18 жыл күткен үміт. Болгария мен Румыния Шенген аймағының толық мүшелері атанды

667
Adyrna.kz Telegram

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Болгария мен Румыния ресми түрде Шенген аймағының толыққанды мүшелері болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Euronews.com сайтына сілтеме жасап.

Енді бұл елдердің құрлық шекараларында тексерулер тоқтатылып, саяхатшылар мен көлік жүргізушілерінен құжат көрсету талап етілмейді.

Болгария премьер-министрі Димитар Главчев Грекиямен шекарада өткен салтанатты рәсімде бұл оқиғаны маңызды жетістік ретінде атап өтті.

«Бұл Шенген келісіміне қатысушы елдердің шекаралық полициясы, әскері және Frontex қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесі. Еуропалық Одақтың сыртқы шекараларын тиімдірек қорғай алатынымызға сенімдімін», – деді премьер-министр.

Болгария мен Румыния 2007 жылы Еуропалық Одаққа мүше болғанымен, Шенген аймағына кіру 18 жылға созылды. Бұл уақыт аралығында Еуропа елдері заңсыз миграция мәселесінен қауіптеніп, қос елді мүшелікке қабылдау шарттарын қатаңдатқан болатын.

Өткен жылдың наурыз айында Болгария мен Румыния әуежайлары мен теңіз порттарындағы бақылауларды алып тастаса, желтоқсан айында қалған шектеулер толықтай жойылды.

Пікірлер