Тәуелсіздік күні. 1991 жылғы тарихи шешім қалай қабылданды? Елдің бас басылымы «Егеменді Қазақстан» газетінде бұл оқиғаның қалай көрініс тапқанына шолу жасап көрдік.
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды күшіне енгізді. Заң 1990 жылдың 25 қазанында қабылдаған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қағидалары негізінде әзірленді.
ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕС ЖАРИЯЛАДЫ
«Егеменді Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 14 желтоқсандағы санында «Қазақстан тәуелсіз мемлекет болады» деген хабар жарияланған. Мұнда Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында қарау үшін әзірленген жоба туралы айтылады. Яғни, Қазақстанның дербес мемлекет ретінде тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялайтынын ақиқат деп жазады.
Дәл осы күні өткен Жоғарғы Кеңестің сессиясында депутаттар алдымен салық жүйесін жетілдіруге арналған заң жобаларын талдады. Содан кейін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының жобасын талқылауға кіріскен. Сессия барысында тарихи құжаттың дер кезінде қабылданып жатқаны айтылған. Бұл Заң жобасына көптеген депутат өз көзқарасын білдіргісі келетіндігі ескеріліп, оны ары қарай талдау 16 желтоқсанға қалдырылған.
Нәтижесінде Заң жобасын пысықтау үшін редакциялық комиссия құрылып, жұмысқа кірісті. Содан кейін депуттаттар статьяларға дауыс беріп, Заң тұтастай қабылданды. Осылайша 16 желтоқсан күні Жоғары Кеңес салтанатты түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.
РЕФЕРЕНДУМ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ ЖОЛ?
«Егеменді Қазақстан» газетінің сол кездегі парламенттегі тілшісі, кейіннен оппозицияға шыққан Рысбек Сәрсенбайұлының «Тәуелсіз ел болдық» атты мақаласында екі күнге созылған сессиядағы депуттаттардың талқылауы жазылған. Мәселен, депутат Сұлтан Сартаевтың Кеңес одағының күйреп жатқанын айтып, тәуелсіздік алар сәттің келгенін айтқан баяндамасына В. Чернышевтің қарсы сұрақ қойғаны айтылады. Ол өз сөзінде «Кімнен және неден тәуелсіз болмақпыз? Жетпіс жыл бойы желкелеп сөгіп жүрген ресейлік империяның үлгісі бойынша қазақ империясын құруға әрекеттеніп жүрген жоқпыз ба?» дейді.
Оған С. Сартаев жауап ретінде одақта өз тәуелсіздігін жарияламаған тек біздің республиканың ғана қалғанын айтып, жариялар сәттің жеткенін түсіндіреді.
Сондай-ақ, бұл мақалада А. Княгининің «Республика президенті Қазақстанда қазақ болуы керек» деген сөзіне А. Козловтың мұндай ұсынысты азаматтық теңдікке қол сұққандық дегені де жазылған.
Бұдан бөлек Козлов тәуелсіздікті қабылдау қажеттігін айтқанымен, оның салмағын арттыру үшін референдум өткізуге ұсыныс білдірген. Егер шешім референдум арқылы қабылданар болса, уақыты созылып кететіні анық еді.
«ОНЫ ҚАШАН ЖАРИЯЛАПТЫ?»
Депутат Сухов та «парламенттің тағдырын шешер күрделі мәселені тезедетуге неге құмар? Ертең 17 миллион адам, оның бақандай тең жартысы орыс тілді халық, жат мемлекетте қалып қоймай ма?!» деген үрейін жеткізді. Бірақ оған да байыппен, әділетті жауабын айтатындар табылды.
Ал, депутат Т. Жаворонкова заң жобасындағы 17-бабтағы «өзінің қарулы күштерін «құру құқығы» жазылған тұсына, оның тек қорғаныс мақсатына пайдаланылатындығын атап көрсетсек» деген ұсыныс жасаған. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін мемлекеттік тіл деп бекітуді дұрыс санайтынын айтқан. Депутаттардың көпшілігі орыс тіліне мемлекеттік мәртебе берілгенін қолдады.
Әр бапты жекелей талқылаған депутаттар арасында шет жақтағы қазақтарға қос азаматтық беру жөніндегі жобаға да шүйліккендер болған. Оларға Шерхан Мұртаза «Қазақстаннан кеткендер зорлық-зомбылықтан аштықтан, тепкі көргеннен кетті. Олардың өз ата-мекеніндегі мемлекеттің азаматы болуға хақысы бар! Оларға шекараны ашу, қос азаматтықты беру керек» деп жауап берген. Мақалада бұдан бөлек, Ө.Жәнібековтың, Е. Асанбаевтың, Ж. Әбділдин, Ә. Кекілбаев сияқты депуттарың кейбір заңдарға қатысты айтқан пікірлеріне шолу жасалған. Сондай-ақ, Заңға 270 депутаттың қолдау көрсеткені, 12 депутаттың қарсы шыққаны да жазылған.
18 желтоқсан күнгі «Егемен Қазақстанда» Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митингте сөйлеген президент Н. Назарбаевтың сөзін және мемлекеттің Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңын жариялаған. Желтоқсан оқиғасы кезіндегі позициясы күманды болған Назарбаев алдымен жалғыз өзі қатысқан сайлау өткізіп, Тәуелсіздік жарияланған күннің ертесінде осы оқиғаның бес жылдығына арналған митингіге қатысуға мәжбүр болады. Сол жиында ол 17 желтоқсанды Демократиялық жаңғыру күні деп жариялағанын мәлімдейді.
«Егеменді Қазақстан» газетінің кейіннен оппозицияға шыққан тілшісі, қазіргі депутат Ермұрат Бапидің «Тәуелсіздік алдық, ендігі тындырар іс қайсы» атты Алматының аэропорты мен көкбазарында жүргізген қысқаша сауалнамасы басылған. Мұндағы кейіпкерлердің бірі саудагер болса, енді бірі – тепловоз машинисі. Олардың арасында тәуелсіздікті қолдағандар да, «бұған дейін бұғаудағы ел ме еді?» деп пікір білдіргендер де, «оны қашан жариялапты» деп бейхабарлық танытқандар да бар.
Мерей Мырзағалиқызы
«Адырна» ұлттық порталы