Ел мектептерінде балаларға арналған кітап қоры -  40 миллион

2053
Adyrna.kz Telegram

Ұлттың бүгіні мен келешегі білімді ұрпақтың қолында.  Сауатты буын таяу болашақты басқарып, жаңа дәуірдің қағидаларын меңгеретіні аян. Ол үшін жастарымыз дарынды, көзінде оты ойнаған жалынды болуы шарт. Жігерлі жас, кемеңгер тұлға, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісі аса ауыр әрі жауапкершілікке толы іс. Бұл ретте әуелі білімге оның ішінде рухани жан азығын молайтуға ден қойған абзал.  Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. ...Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген еді.   Түйдек сөздің астарындағы түйін, ұрпаққа төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді насихаттап, қоғамдық сананы жаңғыртумен астасып жатыр.

Жоғарыда айтқан насихаттың негізгі кілті –білім. Ал, білімнің көзі- кітап. Сол себепті балалар үшін көркем әдебиет оқу үрдіске айналуы тиіс. Бұл сана биігіне жетелеп, сауатты буынды арттыратын тура жол.

Мемлекет басшысыда аталмыш мәселеге жіті назар аударғаны мәлім. Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда балалардың білімін жетілдіруге  басымдық беру қажеттігін баса айтты.

«Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ»,-деді Президент.

Айтылған ой орнықты, шынымен ғаламтор сананы торлаған заманда заңғар тұлғалы ұрпақты өсіру үшін көк жәшіктің ішіндегісін емес, архивтерде сақталған  құнды жазбаларды парақтап, сарабдал ойларды саралау әлде қайда тиімді.  Тек, жігер мен күш қажет. Өйткені, санаға сілкініс енгізу әсте, қиын!.

Сондықтанда, мемлекет басшысы «Балалар кітапханасы» атты бағдарламаны іске асыруға пәрмен берді.

«Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету.

Бағдарлама аясында қазақ әдебиетінің әр түрлі жанрларын қамтитын арнайы тізім жасақталды. Бұл іске жауапты тәулесзі қоғамдық комиссия  қырық пайызы классикалық әдебиет, 30 пайызы «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет» және қалған бөлігін әлемдік әдебиеттің үздік туындыларынан іріктеп, әзірлеген болатын.

Балалар әдебиетінің атасы бұл әрине, Бердікбек Соқпақбаев. Туғанына 100 жыл толған саңлақтың туындылары сан ұрпақты тәрбиеледі.  Бұл қатада Сайын Мұратбеков, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли сынды жазушылардың шығармалары ұрпақты көркем әдебиетпен сусындатты десек артық айтқандық емес.  Жаңа заманда балалар әдебиетінде қаламтартқандардың қатарында Кәдірбек Құныпияұлының есімі айрықша аталады. Аға буынның ізін басқандарға келер болсақ, бұл тізімді Есей Жеңісұлы («Мынау ғазиз дүние»), Сәуле Досжан («Біртуар», «Ауылдан шыққан миллионер»), Есболат Айдабосын («Қызыл сақа»), Бейбіт Сарыбай («Ақтабан»), Әлібек Байбол («Әріптер әлеміне саяхат»), Рүстем Сауытбай («Қиял әлемі»), Мейіржан Жылқыбай («Қырық бірінші өтіріктің соңы») сынды жазушылар толықтырады.

Олардың қаламынан шыққан туынды қазіргі кезде кітапқа жаны құмар оқырман үшін қолжетімді.  Онысы қуантарлықтай өйткені, мемлекет басшысы  балалардың кітапқа деген құмарлығын оятып, көркем шығарманы бойына сіңіру үшін жазбалар әркез қол жетімді болуы керектігін қадап айтқан еді.

Президенттің бұл пәрмені мүлтіксіз орындалып келеді.  «Балалр кітапханасы» жобасы негізінде іріктелген кітаптардың 76 пайызы отандық авторлардың шығармалары болса, 24 пайызы әлем әдебиетінің таңдаулы еңбектері. Отандық шығармалар қатарына  Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Бердібек Соқпақбаев сында қаламгерлердің шығармалары енді. Ал әлем әдебиетінің тізімінде Эрнест Хеменгуэй, Джек Лондон, Рабиндранат Тагор, Александр Островский, Вальтер Скот, Михаил Лермонтовтың еңбектері бар.

Ресми деректерге сүйенсек, ел мектептеріндегі балаларға арналған кітаптың қоры 40 миллионды құрайды. Мұның сыртында электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізілгені және бар.

Балалар әдебиетін мемлекеттік қолдау жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Оған дәлел, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, Қазақстанда 2021 жыл – «балалар әдебиеті жылы» және 2022 жыл – «Балалар жылы» деп аталды. 2021 жылы мемлекеттік бағдарламалардың аясында балаларға арналған әлем және қазақ әдебиетінің үлгілері аралас 100 кітап жарық көрді. Бұл бастама еліміздегі коммерциялық немесе мемлекеттік баспалардың да балалар әдебиетін дамытуға үлес қосуына әсер етті деп айтуға болады. Бұдан тыс ақын Байбота Қошым-Ноғайдың құрастыруымен 10 томдық «Балалар әдебиетінің антологиясы» шықты. Сонымен қатар, соңғы бір-екі жылда «Балалар поэзиясының антологиясы» және «Балалар әңгімелерінің антологиясы» және бірқатар қаламгерлердің жекелеген кітаптары басылып шықты. Мұндай игі бастамалар Қазақстандағы балалар әдебиетін дамытуға оң қадамдар жасала бастағанын көрсетеді. Қорыта келгенде, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі балалар әдебиеті әртүрлі мазмұн мен тақырыптарды қамтиды. Әдебиет те өнердің бір түрі болғандықтан, оқушы-оқырман өзі ұнатқан туындыларды таңдап оқуға еркі бар.

Ұлттық сананы тамырынан үзіп алмай, жаңа заманға сай етіп бейімдеудің басты тетіктерінің бірі – жас ұрпақты ұлттық әдебиетіміздің қайнар-көзімен сусындата білу. Бұл балалардың таным көкжиегін арттырып, ертегілер мен әңгімелерден пайдалы ақпарат, мол тәлім алуына септігін тигізері сөзсіз.

 

 

Пікірлер