«Бұл өлім суицид емес». Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасы туралы не белгілі?

1856
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжалдан мерт болған Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев та өлі табылды. Кәмелетке толмаған баласынан айырылған әулетте 2 ай 6 күннен соң тағы бір өлім орын алды. Adyrna тілшілері Талғар маңындағы оқиға болған ауылға барып, мән-жайды біліп қайтты.

Желтоқсанның 9-ында Нұрғанаттың өлімі туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлап, оқиғаны «суицид» деп тіркегендерін айтқан.

«ӨТЕ АУЫР СОҚҚЫ»

Ауыл маңына кіре бергенде бірнеше полиция көліктері байқалды. Ауылда жеңіл көліктер қарасы әдеттегіден көп болды. Полицейлер Қаржаубайдың қара шаңырағына барам деген көлікті өткізбей тұрды.

Үй-іші сұхбат беруден бас тартты. Тек Шерзат Полаттың қазасы кезінде БАҚ-қа сұхбат берген Бақыт Реймова: «Ешкім интервью бермейді. Бірақ бұл өлім суицид емес», - деп пікір білдірді. Бақыт – Шерзаттың әкесі Қаржаубайдың қарындасы. Ал Нұрғанат – Қаржаубайға – іні, Шерзатқа немере аға болады.

Марқұмның көршілері қазалы үйге түнгі 12-де барғандарын, іздеу жұмыстарына ат салысқандарын айтты. Алайда олар да көп ашылмады. Кей көршілері журналистерге сұхбат беруден бас тартып, камераға түсірмеуді сұрады.

Қайғылы оқиға болған күні таңертең Азат ауылында қаралы әулетке жәрдемдесіп жүрген Айтбек Амангелді мен Шерзат Полаттың өлімі бойынша іс қозғаған адвокаттар ғана тілшілерге аза да болса сұхбат берген.

- Қазір оларды мазаламау керек. Бұл олардың моральдық жағдайы үшін өте ауыр соққы болды. Қатарынан екі үлкен, ауыр қайғыға тап болу оңай емес. Біз бүгін таңертең Шерзаттың ағасы Нұрғанаттың қайтыс болғанын естідік. Нұрғанаттың да, Шарзаттың да отбасылары бастапқы 40 күнде тергеумен өте тығыз айналысты. Пышақ жарақатынан кейін Нұрғанат тұрақты түрде тексерулер мен емдеулерге барып жүрді, ал психологтармен жұмыс тек 40 күннен кейін басталды. Психологиялық жағдайы таңқаларлық жақсы болды, оның жоспарлары бар еді. Ол осы ауданда ет сатуды қайта бастады, табыс тапты. Дегенмен, жақын адамын жоғалтқандықтан, жүрегінде ауыр дерт қалды. Ол тек ағасының ұлы емес, сонымен бірге өзінің туған ұлы секілді ең жақын адамын жоғалтты, – деді Айтбек Амангелді.

Марқұмның өлі денесі ауыл маңындағы Шерзат жерленген бейіт айналасынан табылған. БАҚ-та полиция мәліметіне сүйеніп, Нұрғанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған деген хабар тарады. Ол түнгі 23:30-да үйінен шығып, түнгі 12-ден аса жақындарына «қоштасу сөздерін» жаза бастаған. Алайда оның денесі тауып, қараған азаматтар ешқандай жіп не мойнында өзге іздердің болмағанын айтады.

«ЖҮРЕКТЕН КЕТТІ МЕ, КІМ БІЛСІН...»

Марқұмның туған ағасы Қаржаубайдың достарынан пікір алып, үй ішіндегі ахуал туралы сұрадық.

«Жедел жәрдемнен өлі денені мен түсірдім. Имамды шақырып, денені тексерттік. Денеде ешқандай із болған жоқ. Имам марқұм суицид жасаса жаназасын шығарудан бас тартуы да мүмкін. Сол себепті біз тексеріп алыңыз дедік. Денені тексеруге жібергенде кескен, кейін жіппен тіккен. Соның ғана ізі бар. Бұл – халықтың ойын бұзу ғой. Ол мүмкін, інісінің өліміне өзін кінәлап, 2 айдан бері жүрді. Мүмкін солай жүректен кетті ме, кім білсін...» - дейді Қаржаубайдың достарының бірі.

Желтоқсанның 9-ында Нұрғаннаттың өлімі жайында полиция мәліметінен белгілі болды.

"Талғар қаласы маңынан 30 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өзіне қол жұмсаған. Марқұм биыл 4 қазанда қаза болған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды", – деп хабарлаған полиция. Полиция бұған қоса, тергеуге қатысты құжат – марқұмның телефондағы «соңғы жазбалары» болуы мүмкін хабарламаларды да жедел таратып үлгерді.  

Ертең, 10 желтоқсан күні Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасы Талғар маңындағы үйінен түскі 14:00-де шығарылмақ.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер