Ұлттық мәдениетіміздің ерекше қырларын танытатын өнердің қайталанбас түрінің бірегейі – Қуыршақ театры. Оның тамыры терең тарихпен астасып, халықтың рухани байлығын сақтауға және дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Қуыршақ театрының ұлт руханиятындағы маңызы мен құндылығы тек өнер саласында ғана емес, сонымен қатар ұлттық сана-сезімді тәрбиелеуде де айрықша орын алатыны анық. Қазақ халқының мәдени мұрасында қуыршақ өнері көнеден келе жатқан дәстүрлермен тығыз байланысты. Ата-бабаларымыз бала ойыншықтары арқылы ертегі, аңыз, әпсана сынды рухани құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Бүгінде Қуыршақ театры осы дәстүрдің заманауи жалғасы ретінде ұлттық идеяларды, мәдениет пен тарихты жаңа буынға жеткізудің тиімді құралы болып табылады.
Республикамыздың Алматы қаласындағы тұңғыш қуыршақ театры алғаш ашылған күнінен бастап көрермендерді, әсіресе балаларды, рухани-адамгершілік құндылықтарға баулып келеді. Тамырлы тарихқа ие өнер ордасының қойылымдары көрермен санасына жақсылық пен жамандықтың айырмашылығы, достық, адалдық, әділдік, т.б. асыл қасиеттерді насихаттауды жүзеге асыруда. Қуыршақ кейіпкерлерінің бейнесі арқылы эстетикалық талғамды қалыптастыруда ерекше рөл атқаруда. Өйткені, баланың қиялы мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға қуыршақ театрының ықпалы зор.
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрына биыл 90 жыл толмақ. 1935 жылы 10 қазанда негізі қаланған өнер ошағы күні бүгінге дейін үздіксіз жұмыс жасап, ұлт руханиятының алтын арқауына айналып отыр. Торқалы тойды Халықаралық деңгейде атап өту жоспарлануда. 90 жылдықтың алдындағы 2024 жылғы Ұлу жылы – Қуыршақ театры ұжымы үшін шығармашылық ізденістерге толы, жаңа шыңдалу мен тың идеяларды жүзеге асырған, сондай-ақ қуанышқа кенелген ерекше кезеңдердің бірі болды. Осы маусымда сахна төріне шыққан премьералар кәсіби театр зерттеушілері мен БАҚ өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Театрдың дамуына шынайы жанашырлық танытып, оның өркендеуіне қажетті барлық жағдайды жасап отырған Алматы қаласының Мәдениет басқармасы, шығармашылық топтың еңбегі мен театр әкімшілігінің жаңашыл көзқарасы – Қуыршақ театрының жаңа бір биік белеске көтерілуінің негізін қалады.
Бүгінгі таңда Қуыршақ театры – тек балалардың ғана емес, ересектердің де қызығушылығын тудыратын өнер саласы. Қазіргі заман режиссерлері ұлттық тақырыптарды жаңаша қырынан ашып, заманауи технологияларды пайдалана отырып, қойылымдардың көркемдік сапасын арттыруда. Қуыршақ театрының интернационалдық деңгейде де жоғары бағалануы – оның тек ұлттық шеңбермен шектелмейтінін, жалпы адамзаттық құндылықтарды паш ететінін көрсетеді. Осы орайда, 2024 жылы театр ұжымы көрермен назарына белгілі боксшы Бекзат Саттархановтың рухына арналған «Чемпион» (реж. О. Ақжарқын-Сәрсенбек), әлем әдебиетінде әйгілі ертегі «Етік киген мысық» (реж. Б.Момынжанов), Грузия Мемлекетінің режиссері Николоз Сабашвили сахналаған Николай Гогольдің «Шекпен», Ханс Кристиан Андерсеннің «Қар ханшайымы» (реж. Г.Лайко) шығармаларымен толықты. Сондай-ақ, театрдың бойтұмарына айналған «Қуыршақ думан» қойылымы жаңаша бағытта «Жұлдызды қуыршақтар» атауымен қайта жанданды. Аталмыш қойылым тек балаларды ғана емес, ересектерді де қуанышқа бөлейтін қойылым. Оның басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің алуан түрлілігін таныту және ұлттық мәдени мұраны дәріптеу. Театр шеберлері дайындаған қуыршақтардың әрқайсысы ерекше техника мен ұлттық нақышқа ие. Жалпы, жыл бойында театр сахнасында 1390 спектакль қойылып, оны 92 000 көрермен тамашалады.
