Ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі себеп болуы мүмкін деген болжам айтылды

362
Adyrna.kz Telegram
Фото: Видеодан скрин
Фото: Видеодан скрин

Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан "Azerbaijan Airlines" компаниясына тиесілі Embraer ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Бұл оқиғаға қатысты Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің ықтимал рөлі туралы болжамдар айтылуда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ресейлік телеграм арналарында тараған мәліметтерге сәйкес, ұшақтағы шұрық-тесік тесіктер әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жұмысынан пайда болуы мүмкін. Аталған жүйе Шешенстан мен Владикавказға ұшқышсыз ұшақтармен жасалған шабуылдан кейін іске қосылған. Әскери сарапшы Ян Матвеевтің айтуынша, ұшақ апатқа ұшыраған кезде 9 км биіктікте ұшқан, ал мұндай қашықтықта “Панцирь-С1” жүйесі әрекет ете алады.

Апаттан аман қалған жолаушы Рахимов RT арнасына берген сұхбатында, ұшқыштардың Грозныйға үш рет қондырмақ болғанын, үшінші талпыныс кезінде ұшақ сыртынан жарылыстың даусы естілгенін айтты.

Қазір апаттың себептері "жол қозғалысы немесе әуе көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу" бабымен тексерілуде. Ұшақтың қара жәшігі табылып, тергеуге қосымша айғақ ретінде алынды.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәлімдеуінше, ұшақпен байланыс сағат 11:28-де үзілген. Ал сағат 11:30-да ұшақ апатқа ұшыраған.

Апатқа қатысты Ақтауда өткен брифингте комиссия жетекшісі Қанат Бозымбаев нақты қорытындының тек мамандар зерттеуінен кейін жарияланатынын айтты.

"Қазір бұл оқиғаның себебін анықтау қиын. Мамандар тергеу жүргізіп жатыр, сондықтан болжамдар айтуға ерте. Барлығы анықталғаннан кейін хабарлаймыз," – деді вице-премьер.

Түпқараған ауданында төтенше жағдай жарияланды. Апатқа қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Пікірлер