Тоқаев: Ақтауда құлаған ұшақтың қара жәшігін Бразилияға беру — тергеу үшін дұрыс шешім

444
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұзбатында Ақтаудағы ұшақ апаты туралы пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Президент Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректерді анықтау үшін Бразилияға беру тергеудің бейтараптығы үшін бірден-бір дұрыс шешім екенін айтты.

"Желтоқсанның соңғы күндері Ақтау қаласында Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 38 адам қаза болды, оның ішінде еліміздің 6 азаматы бар. Ауыр жарақат алғандар да көп. Мұндай сәтте әрбір секунд қымбат. Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық. Мен құтқару жұмыстарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жанашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды.  Ұшақ апатының себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын атап өткім келеді. Сонымен бірге 17 халықаралық сарапшы шақырылды. Оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының және Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары бар. Үкімет комиссиясы мәліметтің бәрі жазылған арнайы құрылғыны сол ұшақты жасаған Бразилия еліне жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам тергеу жұмыстарының объективті әрі бейтарап жүргізілуіне қажетті бірден-бір дұрыс шешім екеніне сенімдімін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің осыдан бір жыл бұрын да, 2024 жылы 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбаты жарияланған. Сонда Президент ішкі және сыртқы саясат, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, атом электр станцияларының құрылысы және басқа да өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарға жауап берген еді.

Пікірлер