Театр үшін маңызды оқиғалардың бірі – Гүржістанның Батуми, Боржоми, Ахалцихе, Кутаиси, Тбилисиде қалаларында халықаралық гастрольдік сапары өтті. Гастроль аясында гүржістандықтар назарына театр репертуарындағы Шекспирдің «Макбет. Иллюзия» (реж. Д.Жұмабаева) қойылымы ұсынылып, зор қошеметке ие болды.
Әлемнің әр түкпірінде өтіп жатқан Қуыршақ театрларының фестивальдері түрлі мәдениеттердің шығармашылық жұмысын таныстыруға мүмкіндік береді. Қуыршақ театрының өзіндік ерекшеліктері, дәстүрлері мен жаңашылдықтары арқылы мәдениетаралық байланыс нығаяды. Бұл фестивальдер халықаралық деңгейде өнерпаздар мен көрермендер арасында мәдени диалогты қалыптастыратыны хақ. Бүгінде Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы жыл сайын жаңа идеялар мен инновациялық тәсілдерді меңгеру, жаһандық аренадағы қазақ қуыршақ өнерін кеңінен насихаттау мақсатында түрлі фестивальдерге қатысуды дәстүрге айналдырған. Ұлу жылы да 3 халықаралық фестивальге қатысып, республика мәдениетінің оң иммиджінің артуына ықпал ете отырып, жүлделі орындарға ие болды.
Өнер ордасы 2024 жылдың шілде айында Канаданың Оттава қаласында өткен I Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлары фестиваліне «Ромео мен Джульетта» (реж. Д.Жұмабаева) спектаклімен қатысып, «Гран-при» жүлдесін иеленді. Қыркүйек айында Беларусь Республикасының Гродно қаласында өткен Халықаралық «Лялкі над Неманом» қуыршақ өнері фестиваліне «Қаздар мен аққулар» (реж. А.Зайцев) қойылымымен қатысып, арнайы дипломға ие болды. Сонымен қатар, 23-27 қыркүйек күндері аралығында Гүржістаннның Батуми қаласында өткен ІІ Халықаралық «Батуми» қуыршақ театрлар фестиваліне «Шекпен» (реж. Н.Сабашвили) спектаклімен қатысып, «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды.
Қуыршақ театры – халықтың мәдени кодын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізетін маңызды құрал. Ол ұлттың өткенін, бүгінін және болашағын біріктіретін алтын арқау іспетті. Қойылымдардағы ұлттық нақыштар, дәстүрлі ән-күй мен аңыздар – барлығы ұлттық рухты нығайтып, көрерменнің бойында мақтаныш сезімін оятады. Осы тұста 2024 жылы кәсіби дамуға аса мән беріп, Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен театр қызметкерлері Канада, Ресей елдерінде Халықаралық біліктіліктерін арттырды.
2024 жылы Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының басты жетістіктерінің бірі – Алматы күніне орай қала әкімі Ерболат Досаевтың табыстауымен «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағын алуы болды.
Сондай-ақ қуыршақ өнеріне қосқан үлестері үшін театрдың 5 қызметкері мемлекеттік марапаттарға ие болды: «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен артистер мен мамандар Рауан Укарова, Мақсат Камалов, Қайрат Чужетов; «Құрмет» орденімен артист Сәбила Абуева марапатталды. Жарық қою маманы Қайрат Чужетов Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл – 2024» театр сыйлығының «Қойылымдағы үздік жарық қою» номинациясында жеңімпаз атанды.
Театр ордасы Халықаралық театр сыншылары қауымдастығының «Сыншылар жүлдесі – 2024» марапатын келесі номинациялар бойынша иеленді: «БАҚ-пен жұмыстағы жылдың үздік театры», «Жылдың үздік қуыршақ театры қойылымы» («Шекпен», реж. Н.Сабашвили), «Жылдың үздік қуыршақ театры әртісі» (Шохан Құлназаров).
Қуыршақ театры – әмбебап өнер түрі. Ол тіл мен ұлтқа тәуелсіз визуалдық және символдық әдістер арқылы түрлі халықтар мен мәдениеттер арасында өзара түсіністікті арттырады. Бірлескен жобаларда әр елдің дәстүрлері мен ерекшеліктерін қуыршақ өнері арқылы көрсетіп, мәдени алмасуға жағдай жасайды. 2024 жылы Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры Польшаның «BAJ» театрымен бірлесе шығармашылық жоба жүзеге асырып, актриса Арай Сақтағанова «Скрипкашы қыз» қойылымында басты рөлді сомдады. Мұндай халықаралық бірлескен жобалар қуыршақ театр өнерпаздарына жаңа әдістер мен технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Әртүрлі елдерден келген мамандардың тәжірибе алмасуы заманауи қойылымдар жасауға, сонымен қатар дәстүрлі техникаларды қайта жаңғыртуға жол ашады.
Қуыршақ өнері арқылы әлеуметтік мәселелерді қозғау, қоғамдағы құндылықтарды насихаттау және мәдениетаралық диалогты дамытуға болады. Телеарна бұл тақырыптарды барынша көп адамға жеткізудің ең тиімді платформаларының бірі болып табылатынын жақсы білеміз. Осы тұста өнер ұжымы республикалық «Балапан» телеарнасымен бірлесіп, театр артистері және қуыршақ кейіпкерлерінің қатысуымен «Қайырлы түн, балапан!» бағдарламасын дайындады. Қуыршақ өнерін республикалық телеарна арқылы насихаттау елдегі мәдениетке қызығушылықты арттырып, қуыршақ театрларына келушілер санын көбейтуге және еліміздің мәдени бренді ретінде танылуына ықпал етпек. «Балапан» телеарнасының қуыршақ театры өнерін қолдауы – оның әлеуетін халық арасында кеңінен танымал ету, мәдени құндылықтарды сақтау мен нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылатыны сөзсіз.
2024 жылдың қазан айы Алматы қаласының мәдени өмірі түрлі жарқын шаралармен ерекшеленді. Солардың бірегейі Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен II Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі өтті. Өнер мерекесі Республика күніне орайластырылды.
Екінші рет өткен фестивальге Қытай, Польша, Чехия, Гүржістан, Болгария, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстан сынды 11 мемлекеттен 15 театр қатысты. Фестиваль мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейте отырып, халықаралық шығармашылық қатынасты нығайту, көрерменді қуыршақ театры әлемінің заманауи шығармашылығымен таныстыру болды. Фестивальде әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының рухани құндылықтары артып, Алматы қаласының халықаралық деңгейде иммиджінің қалыптасуына үлес қосу сынды нәтижелер жүзеге асырылды.
Еске сала кететін жайт, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тікелей қолдауымен 2023 жылының желтоқсан, 2024 жылдың қаңтар айларының аралығында театр ғимараты қайта жөндеу жұмысынан өтті. Жөндеу жұмыстары нәтижесінде театр ғимараты толыққанды жаңартылып, көрермендер үшін тартымды әлі жайлы атмосфера қалыптасты. Дыбыс пен жарық, сахна қондырғылары жаңартылып, спектакль көрсетілімдерінің сапасы артты. Жөндеу жұмыстарының нәтижелі әрі театрға қадам басқан әр жанға жағымды жағдай сыйлау мақсатында Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры театр фойесін жаңарту жұмыстарын 2024 жылдың 1 қарашасында бастап, 2024 жылдың 30 қарашасында аяқтады. Қазіргі уақытта театр фойесі күрделі жөндеуден өтті.
Қуыршақ театрының маңызы – оның тек өнер туындысы ғана емес, халықтың рухани әлемін байытатын ерекше құндылық екендігінде. Қай кезеңде болмасын Қуыршақ театры ұлттық болмысымызды сақтап, ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі болып қала бермек. Ұлттық өнерімізді дамыту, оны жаңа белестерге көтеру және халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында Мемлекеттік қуыршақ театры әлі де көптеген маңызды жұмыстарды жүзеге асыратыны анық. Шығармашылық ізденісті тоқтатпай, жаңа бағыттарға батыл қадам жасап жүрген ұжымның өнер кеңістігінде жоғары жетістіктерге жететініне кәміл сенеміз. Кез келген жастағы көрерменге қуаныш пен ерекше әсер сыйлайтын осы өнер ордасына келіп, уақытты мәнді өткізіп, рухани байлыққа бөленуге шақырамыз.
Амангелді Алмат
Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры