Демократияны жақтаушы қазақтардың жетекшісі

6949
Adyrna.kz Telegram

Шілденің 27-сінде  түрколог ғалым, тарих ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның ғылымға келу, Қазақстанға келу жолдарына мән бере жазған Досан Баймолданың жазбасы назар аудартады. Онда ғалым саясаткерлік, күрескерлік қырынан таныла түседі. 

Қаржекең екеуіміз Моңғолия Ғылым академиясында оншақты жыл бойы  бірге қызметтес болдық. Моңғолия мемлекеттік университетін моңғол тілі мамандығы бойынша оқып бітірген Қаржекең 1980 жылдары Моңғолия Ғылым академиясының тарих институтында ғылыми қызметкер болып істейтін. Екеуіміздің қызмет істейтін институттарымыз жақын болғандықтан жиі кездесіп қаламыз. Қаржекең маған түп нағашы болып келетіндіктен біртүрлі туыс тартып жақындағым келіп тұратынды. Қаржекең көпті көргендігін байқатады. Институтындағы әріптес моңғолдармен кез-келген тақырып бойынша оп-оңай дау-дамай, таластарға бара беретіндігін естіп бір жағынан сақтанып жүремін бір жағынан күрескерлігіне риза боламын.

1989 жылы Қаржекең Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғады. Алайда «сіп-свежий» ғылым кандидаты болған Қаржекең Ұланбатырға келе салысымен өзі бұрын қызмет істеп тұрған Тарих институтына емес, өзінің туып өскен Баян-Өлгей аймағына баратын шешім қабылдады. Сол жылдары Моңғолияда жастардың демократиялық қозғалыстары белең алып, алаңдарда ашық митингілер көбейіп, кейде аштық акцияларына ұласа бастаған шақта Қаржекең тарихшы-ғалым қырынан емес, енді саясаткер қырынан танылды.

Демократияны жақтаушы Қабидаш, Солтан қатарлы жақтастарымен Баян-Өлгей аймағында қазақ мәдени қоғамын құрып, тіптен қазақ аймағына жеке автономия сұрайтын өз талаптарын үкіметке қоя бастады. Өлгей қаласының орталық алаңында Қаржекең бастаған бір топ жастар қыстың шыңылтыр суығына қарамастан, аштық акциясын бастағаны үкіметтің назарында болды. Сол жылы ескі коммунистер кетіп, жаңадан жасақталған үкіметтегі вице-премьер қызметіндегі Зардыхан аға басқарған делегация Өлгейге ұшып барып, Қаржаубай бастаған топпен келіссөз өткізген болатын. Соның нәтижесінде аштық акциясын тоқтатқан Қаржекең демократияны жақтаушы қазақтардың жетекшісінің біріне айналды.

Сол жылы Моңғолияда өткен демократиялық сайлаудың нәтижесінде Қаржаубай аға Моңғолияның Ұлы хуралы  (парламентіне) Баян-Өлгейден сайланған депутат болды. Ұлы хуралға депутат болған Қаржекеңді ұланбатырлық бір топ қазақ барып құттықтаған кезде ішінде мен де болдым. Шын күрескер Қаржекең сол жолғы бір сөзінде "мен жеңілуді еш білмейтін, тек алға қарай жүретін адаммын" дегені есімде қалыпты.

1993 жылы Моңғолия Ғылым академиясының Баян-Өлгей аймағында бөлімшесі орнаған кезде Қаржекең сонда жетекші ғылыми қызметкер болып өзінің ғылыми жұмыстарын жалғастырды. Арасында күрескерлігі қызған сәтте саяси додаларға да арласып жүріп, 1996 жылы сайлауда Баян-Өлгей аймағы мәслихатының төрағасы болып сайланды. 1999 жылдан  Моңғолия Ғылым академиясының Баян-Өлгей аймағындағы бөлімшесінің директоры қызметін атқарып  тұрып,  2001 жылдан бастап Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми зерттеу орталығының Түркология зертханасының меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болып істеді.

2008 жылы «Байырғы түрік жазуы: алфавит жүйесі және фонологиясы» тақырыбы бойынша филология ғылымдарының докторы дәрежесін қорғады.  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Түркітану және алтайтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры болып істеді. Оның авторлығымен 5 ғылыми монографиялық еңбек және 120-ға жуық мақалалары жарық көрді. Еңбектерінің ішінде (М.Жолдасбековпен) бірге шығарған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы»  әлем түркітанушыларына ұсынылған қомақты еңбек болмақ.

Маған түп нағашы, ғылым жолында аға-іні болып келетін Қаржекеңмен үнемі байланыста, бір-бірімізбен хабарласып тұрдық. Менің жазған «Қожаберген батыр Жәнібекұлы» тарихи кітабыма бас сарапшы болды, жақсы пікірін жазды.

Қаржеке, сіздің қайтпас сапарға аттанғаныңыз туралы суық хабарға өз басым сенер сенбесімді білмей отырмын. Әлі де қазақ ғылымына береріңіз мол еді. Амал нешік. Жаныңыз жәннаттан болсын! Жатқан жеріңіз жайлы топырағыңыз торқа болсын!

 

Досан Баймолда

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер