Қазақстанда жаңа 2000 теңгелік банкнот айналымға енгізіледі

232
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Ұлттық банкі 2024 жылдың 25 желтоқсанынан бастап жаңа дизайндағы 2000 теңгелік банкноттарды айналымға шығарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ұлттық банктің мәліметінше, бұл – «Сақ стилі» сериясындағы үшінші банкнот.

«Ол дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастауына айналған «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпелі мәдениеттен қазіргі заманғы Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді», – деп атап өтті Ұлттық банк.

Аталған банкноттар жаппай айналымға 2025 жылдың екінші тоқсанында түседі. Себебі оларды елдің барлық өңірлеріне жеткізу және банкоматтар, терминалдар, кассалық техникаға бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.

«Жаңа дизайндағы 2000 теңгелік банкноттар 2024 жылдың 25 желтоқсанынан бастап айналымға енгізіліп, 18 ай ішінде 2012 жылғы үлгідегі банкноттарды (ескі үлгідегі банкноттар) біртіндеп ауыстырады. Осылайша, ескі үлгідегі банкноттар 1,5 жыл бойы біртіндеп айналымнан алынатын болады. Бұл кезеңде тұрғындарға ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейлі банктерде немесе Ұлттық банктің филиалдарында жаңасына өздігінен ауыстырудың қажеті жоқ», – деп түсіндірді банк өкілдері.

Ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың параллельді айналымы 2024 жылдың 25 желтоқсанынан 2026 жылдың 24 маусымына дейін жалғасады.

Параллельді айналым кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылдың 25 маусымынан бастап, барлық банктер мен Қазпошта ескі үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға үш жыл ішінде – 2029 жылдың 25 маусымына дейін ауыстырады.

Ұлттық банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды мерзімсіз қабылдайды.

Қолданыстағы заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады, деп еске салды Ұлттық банк.

 

 

Пікірлер