Ақтауда әкімдік алдында өзін өртеген адамның жағдайы белгілі болды

905
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстау әкімдігінің алдында өз-өзін өртеп жіберген ер адамның жағдайы белгілі болды. Дәрігерлер науқастың жағдайы ауыр екенін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Аурухананың баспасөз қызметі 6 желтоқсан күні таңертең ер адамның жағдайы ауыр екенін айтты.

Lada басылымының мәліметінше, науқас механикалық желдету аппаратына қосылған, дәрі-дәрмекпен седацияланған және гемодинамика дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.

Дәрігерлер Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының реаниматологымен және комбустиологпен кеңесуді жоспарлап отыр.  

Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев жәбірленуші жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның сөзінше, ер адам Samruk Business Academy компаниясында ОКК компаниясының "Токмак" тұзсыздандыру зауытын салу жобасында жұмыс істеген. Жұмыс мерзімі уақытша болған. Келісімшарт бір жылға ғана жасалған. Жоба аяқталғаннан кейін ер адам штатқа қабылданбаған, соған наразылығын білдірген.

Бұрынғы жұмысшы өзінің қиын қаржылық жағдайы мен несиелері барын айтып, тұрақты жұмысқа орналасуды талап еткен. Облыс әкімдігі оған "Каспий" тұщыландыру зауытында және басқа да ұйымдарда бос жұмыс орындарын ұсынған.

Ер адам ұсынылған бос орындарға наразы болып, ОКК-да жұмысқа орналасу мәселесін шешу үшін облыс әкімімен кездесуді талап ете бастаған. Әйтпесе ол өзін өртеп жіберемін деп қорқытқан дейді Сәрсенбаев.

Айта кетсек, ер адам 5 желтоқсанда Маңғыстау облыстық әкімдігіне барып, өңір басшысының жеке қабылдауына кіргізуді сұраған.

Әкімдік қызметкерлері оған тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау жүргізіліп жатпағанын, бекітілген графикке сәйкес жазылып келуін өтінген. Содан соң оны Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қабылдаған. Алайда оған қанағаттанбаған азамат үстіне жанармай құйып, өзін өртеп жіберген еді.

Полиция мен әкімдік қызметкерлерінің көмегімен өрт сөндіріліп, зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді.

Пікірлер