Орыс тілі үшін туған дау. Ақтауда ата-аналар білім бөлімімен соттаспақ

412
Adyrna.kz Telegram
Фото: Lada.kz
Фото: Lada.kz

Ақтаудағы ата-аналар орыс тілінде оқытатын бастауыш сыныптардың ашылмауына байланысты алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Lada.kz-ке сілтеп.

Бала білімі үшін дабыл қаққан ата-аналар қалалық білім бөлімі №31 мектепте орыс тілінде оқытатын бастауыш сыныптар ашылады деп уәде бергенін айтады. Алайда мұндай сыныптар әлі ашылмаған.

Жаңа мектептің құрылысы кезінде оның қазақ және орыс тілдерінде оқытылатыны туралы ақпарат білім бөлімі мен оқу орнының Instagram парақшасында жарияланған. Ақтаудағы 17, 19 және 33 ықшамаудандардағы жаңа мектептерге оқуға түсу үшін құжаттарды қабылдау 6 қаңтарда басталған.

Өткен аптада ата-аналар білім бөлімі орыс тілінде оқытатын сыныптарды ашамыз деп уәде бергенін айтты. Орыс бөлімі болады деп күткен 200 бастауыш сынып оқушысының ата-анасы мектепке құжат тапсырмақ болғанда, мектеп құжаттарды қабылдамаған. Мектепте қабылдауға қатысты барлық сұрақтар қалалық білім басқармасында қаралып жатқаны туралы хабарлама ілінген.

“Бұл біздің балаларымыздың құқықтарының бұзылуы. Олардың қазақша оқитындардан қандай айырмашылығы бар? Олардың да осы шағын ауданда тұруға толық құқығы бар. Орыс тілінде оқытатын 1-7 сыныптар арасында ең болмағанда бір сыныптан ұйымдастырсын”, - дейді ата-аналар.

Қалалық білім басқармасы арнайы комиссия құрып, орыс тілінде оқытатын сыныптарды ашпау туралы шешім шығарғаны анықталды. Біріншіден, мұнда кадр тапшылығы бар. Екіншіден, мектепте орын жеткіліксіздігі себеп болған. Мектептің сыйымдылығы 900 орындық қана, ал балаларды мемлекеттік тілде оқуға қабылдауға 1500 өтініш түскен. Осыған байланысты шенеуніктер ата-аналарға көмек көрсете алмайтындарын жеткізді.

Ата-аналар құқықтарын сотта қорғауға дайын екендерін білдіріп, білім басқармасының басшылығына жүгінуді жоспарлап отыр.

Пікірлер