Атышулы Чжан Сяо Қазақстаннан кетіп, Хань Чунлин келді

680
Adyrna.kz Telegram
Фото: Қытайдың Қазақстандағы елшілігі
Фото: Қытайдың Қазақстандағы елшілігі

30 желтоқсан күні Астанаға Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы жаңа Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чунлин келді. Бұл туралы Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпарат бойынша, Хань Чунлинді әуежайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері мен Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының қызметкерлері қарсы алды.

Елші өз кезегінде қазақстандықтарға ризашылығын білдірді. Ол сонымен қатар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 33 жыл толуына орай оны Қытай басшысы Си Цзиньпин ҚХР-дың ҚР дағы 12-ші Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындағанын құрмет тұтатынын атап өтті.

«Осыдан 33 жыл бұрын екі ел басшыларының стратегиялық басшылығымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бері Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасы үздіксіз серпінді дамуға қол жеткізді. Сондай-ақ тұрақты жан-жақты стратегиялық әріптестік тарихындағы ең жоғары деңгейге көтерілді», - деді Хань Чунлин.

Сонымен бірге Елші Қытайдың қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті төрағасы екенін, ал Қазақстан келесі жылы екінші «Қытай-Орталық Азия» саммитін өткізетінін тілге тиек етті. Чунлин осындай маңызды сәтте жауапты қызметке тағайындалу оған үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.

Ол екі мемлекет басшылары жүктеген міндеттерді адал атқаратынын, Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасының «жаңа алтын отыз жылдығын» құруға белсенді түрде ұмтылатынын баса айтты.

Айта кетейік, Хань Чунлин 1970 жылы дүниеге келген. Ол бұған дейін Қытай Халық Республикасының Румыниядағы Елшісі (2022 жылдың мамырынан 2024 жылдың желтоқсанына дейін) қызметін атқарған.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 2 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қытайдың Қазақстандағы өкілетті елшісі Чжан Сяоны қабылдады. Кездесу барысында Президент Чжан Сяоның қазақ-қытай достығын табысты дамытуға, мемлекетаралық байланыстарды тереңдетуге қосқан үлесін жоғары бағалап, II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Пікірлер