Мақсат Тәж-Мұрат. Жауһардың жаңқасы да жауһар

5056
Adyrna.kz Telegram

Академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Мұрат Әуезов жайлы толымды да сезімшіл эссесін оқыған сайын әнеу бір жылдары Мұрат Мұхтарұлымен аз уақыт аралас-құраластықта жүргенім ойға орала береді.

2004 жылы көктемге салым проф. Асылан Жақсылықов хабарласып, Ұлттық кітапханаға Мұрат Әуезов бас директор болып келгенін, "Айт" дейтін танымдық журнал шығармақшы боп жатқанын, соған шығарушы редакторлыққа мені ұсынғанын айтты. Докторантураға шыққан кезім, жер басып, күн көру керек, бардым.

Зиялыға тән зипа бойлы, құлаққа жағымды қоңыр дауысты кісі екен.Өзі 3-класқа дейін қазақша оқыған, ал мен 3-ке дейін орысша оқығам. Сосын ол орыс мектебіне, мен қазақ мектебіне ауысқан екенбіз. Ол қазақшаны, мен орысшаны ұмытпағанбыз. Мақаттан екенімді естіп, еркін ой-пікірі үшін басына бұлт үйірілгенде Мақатқа кетіп, Сәтекеңнің -- Сәтімжан Санбаевтың әке-шешесінің үйін біржарым ай паналағанын есіне алды. Сонда жүріп күнделік жүргізе бастаған екен. Өзіміздің 2-ші қазақ ауыл ғо, неге білмейін, Гайдар мектебінде директор болған Хамза атамызды да, Жәнел апамызды да көргенбіз.

Сонымен, журналға кірістік.Қанатқақты(пилот) нөмір. Мұрекең мақтап-мақтап, жаныма бір қора культуролог қосып берген, бар болғырлар өз саласының мамандары, бірақ мұрындарына журналистиканың исі бармайды. Бірақ өздерінікін айтып тұрып алады. Әсіресе маған орынбасар бір қыз бала, атын ұмыттым, әлде Земфира, әлде Замира... Не керек, Мұрекеңнің алдына баруыма тура келді. Батыс қазағының қайбір "қыз жылатқандай" мінезі бар дейсің, бұра сөйлеуді білмейміз," Не мен, не Земфира( Замира)!" деймін.

Қарайм, ағамның беті аю соққан бұрындықтың жонарқасындай ақтеңбілденіп кетті. Менікі таза шантаж, әрине, кетсем журнал шығару ұзап кетеді. Ақыры, жүзі ақ білемденіп, танауы қусырылып отырып, таңдауды маған жасады. Жарықтық, сырт көзге тиыш зияли көрінгенімен, аласы ішінде кісі еді және күтпеген, батыл шешімдерге бара алатын.

Пилот нөмірге түрік масондары тақырыбында бір мақала бергем. Масонериямен мықтап ауырып жүрген кезім ғой. Мұрекең соны көріп, өзі сол тұста Қазақ телевизиясы арқылы жүргізіп жүрген "Времён связующая нить" хабарына шақырды. Қарсаңында кәбинетінде сөйлетіп, орысшамды тексеріп алды. Орысшаң чешендердің орысшасы сияқты екен, артық-ауыс сөз жоқ, деді. Хабар көрсетілгесін арада бірнеше күн өткенде оны Олжастың көргенін, екеуі мені әңгіме қылғандарын айтты. Осылай, бір-ақ ауыз сөзбен аңғартты бүкіл жағдайды, ғажабы сол, мен үшін осының өзі жеткілікті болды. Енді, тақырып әлемдік көмес "тас қалаушылар" жайында ғой...

Жазудан гөрі ауызекі сөзге машғұл болатын. Мақпал қоңыр үн, жағымды дикция, құнарлы да сауатты, дұрыс сөйлеу мәдениеті кез-келген еуропалық ортада оған абырой әпергендей еді. Десе де, жоғарыда келтіргенімдей, бірқатар нәрсені ашып айтпай, біржар сөзбен жұғынын ғана көрсететін. Бірде Баукең(Бауыржан Момышұлы)жайынан сөз қозғады. Бұдан насабнамасын сұраған, Мұрекең айтқан кезде " Жоқ, олай емес, сендер қожаға мына жағынан, ал біз ана жағынан келіп қосыламыз" деп, сол жерде қағазға сызып көрсетулі.

Мәссаған, біз ғой Баукеңді дулат, оның ішінде құли, тау-шілмембет деп жүрміз ғой. Сонда о кісі де, Мұрекең айтатындай, "сменившие оружие на Коран потомки воинов-миссионеров"болғаны ма?!

Мұрекең де мәшһүр әкесі сынды бозбала шағындағы арман-мұратын айнымай хасыл еткен. Ғұмырынша өмірлік даға-миссиясына адалдығын сақтады деп осындайда айтатын шығар. Сонда да болса шығармашылығы сөйлеу әдебі сықылды жетер жеріне жетпей кеткендей болады да тұрады. Қасаң да қатал Жүйенің кесірінен потенциалын толық аша алмаған. Соның өзінде де ол құрған "Жас тұлпар"ұлттық жастар қозғалысы ретінде сананы өпірем күшпен жаншыған идеологиялық прессингке қарамастан Алаш идеясын алға апаруымен тарихымызға алтын әріптермен жазылып қалады. Алаш идеясы перманентті, онда үзіліс, үзік болған емес, бұл -- Мұрекеңдердің де еңбегі. Таспа тілгенде тілініп түсетін тарамыс, қайыс өргенде үзіліп қалатын сыдырынды, ине ұшында кететін ұшақ жіп -- міне, бұл Мұрат Әуезов !

" Ушёл в смертельную командировку, где командировочные платят только гениям" (Михаил Светлов).

Бүгін ағамыздың жарық дүниеден жүз үйіргеніне қырық күн өтіпті-ау...

 

Мақсат Тәж-Мұрат

 

 

 

Пікірлер