Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтен Ақтау маңында болған ұшақ апатына байланысты кешірім сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Мәліметтерде "кешірім сұрау" жайлы екінші кезекте айтылғаны келтірілген.
Ресей тарапының бастамасымен екі ел басшылары телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында Владимир Путин Ресей әуе кеңістігінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендерге тез сауығып кетуін тіледі.
Ресей СІМ мәлімдемесінде Баку-Грозный бағытындағы Әзербайжан ұшағы Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшырағанға дейін бірнеше рет Грозный әуежайына қонуға тырысқаны айтылды. Сол уақытта Грозный, Моздок және Владикавказ қалаларына украиналық дрондар шабуыл жасаған. Ресей әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарды тойтару барысында жұмыс істеген.
Ресей Тергеу комитеті оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 263-бабына сәйкес («Әуе көлігінің қозғалысы және оны пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу») қылмыстық іс қозғады. Азербайжан прокуратурасының екі қызметкері Грозныйда ресейлік прокуратура және тергеу органдарымен бірге жұмыс істеуде.
Алғашқы деректерге сәйкес, апаттың себебі ретінде құс ұшақ қозғалтқышына кіріп кетуі мүмкін деген болжам айтылған. Бұл деректі Ресей азаматтық авиация өкілі Артем Кореняко растаған.
Алайда, 26 желтоқсанда Euronews телеарнасы апатқа ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің «Панцирь-С» зымыраны себеп болғаны туралы хабарлады.
28 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау маңындағы ұшақ апатына байланысты жедел кеңес өткізді. Президент оқиғаның барлық аспектілерін мұқият тексеруді тапсырды.
Еске сала кетейік, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бірнеше күн бұрын әуе апатының себептері мен зақымдану сипаты белгісіз екенін айтты. Ол өз сөзінде кейбір адамдар осы жағдайды өз мүддесіне пайдалануға тырысып жатқанын атап өткен болатын.
"Бұл - алыпқашпа әңгімелер, дәлелсіз мәлімдемелер. Мұндай баға беруді қазір тарату дұрыс емес әрі этикаға жатпайды деп ойлаймын. Бұл, ең алдымен, кейбір адамдардың осы жағдайдан өзіне пайда түсіргісі келетінін, хайп жасап, қаралым жинап, басқа да өз мүддесін көздейтінін көрсетеді, – деген ол.
Әзербайжан парламентінің депутаты Расим Мұсабеков бұл жағдайға байланысты Ресейдің кешірім сұрауы тиіс екенін мәлімдеген болатын.
Ақтау маңындағы ұшақ апатына байланысты ресейлік Росавиация басшысы Дмитрий Ядров бірер күн бұрын барлық мән-жайын мұқият тексеру қажеттігін айтып, шабуылды мойындаған еді.
Еске салайық, 2020 жылдың 8 қаңтарында Тегеран әуежайынан ұшып шыққан украиналық PS752 рейсі Иран әскерилерінің екі зымыранымен атып түсірілді. Борттағы 176 адам түгел қаза тапты. Иран билігі бірнеше күннен кейін бұл оқиғаны "адам факторы" деп түсіндіріп, қателікті мойындап, кешірім сұрады.
Иранның сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зариф апаттан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Бұл халықаралық қоғамдастықтың сындарына қарамастан, өз кінәсін мойындаудың айқын мысалы болды.
Ал 2014 жылдың 17 шілдесінде Malaysia Airlines әуе компаниясының МН17 рейсі Украинаның шығысында апатқа ұшырады. Тергеулер нәтижесінде ұшақты ресейлік «Бук» зымыран жүйесімен атып түсіргені анықталды. Зымыран Ресейдің қарулы күштеріне тиесілі болған және апат күнінде Украинаға жеткізілген.
Бортта болған 298 адамның барлығы, оның ішінде 80 бала мен 15 экипаж мүшесі, қайтыс болды. Халықаралық тергеу тобы (JIT) Ресейдің жауапкершілігін атап көрсетті. Бірақ Ресей тарапы бұл айыптарды жоққа шығарып, оқиғаға Украинаны кінәлаған болатын.