Атырау қаласының үш жасар тұрғыны Дінмұхаммед Жұмажан Мемлекет басшысының алғысына ие болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов бүлдіршін мен оның ата-анасымен кездесіп, ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Айбек Дәдебайдың Президент атынан жолдаған хатын табыстады.
Дінмұхаммедтің қаладағы Ораза айт мерекесінен кейінгі тазалық жұмыстарына белсене қатысқаны туралы видео әлеуметтік желіде кең тараған болатын. Бұл әрекеті арқылы ол көпшіліктің ықыласына бөленді.
Әкесі Ержан Хайрошевтің айтуынша, ұлының бұл әрекеті отбасында тазалық пен тәртіпке мән берудің нәтижесі. “Мен өз ұлымның елдің патриоты болып ер жеткенін қалаймын”, – дейді ол.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов Дінмұхаммедтің тәрбиесі мен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігіне ризашылығын білдіріп, оның әрекеті “Таза Қазақстан” бастамасының мәнін айқындайтынын атап өтті.
Кездесу барысында Дінмұхаммедке естелік сыйлықтар табысталып, ата-анасына алғыс айтылды.