дүниелер мүлде орындалмайды. Шолақ белсенділер шолтаңдап жүріп, осы 1927 жылы біржола Наурызды өткізбеу туралы қаулыға қол қояды,-деп бастады әңгімесін Зейнеп апамыз.

Кеңес үкіметінің тыйым салған қаулысына қарамай, қазақы шаңырақ тығылып болсын, наурызды тойлағанын айтып, балалық шағын еске алды.

«Бірақ халық бәрібір наурыз көжесін пісіріп, көрші-қолаңын шақырған еді. Бала кезде шапқылап әр үйден көже ішкен ұрпақпын».

Сондай-ақ, Зейнеп Ахметова  14 наурыздан бастап Батыс өңірінде тойланатын Амал мерекесін жаңа жылмен шатастырмауды өтінді. Амал бөлек, Ұлыс күні бөлек мереке екен.

"1988 жылы алғаш рет Алматыда Халықтық мереке ретінде қайтадан тойлана бастады. Алайда талай талай дәстүрлер көзден ғайып болғандықтан, Ұлыс мерекесі өз дәрежесінде өте алмай келе жатыр. Күн мен түн теңелмей тұрып, 18-19 да Наурыз өткізу дұрыс емес секілді. Әр нәрсе өз уақытымен, орнымен болған дұрыс".

Наурыздың құдіреті соншалық, қаншама игі амалдар жүзеге асады. Жыл бойы ренжісіп жүрген адамдардың реніші кешіріліп, татуласады.

«Атаңның айыбы болса да, Ұлыс кезінде кеш»

Көженің де өз ережелері, тарихы бар екенін Зейнеп апамыз ашып айтты. Сөзінше, топатай деген ыдысқа бетіне дейін мол қылып көже құйып, өз қазанындағы көжеге апарып құяды екен. Мұның да өз мағынасы, ырымы бар. Яғни, көжедей араласып, тату болайық деген ниетпен жасалады. Ырызғысы кем болмасын, мол болсын деп адамға да тауысып ішуге кеңес береді.

«Сырттан келіп ешкім көсегемізді кеңейтіп бермейді».

«Жаңа күнді, жылдың басын, әрбірден соң қазақ халқының маңдайындағы жалғыз ұлттық дәстүрлі мерекесін ардақтап, ұрпағымыздың бойына сіңіру – алдымен ата-ананың парызы. Ол үшін түтін түтетіп отырған әрбір шаңырақ ақ ниет, таза жүрекпен мейрам-тазалықпен шынайы сеніммен ұлыс күнін өз отының басында қарсы алып, «ата дәстүрім, бабаларымнан қалған аманат» дегенді терең сезіну қажет емес пе? Өзгенің жылтырағын оп-оңай қабылдаймыз да, өзіміздің дайын тұрған асылымызды бағаламай, енжарлық танытамыз.»

Зейнеп Ахметова

"Бабалар аманаты" кітабынан

Жеті дәмнен көже жасап, адамдарға дәм татқызып, арқа жарқа болатын көңіл мерекесі. Біз осыны көтере алмай келе жатырмыз.

«Наурызда қой сойып, бас тартып, күріш көжені наурыз көже атымен беру де әдетке айналды. Ең бір сорақылық Наурызда арақ ішетіндер жетерлік. «Мейрамда көңіл көтерейік» деп желеу айтады. Отының басында Наурызға қатысты еш дайындық жасамай, өз үйінде шөп басын сындырмай-ақ наурызкөже дәмін бір адамға татырмай-ақ, көшеде қыдырып келіп, наурыз өткіздік дейтіндер толып жатыр.»

"Бабалар аманаты" кітабынан

Ең қызығы, апамыздың наурызкөжесін Бауыржан атамыз бен есімі айқараға таныс батыр ағаларымыздың мақтап, бата бергенінің өзі әдемі оқиға.

«1973 жылы наурызға дайындық жасап жатқан кезімде, жеңгем түйілген бидай мен дүкеннің нәрсіз айранын қоспа деп құрт әкеп берген. Ойымда, ата неге үндемей жатыр екен, ертең мереке екенін ұмытып қалдыма екен деп жүргем. Сондай қырағы, сақ адам ғой. Құртты езіп отырғанымда ата ас үйге кіріп келгенде орнымнан қарғып тұрдым.

-Қызыр түні қабыл болсын, - деді .

-Мәлике секілді текті ананың тәрбиесін көрген адам наурызды ұмытпайтынын білдім, сондықтан үндемей жаттым.

Келесі күні үйге Қасым Қайсенов пен Рақымжан Қошқарбаев келді. Біздің үйдің сол күнгі бірінші көжесін сол кісілер ішті. Олар таңқалып, ауылдық жер болмаса, қалада ешкім көже бермейді деп күрсінді.

Сол кезде атам:

«Бұл Момышұлының шаңырағы ғой, бұл үйде көже бермесе қалай болғаны» деді.

1973 жылы бірінші рет атаның шаңырағында наурыз көже жасап, батыр аталар ішіп батасын берді. Үлкендердің батасының шарапатының арқасында шығар, елдің алдында осылай жүргенім...

Расымен, Ұлыс күні өз дәрежесінде тойланып жатпағаны айқын. Көзбояушылық пен құжатқа жазылатын бір ақ сөз үшін ғана киіз үйлер құрылып, ұлттық киімдерді нақыштайтын секілдіміз. Бұл күнді ең алдымен сезіне білу – міндетіміз. Отбасымызбен қарсы алып, балалардың миына өз төл жаңа жылымыздың қадір-қасиетін ұғындырар болсақ, жетістікке жеткен болар едік. Дегенмен, көш түзелер...

Ұлыс оң болсын!

Дайындаған: Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

 

 

Пікірлер