Қазақстан азаматтарының жартысынан көбі бірыңғай уақыт белдеуіне өтуді қолдамайды

153
Adyrna.kz Telegram
фото: Kyzylorda News
фото: Kyzylorda News

Demoscope қоғамдық пікірді жедел мониторингі бюросы жүргізген сауалнама нәтижесінде Қазақстан азаматтарының 53,1%-ы елдің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуін қолдамағаны анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

2024 жылдың 27 қарашасы мен 11 желтоқсан аралығында жүргізілген сауалнамада азаматтардың осы реформаға қатысты пікірі мен 2024 жылғы басты оқиғаларға баға беруі зерттелген. Сауалнама нәтижесі бойынша, бірыңғай уақыт белдеуін қолдайтындар 22,1%-ды құраса, 15,5%-ы бейтарап ұстанымда, ал 7,4%-ы бұл өзгеріс жайлы білмейтіндерін айтқан.

Респонденттердің реформаға қатысты көзқарасы олардың тұратын аймағына байланысты өзгерген. Шығыс және орталық аймақтарда – Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау облыстарында – тұрғындардың басым көпшілігі (74,6%) бірыңғай уақыт белдеуіне қарсылық білдірген. Алматыда – 68,4%, Астанада – 55,7%, ал оңтүстік аймақтарда (Шымкент, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары) 47,8% бұл шешімге қарсы болған. Солтүстік аймақтарда (Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) қарсы пікір білдіргендер үлесі 45,3%-ды құрады.

Тек батыс өңірлерде (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары) реформаны қолдайтындардың үлесі аздап басым болған – 31,8% қолдап, 30,6% қарсы шыққан.

Азаматтардың ең үлкен алаңдаушылығы төмен табыс деңгейі (37,6%), азық-түлік бағасының өсуі (28,3%) және сыбайлас жемқорлық (26,8%) мәселелеріне бағытталған. Одан бөлек, су тасқыны, жер сілкінісі мәселелері тағы бар.

Demoscope зерттеуі қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік мәселелерге қатысты сын көзқарасының өскенін көрсетті.

Пікірлер