Қарағанды облысында ТЖМ құтқарушысы Сымбат Ещанов қарлы боран кезінде көрсеткен ерлігі үшін “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Президент Жарлығымен Сымбат Ещанов қызметтік борышын адал орындап, қиын жағдайда батылдық танытқаны және адамдардың өмірін құтқарғаны үшін марапатқа ие болды. Ол Қарағанды облысы ТЖД Осакаров ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің №17 өрт сөндіру автокөлігінің жүргізуші-қызметкері болып қызмет етеді.
2025 жылдың 3 қаңтарында Алматы-Екатеринбург тас жолында Нұра-Қарағанды бағытында келе жатқан автобус қар құрсауында қалып қойған. Сымбат Ещанов пен оның әріптестері дереу көмекке барып, 30-дан астам жолаушыны, соның ішінде 5 баланы эвакуациялады. Қатты боран мен көрінбеушілікке қарамастан, Сымбат Ещанов өз көлігімен құтқарушыларға жол көрсетіп, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етті.
"Құтқарушылар оқиға орнына жеткеннен кейін жағдайды бағалап, 30-дан астам жолаушыны, оның ішінде 5 баланы эвакуациялауға кірісті. Алайда, ауа райының нашарлауына және жолдың көрінбеуіне байланысты Сымбат Ещанов құтқарушыларға жол көрсетіп, көліктің алдында жүріп қауіпсіз алып жүруді қамтамасыз етті”, – делінген хабарламада.